«СӘРКЕ БАТЫР» ДӘН СЕПТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы көктемгі науқан, дән себу жұмыстары уақытылы жүруі керектігін айтқан болатын. Осыған дейін техникасын сайлап, жерін сүдігерлеп үлгерген жалағаштық шаруашылықтар да өткен аптада дән себу жұмыстарын бастап кетті. Былтыр рекордтық өнімге қол жеткізген жерлестер биыл да сала қорытындысы бойынша көш бастауға ниеттеніп отыр.
Өткен жылы Сыр салысынан тау тұрғызған «Сәрке батыр» ЖШС-на қарасты егін алқабында қазір қайнаған жұмыс. Былтыр межелі өнімге қол жеткізген шаруашылыққа қарасты еңбек адамдарының ширақ қимылынан олардың алдағы күзді де жақсы жетістікпен қорытындылайтынына сенім артасың. 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық биыл 1450 гектар алқапқа күріш егуді жоспарлап отыр.
Былтыр 230 гектар яньтар, 1220 гектар алқапқа лидер сұрпын сепкен батыр атындағы шаруашылық күзде гектарынан 57 центнерден өнім алды. Серіктестік төрағасы Қанат Демесінов биыл да межелеген өнімге қол жеткізуге мемлекеттік қолдаулар үлкен демеу болатынын айтады.
– Өткен жылға өкпе жоқ, былтырғы науқанды жақсы жетістікпен қорытындыладық. Гектарынан 60 центнерге жуық өнім алу – біз үшін үлкен жетістік. Қазір шаруашылық түрлі заманауи техникалармен жабдықталып жатыр. Бұйыртса, биыл мұнан да үлкен жетістікке қол жеткізуге тырысамыз. Оның үстіне қазір Мемлекет ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, қай жылы осыған дейін бір жылда аталған салаға 200 млрд теңге қаражат бөлінді? Биылғы төтенше жағдай режимімен санаса отырып, мемлекет осындай батыл қадамға барып отыр. Мұнан бөлек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 70 млрд теңге қаралатынын естіп, қуанып жатырмыз. Жалпы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан қолдауларды айта берсеңіз, игі бастамалар көп. Бастысы мұның бәрі өз жемісін беріп, шаруашылықтардың шаруасы ширап жатыр. Мұндай үлкен қолдаулар біздің жұмысымыздың алға басуына оң әсерін тигізуде. Бұйыртса, биыл да Жалағаш үздіктер көшін бастайды, ал «Сәрке батыр» ЖШС ауданның аталған салада көш бастауына өз үлесін қосады, – дейді төраға.
Айта кетейік, аталған шаруашылық осыған дейін аудандағы түрлі қайырымдылық шаралардан шет қалған емес. Жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналар мен ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолғабыс етуді серіктестік ұжымы дәстүрге айналдырған десе де болады. Сондай-ақ Ақсу ауылындағы Әжелер ансамбльіне бір жылда 500 мың теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсеткен. Шаруашылық төрағасы мұндай игі шаралар биыл да жалғасын табатынын айтады.
Жалпы «Сәрке батыр» ЖШС-нда бұрынғыдай емес, еңбек адамдарының жұмысы оңтайланған. Төраға мұның бәріне шаруашылық базасындағы техникалардың жаңаруы сеп болғанын жеткізді. Негізінен серіктестік базасының заманауи техникалармен толығуы тек еңбек адамдарының жұмысын ғана жеңілдетіп қоймай, өнім көлемі мен сапасына да оң әсерін тигізіп жатыр. Былтыр аталған шаруашылық базасы «МТЗ – 80» тракторы және жер тегістейтін жаңа техникамен толықса, биыл да екі соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Қанат Демесінов алдағы уақытта да техникаларды жаңалау жұмыстары жалғасатынын айтады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ