АТ ШАПТЫРЫП, БӘЙГЕ АЛҒАН ОҒЛАНДАР
Қазіргі қазақ спортының дамуына халқымыздың асыл мұрасына айналған көкпар, қыз қуу, белбеу тартыс, арқан тартыс, аударыспақ, күрес сынды ұлттық ойындардан да жалағаштық спортшылар топ жарып келеді.
«Бағдаулет-57» шаруа қожалығының демеушілігімен салынған Аққұм ауылындағы «Иппадромда» ат шаптырып, көкпар тартқан спортшылар ұлттық ойындардан бәйге алып келеді. Былтыр Қызылорда қалалық ипподромында өткен ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық турнирде көкпар ойынынан Жалағаш ауданы ІІ орын иеленсе, теңге ілу ойынынан І орын Досбол Нұрханға, аударыспақ ойынынан ІІ орын 60 кг салмақта Халел Саматқа және 70 кг салмақта ІІ орын Үдербай Бағдатқа бұйырды.
Сонымен бірге өткен жылы «Алтын күз – 2018» спартакиадасында жалағаштықтар ұлттық спорт көкпар командалық ойынынан ІІ орын иеленді. Команда құрамында Халел Самат, Қымызбаев Мейірбек, Алдаберген Мақсұт, Жаханов Әділжан, Әбдраман Иса, Қуанышбай Ұлан, Мажиев Зумрат, Таңқай Нұрсұлтан, Сүлейменов Ғалымжан, Амандық Данабек, Әзмаханов Марат, Әлмешов Тайбек, Досбол Нұрхан сынды көкпаршы-шабандоздар қатысқанын да айта кеткен жөн.
Мұнда «Аударыспақ» ойынының шеберлері де аймақтық деңгейде бақ сынап келеді. Аударыспақта атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Осындай ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойында аудан командасы құрамында Амандық Дәурен, Үдербай Бағдат, Төлеген Дәулет, Қалиев Қайырбек, Алдабергенов Мақсұт өнер көрсетсе, теңге ілу ойынынан Сағатбек Қайыржан әркез бас жүлдені иеленіп келеді.
– Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай Қызылорда қалалық ипподромында өткен облыстық турнирде командалық көкпар ойынынан Жалағаш ауданы құрама командасы ІІ орын иеленді. Теңге ілу ойынынан Сағатбек Қайыржан ІІІ орын, аударыспақ ойынынан 70 кг салмақта Үдербай Бағдат І орын иеленді. Ат баптап, спортшыларымызды жарысқа қатыстыруға Жадилов Кенжехан, Сапаев Айбек, Бердалиев Ержан, Мұрсал Мырзағалиев есімді атымтай жомарт жандар демеушілік жасап келеді. Иппадромда атбегі Сайфулла Дүйсенбековтың бәйгеге қосатын 5 аты бар. Әркез жарысқа шығар алдында атбегілер мен шабандоздар аузы дуалы қария, бұрынғы көкпаршы Әзмаханов Болатбек ақсақалдың батасын алып, жарысқа шығады, – дейді ат спортының бапкері Бауыржан Жүсіпбек.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ