» » ҰЛТТЫҢ СИПАТЫ НЕМЕСЕ ҚАНЫМЫЗДА бар қасиет

ҰЛТТЫҢ СИПАТЫ НЕМЕСЕ ҚАНЫМЫЗДА бар қасиет

Біздің түсінігімізде "Ұлттық сипат" деген ұғым бар. Бұл ұғым бүгінде санамызға сіңіп, сөздік қорымызға еніп кеткені соншалық, саяси әңгіме бола қалған жерде осы тіркесті қолданбай сөз сөйлемейтін болдық. Бірақ біз бұны тек сөз жүзінде ғана айтады екенбіз де, өне-бойындағы қадір-қасиетін білмейді екенбіз.


Ұлттың сипаты – оның басқа ұлттардан ерекшелігі. Әрине, жаман жағынан емес, жақсы жағынан. Мәселен, кез-келген ұлттың бойында жаратылысынан жақсылы-жаманды қасиеті болады. Олар ұлт болып қалу үшін және жай ғана жер бетіндегі халықтардың санын көбейтіп, көштен қалмай ұрпақ жалғап, ғұмыр ұзарта беру үшін емес, бойларындағы жаман әдетінен жақсы әрекеттері арқылы арылып, өзгеге үлгі болуды мұрат тұтады һәм сол мақсатта өздерінің ұлттық сипатын қалыптастырады. Мәселен, жапондардың ұлттық сипаты қандай? Өте сыпайы, еңбекқор, ізденімпаз, жаңашыл, салт-дәстүріне берік және соның нәтижесінде бүгінде әлемдегі ең жоғары интелект иесі атанып отыр. Ал немістер ше? Бұл ұлт ең алдымен өздерінің мәдениеттілігімен, зияткерлігімен, қандай істе болсын дәлдігімен, уақытты үнемді пайдалана білетін халық ретінде әлемге танымал. Өзіміздің қазақ ше? Қазақ та елдің азы мен тозы емес! Кешегі иен даланы тұлпардың тұяғымен бағындырған жаужүрек халықтың ұрпағы. Бір ғана қонақжайлық пейілінің өзі халқымыздың иманды, қайырымды халық екенін айқындап тұр және біздің бойымыздағы сол қасиетімізді Қазақстанға іс-сапармен келіп-кетіп жүргендер немесе туристердің барлығы біледі. Олардың барлығы қазақтың берекелі, мол дастарханынан дәм татып, төрінде мәртебелі мейман болып, құрмет көрген. Сонымен бірге қазақтың жомарттығы, мәрттігі, дегдарлығы, даналығы тағы бар...
Біреуге қылдай қиянаты өтпеген халқымыздағы ең ауыр күнә – біреудің ала жібін аттау. Соның ішінде кісі мүлкін ұрлау. Кешегі аласапыран замандағы зорлыққа зорлықпен кек қайтару үшін жасалған барымталарды айтпағанда, әубастан ұрлық қазақтың қанына жат еді. Бірақ соңғы жылдары мал ұрлығы өршіп кетті. Өрісті қойып, жұрттың қорасына түсетін ұрыларда иман қалмады. Мал ашуы – жан ашуы, алдындағы ақ адал малын ұрыға алдырғандар күнара сот залын тоздыратын болды. Төрт түлікке төрт аяқты бөріден де қауіпті әбден әккі болған екіаяқтылар көбіне ізін суытып, ұстатпай кетеді. Тұтылғандарының өзі көп өтпей құтылады. Мұны малынан айырылғандар соттың солқылдақтығынан көреді. Кейде екі тараптың келісімімен кешірім жасалып, ұрыға шығынын төлеттірумен ғана шектеледі. Ал кешірімнің арты татулықпен түйінделіп, қылмыс жасаған адам тәубесіне келіп, түзу жолға түссе құба-құп. Бірақ оған сенбейсің. Өйткені бір ұрлық жасаған адам, жазасын өтемей кешіріммен оңай құтылса, үйренген арам кәсібіне екінші мәрте тағы да барады. "Ет тәттілігін қойғанша, мен ұрлығымды қоймаймын" дейтін ұрылар одан кейін де сот залынан төбе көрсетуі кәдік...
Тоқсаныншы жылдары ел қиын жағдайды бастан кешті. Жоқшылық, жұмыссыздық ел тұрғындарын жан-жаққа бостырып жіберді. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде де ұры-қарылар көбейіп, жолаушылар жүктерін астына салып, жасырып отыратын жағдайға жетті. Ауыл тұрғындарының жағдайы тіпті қиындады. Заңнан қайран болмай, әбден тайраңдаған ұрылар тым болмаса түнді де күтпей, жұрттың қорасындағы талғажау қылып отырған тұяқтарын тал түсте алып кетіп, иесін зар қақсатты. Сондай жаға ұстатар жағдайларды естіген сайын шешем: "Е, Алла, ақырын қайыр қыла гөр! Бұл адамдардың пейілі не боп барады" – дейтін және артынша сонау алпыс-жетпісінші жылдардағы мамыражай кезеңді еске алып кететін. "Ол кезде адамдардың бір-біріне деген ниеті алабөтен еді. Ауылда көршіміз сүтсіз шәй ішіп отырса, балаларға беріп отырған ағарғанның жартысын бөліп беретінбіз. Елдің бәрі бірдей еді. Ауыздарынан ақ май ағып отырмаса да, бір-бірінің малына көз сұғын қадамайтын. Тіпті сауын сиырды айтпағанда, қысыр сиырларымыз өрістен қайтпайтын. Қопа қамыстар мен қалың жыңғылдардың арасын қыстай мекен етіп, көктемде бұзауларымен айдап келетін. Ұры айдап кетемін десе, бақташысыз далада қысы-жазы жүреді. Бірақ ит-құстан аман болса, тұяғы түгел оралатын. Оны айтасың, қолға ұстаған тауықтардың кепесі болмайтын, кеш батса шарбақ пен талдың басына немесе қорадағы бел ағашқа қонақтап, өздері қалың шөптің арасына құрық басып көбейе беретін. Бір қызығы жабайы мысық болмаса, соның біреуін ұры алып кетпейтін. Бұл заманына қарай адамдардың ниетінің де түзу кезі болса керек. Әйтпесе, сол қоғам нағыз Құдайсыз қоғам еді ғой" дейтін шешем сөзін сабақтап.
Иә, шешем айтып отырған өткен ғасырдың алпыс-жетпісінші жылдары нағыз атейстік қоғам болатын. Егер адамның ниеті имансыздықтан бұзылатын болса, сол қоғамда ұрлық көп болуы керек еді. Керісінше, дінге бет бұрған қазіргі қоғамда ұрлық-қарлық деген атымен жоғалып кетуі тиіс болатын. Міне, біздің тарқатып отырған тақырыбымыздың тінін осы жерден суыртпақтап шығаруға болады. Шешемнің айтып отырған жылдарында ұлтымыздың сипатын айқын көруге болады. Сол кездің адамдарының жүзінен, іс-әрекеттерінен-ақ жанының тазалығы, жүрегіндегі иманы, мейірімі, көпшіл мінезі бәрі-бәрі менмұндалап тұр. Ал бүгін ше?..
Жаратылыстың бар екені рас болса, ұлттың генетикалық жады жоғалып кетуі мүмкін емес. Ендеше, сол қасиеттер біздің жадымыздан жойылып кеткен жоқ. Тек қалғып кеткен. Соны ояту керек. Ал оны оятатын – ұлттық тәрбие, яғни ұлттық идеология.

Қуат Ахетов

29 сәуір 2020 ж. 465 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930