» » ЖҮРЕК ЖҰТҚАН ЖІГІТТЕРДІҢ ЖАРЫСЫ

ЖҮРЕК ЖҰТҚАН ЖІГІТТЕРДІҢ ЖАРЫСЫ

Бөрі текті қазақтың жылқы мінезді атануы тегін емес. Бұл сөздің дәлелін тотемдік наным-сенімдерге байланысты айтылатын аңыз-әңгімелерден табуға болады. Атты ер қанаты деп, жан серігіне балайтын да біздің қазақ. Тіпті бүкіл әлем жылқының қолға алғаш үйретілген жері қазақ даласы екенін мойындап отыр. Бір Ботайдың өзі қаншама тарихи, мәдени дүниелерден хабар береді.
Қамбар ата төлінің біздің жұртқа жақындығы сонша, күнделікті тұрмыста қолданылатын сөзімізге дейін, тіпті ұлттық ойындарға дейін қосқан. Бізде жылқымен байланысты теңге ілу, көкпар, бәйге, аударыспақ сынды ойын түрі көп. Бүгін осылардың ішінде аударыспаққа арнайылап тоқталмақпыз.
Энциклопедиялық мәліметтерде ауда­рыс­пақ­ты спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі деп айтылады. Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, бұл – салт атты­лардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.
Бұл ойынға кез келген адамның шыға бермесі анық. Өйткені аударыспақта тек білек күшіне ғана сенуге болмайды. Өзін мықты санайтын талайдың жерде домалап жатқанын немесе аттан аударылғанын көргенбіз. Сол себепті ат үстінде отыра алатын ептілік те қажет. Аударыспақта астыңа мінген сәйгүліктің де бабында болғаны абзал. Әйтпесе шешуші кезеңде қолдағы жеңіс уыстан шығып кетуі мүмкін. Ойында аты белді, жарамды, атқа отырысы мығым, тақымы мықты, білікті әрі білекті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рөлді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты қараулыққа жататын айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке ұласып жатуы шарт.
Атта отырған жігіттің әбжіл қимылы мен білек күшін сынға салатын ұлттық спорт – аударыспақ жайлы бұдан да көп жазуға болады. Біз энциклопедиялық мәліметтерге сүйене отырып, негізгілерін ғана баяндадық. Ал жүрек жұтқан жігіттердің жылқы үстіндегі айқасын көзбен көру мүлде бөлек.

Е.ӘНУАРҰЛЫ
08 қазан 2019 ж. 769 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930