» » Ғайнидың авторлық бағдарламасы

Ғайнидың авторлық бағдарламасы

Қазір барлық қызметтің түрі электронды нұсқаға ауы­сып жатқанда қағазбастылықтан арылатын кез келді. Бұл әсіресе педагогтар жұмысының жеңіл­деуіне оң әсерін береді. Жекелеген пәндерді орта мектептерде оқытуда да арнайы сайттармен жұмыс жасау өз кезегінде білімді меңгеруге де, жұмыстың оңтайлылығына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Мұны жас та болса білікті маман Ғайни Төлегенова жақсы біледі. Былтыр ғана еліміз бойынша «Авторлық бағдарлама» сайысына қосқан еңбегі топ жарған кейіпкеріміз қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы №123 орта мектеп-лицейде биология пәнінен сабақ береді.
Ағарту саласында бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайтын Ғайни Төребекқызы оқушыларға дәріс беруде білімді терең меңгертудің тиімді жақтарын өз шығармасына арқау еткен. Өткен жылы авторлық бағдарлама бойынша «KLIL» технологиясы әдістері арқылы «Өсімдік физиологиясы» курсын оқыту методикасын жинақтаған болатын. Ұлағатты ұстаздың бұл еңбегі республикалық сайыста «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясымен бас бәйгені еншіледі. Жас маман мұнда арнайы сайт жасап, онда 34 тақырыпқа арналған сабақ жоспарын кірістірген. Мұнан бөлек арнайы бейнероликтер мен слайдтар да қарастырылған. Тиімділігі – мұғалім бұрынғыдай бәрін қағазға жазып, оны жүк қылып арқалап жүрмейді. Дайын дүниені оқушыларға еркін түсіндіріп, көрсетілген слайдтармен-ақ мысал келтіре алады. Оның сөзінше, бұл сабақ беруде екі тарапқа да тиімді көрінеді.
– Бұл ғылыми еңбегімде мен жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сай тақырыптарды меңгертуде қолданылатын жаңартылған білім беру жүйесіне негізделген «KLIL» технологиясының әдіс-тәсілдері арқылы және білім алушының шығарма­шылық қабілетін, функционалдық сауаттылығын, тілдік дағдыларын дамытуға арналған практикалық сабақтар мен ойындарды қамтыдым. Бұл жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдеріне арналған. «KLIL» технологиясы дегеніміз өтетін сабағыңды ағылшын тілін пайдалана отырып меңгертуге арналған. Әсіресе менің пәнімді, яғни биологияны оқытуда тиімді. Қазірден көп тіл білген бала ертеңгі күні ЖОО-да да көптеген мәліметке қол жеткізуде еш кедергіге тап болмайды. Сондықтан бұл бағдарламаның сабақ барысында пайдасы мол деп ойлаймын, – дейді білікті педагог.
Кеше автордың 350 бетке жуық бұл еңбегімен танысып шықтым. Расында пайдасы мол. Бұған дейін жоғарыда Ғ.Төребекқызы айтып өткен ұстаздар арасындағы сайыстың аудандық және облыстық кезеңіне қатысқан болатын. Қос сайыстан жүлделі орындарды қанжығасына байлаған ұстаз кейін өз жобасын толықтыруға бел буады. Осылайша тынымсыз еңбектің арқасында тұтас бір ғылыми туынды жарыққа шығып отыр. Бұл ғылыми еңбек тек белгілі бір пәнді оқушыларға игертуге ғана оң әсерін тигізген жоқ, ағарту саласында жалпы білім беретін мектептер үшін тың жаңалық болды. Республика бойынша автор шығармасының мазмұны, сапасы жағынан көш бастауы сондықтан.
Қазіргі таңда облыстық оқу орталығы жерлесіміздің бұл ғылыми еңбегін жалпы білім беретін мектептерге тарату үшін баспаға беріп, көбейтіп шығаруды ұсынып отыр. Аталған туындының өзіндік мән-мағынасы, сабақ өтуде тиімді тұстары болмаса, мұндай сұранысқа ие болмас еді.

Білім ордасы жайлы материалдарды әзірлеген
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
14 қаңтар 2020 ж. 430 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 772

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930