«ШЫРАҒЫҢ СӨНБЕСІН» ДЕУШІ ЕДІ...
"Шырағың сөнбесін" деген – қазақтың ең басты ақ батасы. Әсіресе бұл екі жас шаңырақ көтеріп, отау құрғанда үлкендер тарапынан көп айтылатын тілек. Қазақ үшін оттың, жарықтың орны бөлек. Қазақ даласына Ислам діні келгенге дейін көшпенді өмір сүрген халқымыздың күнге, айға, отқа табынуы тегін емес. Иә, расында жарықта тылсым күш бар. Әлі күнге дейін әжелеріміздің иесіз үйге кіргенде не болмаса сәбиді бөлемес бұрын бесікті отпен аластауының астарында үлкен мән жатыр. Қазақ ұғымында жын-шайтан жарықтан, оттан қорқады, жарық түссе, шайтанның көзі байланады деген түсінік қалыптасқан және ол негізсіз емес. Демек, бізге Исламға дейін Тәңірлік наным-сенімде болған халқымыздың табиғатпен, өздерін қоршаған ортамен кірігіп кеткен дүниетанымына күмән келтіруге болмайды. Бастау бұлағын, қайнар көзін табиғаттан алған Тәңірлік наным-сенімдегі ежелгі ата-бабаларымыздың жарық атаулыны қастер тұтып, оған табынғандағы мақсаты тек жеке бастарының амандығын ғана емес, өздері өмір сүріп отырған жабайы табиғаттың тәнін жаралап алмауды ойлапты. Ол кезде ата-бабаларымыз уақыт пен кеңістікке тәуелді болмапты, керісінше, табиғат құбылыстары арқылы сол уақыт пен кеңістікті бағындыруға ұмтылыпты. Табиғаттың стихиялық дүлей күштеріне табыну арқылы жақсылық шақырып, өздеріне келер жамандық атаулыдан сақтанып отырғанын ғылым да дәлелдеп отыр. Соның бірі – от. Отта қуат көзі бар, айналасына күшті энергия бөледі. От халқымыз үшін әлі күнге дейін өзінің әсер етуші қасиетін жоғалтқан жоқ, тұрмыстық өмірімізде салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызда ерекше маңызға ие.
Сонымен бүгінгі тойлардағы "Шырағың сөнбесін", "Отауларыңның оты маздап тұрсын" деген лебіз-лепестерге біз көңіл бөліп, мән бермейтін болдық. Егер мән берсек, екі жастың мейрамханада өткен бас қосу тойындағы тәтті торттың бетінде жанып тұрған шүпірлеген шыраны жас жұбайларға үрлетіп сөндіртпес едік. Қазақ үшін тосын апаттан бөлек, қандай жағдайда да жақсылыққа, қажеттілікке жағылған отты өшіру жаман ырым саналған. Тіпті ол болашағыңа өз қолыңмен балта шабумен бірдей әрекет болыпты. Ал қазіргі даңғой, сауықшыл, мақтангер «жаңа қазақтарға» ата-бабадан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен ырым-тиымның құны көк тиынға да татымайды. Еуропаның өмір-салтын ұстанатын олар оттың қадір-қасиеті түгіл, ұлттық құндылықтарымыздың өзіне пысқырып қарамайтын болды. Тек аста-төк ысыраппен өткізген дабыралы тойына жұмсалған қаржыға ел таңырқап, өзіне мақтау айтса болғаны.
Қай халық болсын өзінің түпкі санасындағы наным-сенімінен айырылса, ол халықтың болашағы да бұлыңғыр тұман тұтады. Өйткені адамзат баласының келешек өмірінің жарқын болуы өзінің түп санасындағы сеніміне тікелей байланысты болмақ. Кеше ғана қол ұстасып қосылған жастардың жыл өтпей жатып ажырасып кетіп жатқаны бүгінде ұятқа саналмайтын қалыпты жағдайға айналды және отандық демографтар мен қарапайым халық осы неке бұзылуының себебін қоғамдағы түрлі факторлардың әсерінен іздеп келеді. Алайда оның жауабы, екі жас отау көтергендегі бата-тілектің ниеті мен жасалған ырым-тиымдардың дұрыс орындалуында жатқан секілді. Себебі бүгінде сөзден кие қашты, ісімізден береке кетті. Аталы сөз айтатын баталы қариялардың қатары селдіреп қалды. Сөздің магиялық қасиеті барын, шын ризашылық көңілден шыққан алғыс та, күйініп айтқан қарғыс та бағытталған нысанасына даритынын ғылым баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Сол секілді әр ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тиымы мен наным-сенімі – сол ұлттың қорғаныш қабаты. Ендеше, біз қандай да бір қуанышымызда айтылатын лебіз-лепеске, берілетін бата-тілектерге, әсіресе екі жастың бас қосу тойында жасалатын рәсімдерге мән беруге тиіс екенбіз. Өйткені ол жерде екі адамның тағдыры бір арнада тоғысып, жаңа өмір басталады екен. Ал жаңа өмірдің бастауы – бата-тілектен нәр алып көктеуі тиіс...
Бірнеше ай бұрын үлкен мейрамханада өткен ұлан-асыр тойдың куәсі болдым. Шақырылған қонақ көп. Бірақ соған қарамай той өте мәнді де, мағыналы өтті. Күйеу жігіт те, қалыңдық та, тіпті екі жастың ата-аналары, яғни жаңа құдалар да ұлттық киіммен жүрді. Той иелерінің қалауы солай болған шығар, әйтеуір той тізгінін қолына алған асаба салт-дәстүрдің шеңберінен шыққан жоқ. Тіпті тойдың ортасына таяу ләңгі, асық ату, арқан тартыс, бөрік лақтыру секілді ұлттық ойындар ойналды. Сәл мейрамхана ішіне лайықтап алғаны болмаса, ұлттық ойындар жиылған тойшыл қауымның көңілінен шықты. Ең ғажабы, бұл тойда жас жұбайлар әдеттегідей кесілген тортты шанышқымен бірі-бірінің аузына тықпалап, қалғанымен әке-шешелерінің бет-аузын былғаған жоқ. Олар ортаға киіз үйдің кішірейтілген макетін ұстап шығып, ақ отаудың ішіндегі қос шырақты сіріңкемен тұтатты. Дәл осы сәтте той сценарийі бойынша залдың жарығы сөнді. Дуылдаған жұрт бір сәт сілтідей тынып, назарын жас жұбайларға бұрды. Ақ отаудың шаңырағынан, керегесінен және ашық тұрған есігінен таралған шырақтың жарығымен екі жастың бақыттан бал-бұл жанып, алаулап тұрған бейнесі көрінді. Несін жасырайын, бұл көрініс маған да қатты әсер қалдырды. Одан соң басына ақ жаулық тағып, үстіне қамзол, аяғына оюлы саптама етік киген жас келін атасы мен енесіне ақ самаурыннан өз қолымен шәй құйып берді. Қысқасы, көрген көз тәлім алар, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген ғажайып той болды.
Иә, тойда жанған шырақты өшіру – қазақ үшін ең жаман ырым. Тағы да айтайық, халқымыз отты өмір деп санаған. «Берекең кетсе, от жақ» деген бабалар қалдырған бір ауыз сөздің өзі оттың қадір-қасиетіне анықтауыш болып тұр. Ол аз десеңіз, бұл сөзімізге жары майданнан оралмай, жесір қалған әйелдерге қарата айтылған "Ошағының отын үзбей отыр", "Ошағының отын күзетіп отыр" деген тіркестер де куә.
Қуат АДИС