Көкпар
“Адуын қайсар мінез, темір білек,
Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп.
Додаға тайсақтамай тез кірсін деп,
Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.
Қағысып астындағы жылқы малы,
Көкпарға тебініп жұрт ұстылады.
Тақымға орай басып тартқан кезде
Көк еті көк серкенің жыртылады”.
Ақын Жұматай Жақыпбеков “Көкпар” деп аталатын өлеңінде осы бір ұлттық ойынды түп-тереңіне үңіле жырлайды. Жігітті де оның астындағы сәйгүлікті де жырмен бейнелейді.
Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Бұл – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Оның бұлай аталуының да бірнеше нұсқасы бар. Бір деректерде “Көк бөрі” немесе “Көк бөрте” деп аталады. Тағы бір нұсқасында "көкпар" сөзіндегі "пар" бөлшегі паршалау деген сөзден шыққандығы айтылады. Қалай болған күнде де бұл ойынның қазақпен біте қайнасып кеткені белгілі. Тіпті көкпарды ер-азаматтарды жауынгерлік жорыққа дайындау мақсатында да қолданған деген деректер кездеседі. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі.
Ат үстінде еркін отыратын қазақ баласы жаугершілік заманда сәйгүлігімен бірге шынығу үшін осындай ойын түрі ойлап табылса керек. Дегенмен бұл ойын басқа халықтарда да кездеседі. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде “көк бөрү”, “улак тартыш”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30 келідей болады. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан көкпарға тартпайды.
Көкпар – ұлттық ойынның бірегей түрі. Ер қанаты саналатын аттың болмыс-бітімін танып білуге үйрететін қайталанбас ойын. Көкпарға шығатын ат та, шабандоз-балуан да бір-бірін жақсы түсінісуі қажет. Тұлпарын жансерігіне балайтын қазақ баласы жылқы жанын жақсы түсінетіні бесенеден белгілі.
А.БЕК