» » Ел көкейіндегі сауалдарға жауап

Ел көкейіндегі сауалдарға жауап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сенбіде inform­buro.kz сайтына сұхбат берді. Әңгіме барысында еліміздегі өзекті мәселелер қамтылды. Атап айтсақ, Президент ұлттық бірегейлік, бейбіт жиындар, қазақ тілінің келешегі туралы ой қозғады. Осы орайда, оқырманға Мемлекет басшысының сұхбатын ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде ақпараттық кеңістікте орын алып жат­қан жайттарды үнемі тыңғылықты бақы­лайтынын мәлімдеді. Мем­ле­кет бас­шысының сөзіне қарағанда, қо­ғамды тол­­ғандырған сұрақтарға қатысты өз ұс­таны­мын түсіндіруді қажет деп шешкен.
Өз сұхбатында Президент Жамбыл облы­сына жұмыс сапарымен баратынын, Қордай ауданының қазақтар мен­ дүн­гендер тұратын ауыл­дарының тұр­­ғындарымен кездесуді жос­парлап отырғанын айта келіп: «Біз ұлтара­лық, эт­нос­аралық қарым-қатынас мәсе­ле­сін­дегі амал­дарымызды қайта ой еле­гінен өткізуге тиісті еке­німіз сөзсіз. Қазақ­стан достық пен келісім аумағы бол­ды және болып та қала береді. Біздің ұра­ны­мыз – әр алуандықтағы бірлік», деді.
Президент еліміздегі этносаралық келісім түсінігін қайта қарап, Қазақстан аумағын ме­кен­деген бүкіл этнос өкілдері бір тудың астына жиылуының өзектілігін түсіндірді.
«Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп ­біледі. Өйткені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әри­не, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан кел­тіру жайын­да сөз де болмауы тиіс. Олар­дың барлы­ғы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрып­та­рын сақтауға құқылары бар және солай болып қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Қазақ тілі бола­шақта шын мәніндегі ұлтаралық бай­ланыс тіліне айналуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда елде бейбіт жиын­дарға қатысты заң жобасы жан-жақты тал­қы­ланып жат­қаны белгілі. Пре­зиденттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл бастама сарапшылар тарапынан жо­ғары бағаланды. Әйтсе де заң жобасын тыңғылықты зерделеген заңгерлер кей­бір ережелерді сынға алды. Қ.Тоқаев осыған бай­ланысты өз ұстанымын білдірді.
«Бейбіт жиындар өткізу азамат­тары­мыздың Конституциямен кепілдік беріл­ген құқығы және жергілікті билік бөл­ген, бұған қоса қаладан тыс­қары емес жерлерде өткізе алады. Консти­ту­­ция­лық құрылымды бұзуға бағыт­тал­ған кез келген ұмтылыс, сонымен қатар экс­тре­мистік зорлық-зомбы­лық көрініс­тері заңнамаға сәйкес тоқта­ты­ла­ды. Бұл ел азаматтарының ба­­сым бөлігінің мүддесі үшін жасала­ды. ­Бұ­ған қоса, бейбіт жиындарды өткі­зу­дің тек хабар­лан­дыру тәртібін енгізу түбе­гейлі ма­ңызды деп санаймын», деді Президент.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында бейбіт жиындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін митингке қатысу­шы­лардың жоспарланып отырған санын хабарлауы қажеттігін жеткізді. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша маңызды. Сол арқы­лы ұйым­дас­ты­рушылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәр­тіпті сақтауға жауап­кершілік алмақ. Алай­да заң жобасындағы бейбіт жиындарға қаты­сушы­лардың санын 250 адам деп шектеу енгізуді жөнсіз деп санайтынына екпін берді.
Кейінгі кезде қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тақырып – белсенді Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қаза табуы. Бұған қатысты бірқатар өңірде нара­зы­лық акциясы өткен-ді. Қ.Тоқаев аталған мәсе­леден хабар­дар екенін, еліміздің әр аза­маты ұстанған көз­қарасына қарамас­тан құқығы қор­ғалатынын атап көрсетті.
«Қоғамдық үлкен резонансқа байланысты бұл іспен тыңғылықты танысып шықтым. Өкінішке қарай белсенді Ағаділ жүрек дерті салдарынан қайтыс болғанын нық сеніммен қуаттай аламын. Басқаша сендіруге тырысу – демек шындыққа қарсы шығу. Қаза тапқан азамат кім болса да, қандай көз­қарасты ұстанса да ол ең алдымен адам. Адам өмірі бірегей әрі баға жет­пейді. Бәріміз де Алла тағаланың жаз­мышына мойынсұнамыз. Иманды болсын», деді Президент.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев сұхбатында Мұхтар Жәкішевке қатысты да пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл мә­се­­ленің сот құзыретіне кіретініне тоқ­талып, М.Жәкішевтің денсаулығына бай­ланысты шартты түрде мерзімінен бұрын бо­сату туралы бірнеше рет жүгінгенінен ха­бар­дар екенін атап өтті. 3 наурызда бірінші инстан­ция­дағы сот отырысы өтеді. Қ.Тоқаев сот шешімі әділ болатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, Президент қазіргі таң­да әлемді дүр сілкінткен корона­ви­русқа қатысты да пікір білдірді. Мем­­лекет басшысының сөзіне қара­ған­да, жағдай­ды бақылауда ұстауға күш салынып жатыр. Алайда еш­кім, тіпті дамыған мемлекеттер де вирус­­тың енуіне қарсы қорғанысқа толық кепіл­дік бере алмайды. Осыны еске сал­ған Қ.Тоқаев дер уақытында қабыл­дан­ған шаралар оң нәтижесін беріп отырғанын жеткізді.
«Үкіметке азаматтардың денсау­лығын қорғау үшін ең батыл, жан-жақты шаралар қабылдау тапсырыл­ды. Коронавирус әлем бойынша өте жоғары жылдамдықпен таралып жатыр. Мұны да ескеру қажет. Егер тен­ден­ция осы қалпында қалса, онда көп адам қатысатын шараларды, оның ішінде халықаралық форумдар­ды басқа уақытқа ауыстыруға немесе бас тартуға тура келеді. Тарих індет­тің билік пен азаматтардың батыл әре­кеттерінен «қауіптенетінін» көрсетіп отыр. Орта ғасырда оба өзіне адамдар қарсы тұр­ғаннан кейін қалалардан кейін ше­гінді. Ал ол кезде тиісті дәрі-дәрмек те бол­маған еді. Меніңше, адамзат білімімен және технологиясымен осынау пәледен қорғана алады», деді Президент.
Естеріңізде болса, өткен айда ЕАЭО елдерінен әкелінген автомашина­ларды тіркеу мәселесі туындаған еді. Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында осыны шешуге қатысты бір­қа­тар тапсырма берді. Әлі күнге өзекті­лігін жоймаған проблемаға тоқ­тал­ған Мемлекет басшысы Ар­ме­ния­дан әкелінген автомашина­ларды пайдаланудың тетіктері қарас­ты­рылатынын айтты.
«Менің тапсырмаммен Бас прокуратура осы ахуалға құқықтық баға­лау жүргізді. Бірқатар мемлекеттік құрылымның қызметіне наразылық бар. Бұған қоса, жекелеген тұл­ғалар заңнаманы бұза отырып және адам­дар­ды алдап, заңсыз бизнес құрып алған. Армениядан машина әкелу бары­­сындағы алаяқтық әрекет факті­лері бо­йын­ша тергеу жүргізі­ліп жатыр. ЕАЭО бойынша кейбір серік­тес­терімізбен де өзара іс-қи­мылда бірқа­тар мәселе бар. Біз олармен бірге ал­дағы уақытта мұндай проб­ле­малар­дың қай­талануына жол бер­меу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкіметке қазақстандық көлік ие­лері­нің мүдделерін ескере отырып, Ар­ме­­ниядан әкелінген автомашиналарды пай­далануды ретке келтіру бойын­ша қо­сымша ұйым­дастырушылық шараларды әзірлеу тап­сы­рылды», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қо­ғам­­дық сенім кеңесінің қызметіне баға беріп, кеңестің мемлекеттік жү­йені реформалау бойынша пайдалы ұсы­ныстарды түрлендіруге үлес қос­­қанын атап көрсетті.
«Саяси реформалардың бірінші топта­ма­сының заң шығармашылық процесі бас­талып кетті. Экономикалық салада ауқымды іс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің қаты­суымен реформалардың келесі топтамасы әзірленеді. Мемлекеттік қызмет­шілерді жұ­мыл­дыру арқылы қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Кеңеске мемлекетіміздің құрылысына өз үлесін қосуды қалайтын жаңа адамдар кіргісі келеді. Олар – танымал заңгерлер мен белсенділер. Сондықтан таяу уақытта мен бұған дейін хабарлаған ауыс-түйіс жария етіледі», деді Президент.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы сұхбаты арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын, елдің мүддесі әрдайым жоғары тұратынын тағы бір аңғартты. Президенттің айтуынша, мемлекеттің бүкіл игілігі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталмақ.

Абай Асанкелдіұлы,
‘‘Egemen Qazaqstan’’

03 наурыз 2020 ж. 270 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930