» » » Бостайдан шыққан көш Қарақұмға бет алды

Бостайдан шыққан көш Қарақұмға бет алды

Елбасы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында төрт түліктің төресі саналатын жылқы малы ең алғаш еліміздің солтүстігіндегі Ботай қонысында қолға үйретілгені айтылған. Сондықтан болса керек, қазақ төрт түліктің ішінен тек жылқыны ғана жеті қазынаға жатқызды. Тіпті, мұны «Ер қанаты – ат» деп те атаймыз. Бұл – Қамбар ата төліне деген ерекше құрметтің белгісі болса керек.
Жылқы малының қасиеті жайлы, оның ең алғаш Ботай қонысында қолға үйретілгені жөнінде бұған дейін де біраз мақала жарыққа шықты. Ал, бүгін біз Ботай емес, өзіміздің Бостай қыстағындағы жылқышы Бақыт Нұрмахановтың атакәсібі жайында сөз етпекпіз.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні Бақыт ағамыздың жары Баян апа: "Мал-жан аман ба? Бүгін Қарақұмға көшеміз, малшылар тойына келмедің бе?" деді. Жылқының дүбіріне, күлкінің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы жоқ шығар, сірә! Мен де дереу малшылар ауылына жолға шығып, Бостайдан Қарақұмға бет алған көшті көзбен көрудің сәті түсті. Негізі мұнда жылына екі мәрте той болады. Біріншісі, малшылар жайлауға көшкенде, ал екіншісі қырман көтеріліп, қырдағы малдар аман-есен елге келген кезде. Көш басталғанда малшылар жұдырықтай жұмылып, бірі-біріне көмек қолын созатыны белгілі. Сондықтан, малдың жайын білетін азаматтардың бәрі тайлы-тұяғымен сол маңға жиылыпты. Әйелдері қазан-қазан ет асып, малшылардың жол азығын қамдаса, ерлері киіз үй жабдықтары мен көшке ере алмайтын жас төлдерді көлікке тиеп, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйелерді иіріп жүр. Жазық далаға бет алған жылқының өзі 200-300 басқа жуықтайды. Оған түйе, сиыр және қой-қозыны қосыңыз. Сонда бәрі 500-ге таяп қалады деген сөз. Мұның бәрі атакәсіпті өрге домалатқан Ақсу ауылындағы Нұрмахановтар отбасына тиесілі. Осынау малды аман-есен Қарақұмға жеткізгенше олар жолда 7-8 күн жүріп, жол бойы малдарды жайып барады. Діттеген жерге жеткен соң, олар киіз үй тігіп, ала жаздай сонда паналайды. Онда ет, сүт өнімдерін сақтауға арналған арнайы жертөле де қазылған. Малшылардың айтуынша, ет пен сүтті жертөледе сақтап, айына бір-екі мәрте ауылға жіберіп тұрады.
– Қарақұмға жеткенше жолға 6-7 рет аялдап, тынығып аламыз. Әр тоқтаған сайын трактордың қос тіркемесіндегі бұзауларды түсіріп, оны қайта тиейміз. Жолға жарамаған малдарды да көлікке салып аламыз. Бұл бір немесе екі адамның қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан жолға шығарда ауыл азаматтары көмекке келеді. Сиыр, түйе, қойлар жолға сәл ертерек шығып кетеді. Жылқы малы жүргіш, сондықтан оны соңынан айдаймыз. Бұрын Бақыт жалғыз өзі күніне екі мәрте мың қойды қауғамен суаратын. Шүкір, қазір балаларымыз өсті. Ұлдар әкесіне көмектесіп, атакәсіпті өркендетуге қолғабыс етсе, қыздар мен келіндерім Қарақұмнан жеткен сүт, ет өнімдерін өз тұтынушыларына үлестіріп келеді, – дейді жылқышының жары Баян Нұрмаханова.
Бірлігі мен берекесі артқан Нұрмахановтар әулетіне мұндай дәулет әкеден балаға дарыған деседі. Бақыт ағамыздың әкесі Әбіләкім ақсақалға біткен төрт түлік кезінде суатқа құлағанда көлдің суы ортайып қалады екен.
Әбіләкім әкеміз Ұлы Отан соғысынан аман-есен елге оралған соң, мал шаруашылығын қолға ала бастады. «Мал баққанға бітеді» демей ме? Малдың бабын білген ақсақал қолдағы малды Бостайға жетектеп, сонда қыстау салады. Күш-қайраты бар, әл-қуаты тасып тұрған шағында жазық даланы атпен аралап, малға қолайлы жерді іздеді. Қарақұмның қыр-сырына қаныққан ақсақал кейін балаларына осы өлкеге мал жаюға кеңес береді.
«Атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп» дегендей жастайынан ат үстінде өсіп, әкесінің қасына ерген Бақыт ағамыз да әке жолын қуды. Төрт түлікті түлетіп, қорасын малға толтырды. Ол үшін лауазым-шеннің, мансап-биліктің де биік шыңы – аттың үсті. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болған ағамыздың жасы 67-ні алқымдаса да әлі күнге дейін асау айғырды бас білдіріп, кейде көкпар тартатыны да бар. Мұны Бостайға барғанымызда Бақыт ағамыздың көшіне ілескен жол серігі айтып берді.
– Бақыт аға жастайынан ат үстінде машық­танып, ат құлағында ойнады. Жас кезінде бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындары­мызды ойнап, талай мәрте аламан додада өнер көрсеткен. Өзінен кейінгі жастарға жылқы малы – елін, жерін жаудан қорғаған батырлардың астындағы аты ғана емес, сенімді серігі де болғанын жиі айтып отырады, – дейді жылқышы Дастан Керейтбайұлы.
Иә, бұлай айтуының да жөні бар. Бір кездері даланы тұман басып, малшылар жолдан адасып қалса керек, жазық далада жол таппай әбден шаршайды. Қыс мезгілі болғандықтан түнге қалу өте қауіпті. Сонда астындағы көк айғырдың үзеңгісін бос қойып, астындағы атына өз бағытымен жүруге мүмкіндік береді. Сөйтіп, тұманды даладан жол тауып, астындағы аты ауылға әкелген екен. Жылқының жанары тас қараңғы түнде де жарты тарыны көре алатын қасиетке ие екенін бұрындары да еститінбіз. Бірақ, мұндай жағдайды нағыз жылқышылардың аузынан естігенде киелі жануардың ерекше жаратылысына тағы бір қайран қалдық.
Ал, Бақыт ағамыздың жары Баян Нұрмаханова – Мәдениет ауылының тумасы. Ол да малшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Раушанбек Ноғаев қызылға мал айдап, жылқы баптап, сиыр баққан кісі. Оқу бітіріп, бой жеткен Баян апамыз ақсулық Бақыт Нұрмахановқа тұрмысқа шығып, өмірге 8 бала әкелді. Бүгінде құт дарып, береке-бірлігі жарасқан бұл отбасы өз ісімен көпке үлгі болып келеді.
– Ұл болса ат ұстар, қыз болса ат байлар деп айтамыз ғой. Шүкір, ат ұстар Талғат, Самат есімді ұлдарымыз, Майра, Маржан, Құралай, Мира, Меруерт, Гүлдана есімді қыздарымыз бар. Барлығы өмірден өз жолын тапты. Өміріміздің жалғасы ұл-қыздан қазір 20 немере сүйіп отырмыз, – деді Б.Нұрмаханова.
Бие құлындап, түйе боталап, қой қозылайтын шақты аман өткеріп, мамырдың 9-ы күні көш те жолға шықты. Қолына құрық алып, атқа қонған Бақыт ағамыз үйір-үйір жылқыларды алдына салып, Қарақұмға қарай бет алды. Енді олар жаздың аптап ыстығына қарамастан сол жақта қара күзге дейін мал бағып, төрт түліктің төлін көбейтеді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.


21 мамыр 2019 ж. 1 503 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930