Бірлігі бекем елдің түтіні түзу шығады
Қазақтың сайын даласы ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты алып жатыр. Үш жүздің басын құраған, Алаш баласының арманын бір арнаға тоғыстырған атақты Абылай хан хақында түсірілген “Көшпенділер” фильмінде біздің территориямызды былайша бейнелейді. “Алтай мен Атыраудың арасындағы Ұлан ғайыр алқап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен Ата қонысы. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты”.
Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатқан Жалағаш жері – Қызылорда облысындағы жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкенің бірі. Тіпті аудан орталығында орналасқан көшенің барлығы түп-түзу етіп жасалған. Үйлер бір сызықтың бойымен орналасқан деуге болады. Бұны ғаламтор арқылы картаны көре алатын әрбір азамат байқайды.
Көктем келгенде табиғат ана жаңарып, жасарып, ағаш біткен бүршік атып, өсімдік атаулы көгеріп, айнала гүлденіп сала беретіні белгілі. Табиғатты аялау, қастерлеу, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау адамзат баласының міндеті. Себебі экологиялық таза ортада өмір сүру қолайлы болса, екіншіден, адамдардың денсаулығы жақсара түседі. Мұнымен қатар жасыл желекке оранған әсем аймақта өмір сүретін адамдардың мінезі көркем, бейнесі сұлу болатынын естен шығармаған жөн. Табиғатымызды сұлу, айналамызды әсем ету өз қолымызда.
Жыл сайын елді мекендерді көркейту-көгалдандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылады. Әкімдік тарапынан өкімдер шығып, күз және көктем мезгілдерінде тазалық-санитариялық, көркейту-көгалдандыру айлықтары жарияланады. Сөз жоқ, бұл кездерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көркейту және тазалық жұмыстары жүргізіледі. Көшелер жиналып, қоқыстар мен қатты қалдықтар шығарылып, ағаштар отырғызылады. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Аудан әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде кент әкімі Ғалымжан Телібаев хабарлама жасап, Жалағашты көркейту-көгалдандыру жұмыстарының қалай жүретінін баяндаған болатын. Кент әкімі биыл орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен 1000 түп терек көшетін алуға тапсырыс берілгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек 100 түп бүрлі ағаш алуға келісім жасалған. Қосымша 4000-ға жуық қаламша отырғызылып, күтімге алынады. Орталық алаң, темір жол вокзалы аймағы және демалыс орындардағы гүлдер егілетін жайларды тыңайту мақсатында қажетті шаралар атқарылған. Аталған орындардағы 2400 шаршы метр жерге гүл отырғызылып, күтімге алынады. Көшеттер мен қаламшалар отырғызуға байланысты кенттің ішіндегі көшелерде арнайы орындар белгіленіп, шарбақтармен қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазақта “жалғыз ағаш орман болмас...” деген нақыл бар. Осы ретте әркім өз ауласын таза ұстауға ден қойғаны абзал. Саулықтың кепілі тазалық екенін ұмытпайық. Тазалықты әркім өз ауласынан бастаса, сол тірлігі арқылы өзгеге үлгі болса, оның бұл әрекетін келесі адам жалғап әкетсе, Жалағаш жұртының ортақ істе аянып қалмайтынын айғақтай түсер еді.
Мәңгілік ел болуға ұмтылған тәуелсіз Қазақстанның әр адым жерін гүлдендіру – қасиетті өлкені мекендеген бүгінгі ұрпақтың ортақ парызы. Бұл жолда Алашқа ана атанған Сыр өңіріндегі Жалағаш ауданының жұрты да аянып қалмауы керек деп санаймыз. Өйткені ынтымақ пен бірлікті ту еткен өңірдің бұған дейін жеткен жетістіктерінің барлығы жұмыла жұмыс жасаудың нәтижесі болатын. Өткен жылы ауданымыз облыстағы үздіктердің көшін бастады. “Қызылорданың Қостанайы” атанған Жалағаштың диқандары үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Күріштен тау тұрғызған диқан қауымның ала жаздайғы еңбегінің өтеуі қайтты. Жалағаш облыс бойынша “Үздік аудан” атанды. Жыл қорытындысымен аудан жастары да үздік болды. Ал мұның бәрі аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс. Қалай десек те, жұмыла жұмыс жасау өз нәтижесін беріп, Жалағаш үздіктердің елі, озаттардың жері атанды. Енді туған өлкемізді абаттандыру жұмыстарына да белсене атсалысайық дегіміз келеді. Өйткені бірлігі бекем елдің ғана түтіні түзу шығады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ