ҰЛТТЫҚ АСПАПТЫ ҰЛЫҚТАҒАН
Сатира саласында астарлы монологтарымен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген Тұрсынбек Қабатов соңғы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелерді өз шығармасына арқау ету арқылы қалың бұқараға үлкен ой салуда. Әсіресе, домбыраның қазақпен егіз ұғым екенін жеткізген әзілкеш «Неге орта білім беру мекемелерінде оқушыларға домбыра үйірмесін ашпасқа?» деген ойын ортаға салды. Желіде отандастардың көптеп қолдауына ие болған бұл ұтымды ұсынысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үн қатты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Тұрсынбек Қабатовтың бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізіп, алдағы уақытта оны жүзеге асыруды қолға алу керектігін назарға салған болатын.
Негізінен мұндай үйірмелер осыдан 10-15 жыл бұрын орта мектептердің білім беру жүйесіне еніпті. Яғни мемлекеттік «Мұрагер» бағдарламасы аясында оқушылар ұлттық аспабымызды меңгеруге дағдыланған болатын. Қызылорда облысы бойынша 15-ке жуық мектеп қабырғасында жүзеге асқан тың һәм рухани жоба қазақ жастарын қара домбыраны жетік білуге машықтандырды. Сол уақыттан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан №201 мектеп-лицейдегі домбыра үйірмесінде бүгінде бағдарлама аясында түрлі жобаларды жүзеге асыру шаралары қолға алынуда. Өкініштісі, аймақтағы қалған үйірмелер жұмысын тоқтатты. Яғни облыс бойынша 15 жылға жуық уақыттан бері үздіксіз ұлттық аспабымызды насихаттап келе жатқан жалғыз үйірме тек Жалағаш ауданында ғана.
Бұған дейін аталған бағдарлама Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепте де жүзеге асқан болатын. Қазіргі таңда ол да өз жұмысын тоқтатты. Қазақ жастарын рухтандыратын тағылымды жоба керісінше жабылмай барлық мектепте жүзеге асса дейсің ғой. №201 мектеп-лицейдегі үйірме жұмысымен танысуда бар болғаны жарты сағатта жастардың қандай тағылымды дүниелерді бойына сіңіріп жатқанына көз жеткіздік.
Мұнда қатысушылардың ішінде қара домбыраны еркін меңгермесе де тарта алмайтын бала жоқ. Оқытушы Алтын Жаңашова мен Серіккүл Құлысбаева оқушыларды тек домбыраны меңгеруге машықтандырып қана қоймай оның тарихын, қазақ халқы үшін қандай киелі аспап екенін жастарға жете түсіндіреді. Айтпақшы, бір-бір аспапты қолына алған оқушылардан қанша күй орындай алатынын сұраған едім. Бірі 2,енді бірі 5, тіпті алды 10-ға жуық күй білетінін жеткізді. Тәлімді жастардың талабына риза болған мен «Шынымен осынша күйді өздерің орындай аласыңдар ма?» деп тағы сауал тастаған болатынмын. Қатысушылардың бірі «Ағай, қолымда домбыра тұр ғой, өтірік айтып не қылайын» демесі бар ма, Міне, ұлттық аспапқа деген құрмет. Оның тарихын, қасиетін жастардың бойына сіңіруге күш салған ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі осы шығар, сірә.
– Біз өскелең ұрпаққа ұлттық аспабымызды меңгертумен шектелмейміз. Оның қасиетін, тарихын айтып, жастарды ұлттық аспапқа құрметпен қарауға дағдыландырамыз. Он екі жылдан бері үздіксіз жұмыс жасағанда еңбегіміз қайтты деуге болады. Қазір біздің үйірмеден тәлім алған жастардың алды түрлі сайыстарда топ жарып, тіпті алды киелі аспапты кейінгі буынға насихаттауда үлкен іс тындыруда. Біз олармен мақтанамыз. Бүгінгі қатысушыларымыз да олардың ізін басып, жолын жалғамасына кім кепіл?! Менің түсінігімде әлемде мәдениет саласында құрметпен қарауға лайық екі аспап болса, оның бірі – домбыра. Ал біреу болса, ол – тағы да домбыра, – дейді оқытушы Серіккүл Құлысбаева.
Ұлағатты ұстаздың өзіне лайықты мамандықпен жұмыс істеп жатқаны анық байқалады. Міне, ұлттық аспапқа осындай құрметпен қарайтын жандар ғана оны жастарға меңгертсе, жемісі осындай болады. Расында, қара домбыраға қазақ құрметпен қарау қажеттігін мұндағы тәлімгерлер жастарға жете түсіндірмесе, «Осынша күйді расымен өздерің орындай аласыңдар ма?» деген сауалыма мен әлгіндей жауап алар ма едім. Оқытушы тек ұлттық аспапты меңгерту мен оның тарихын жастарға түсіндіру жұмыстарымен шектелмейтінін айтады. Яғни қатысушылар қанша шығарманы орындауға машықтанса, сол шығармалардың тарихы хақында да жастар кеңінен мағұлмат беріледі.
Қазіргі таңда аталған білім ошағында тек осы домбыраны үйретуге арналған «Мұрагер» сыныбы жұмыс істейді. Бүгінде бірнеше күйді орындауға қабілеті жоғары оқушылар енді жергілікті жыраулардың түрлі мақамын меңгеруге күш салуда. Ұлттық аспап, төл шығарма насихатталған өңірде жастардың да рухани өрісі кеңейері анық. Қазіргі білім ошағының базасында 50-ге жуық домбыра бар. Оқытушылар ұлттық аспап жетіспеген жағдайда ата-аналары өздері алып беруге құлық танытып отырғанын айтады. Алайда ондай жағдайға дейін жеткізетін мектеп директоры жоқ. Білім ошағының басшысы Талғат Құрақбайұлы егер қордағы домбыралар қатысушыларға жетпей жатқан жағдайда, бұл мәселені түбегейлі шешуге жұмыс жасайтынын айтады. Міне, 15 жылға жуық уақыттан бері рухани жобаның №201 мектеп-лицейінде үздіксіз жұмыс істеуін ұжым болып ұлағатты ұстаздардың ұлттық аспапқа құрметпен қарайтынын аңғартып тұр.
Кенжетай Қайрақбаев