» » Марапат төрінде спортшылар

Марапат төрінде спортшылар



Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев аудан спортшыларын қабылдап, Шиеліде өткен облыстық «Алтын күз» 32-ші спартакиадасында үлгілі ойын көрсеткен бірқатар спортшыға «Алғыс хат» тапсырды.

«Қазіргі таңда елімізде спорт саласына аса назар аударылып келеді. Нәтижесінде, саңлақтарымыз түрлі әлемдік жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, дүбірлі додаларда Қазақстанның көк байрағын биіктен желбіретті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі өңірде бұқаралық, ұлттық спорттық ойындарды дамыту бағытында жұмыс жасап келеді. Спортшылардың жетістіктері де аз емес. Шиелі ауданында өткен облыстық «Алтын күз» спартакиадасында сынға түсіп, командалардың орта шеніне жайғасты», – деді аудан басшысы.
Бұл дүбірлі дода жалағаштықтар үшін жемісті болды деуге болады. Оған жеті ауданнан мыңнан аса адам қатысты. Қатысушылар асық ату, көкпар, тоғызқұмалақ, теңге ілу, қол добы, футбол, гір тасын көтеру секілді бас-аяғы он алты спорт түрінен бақ сынасты.
Нәтиже жаман емес. Алдағы бәсекелерде намысты қолдан бермей, аудан абыройын асырады деген үміттеміз.


Н.АЛМАС,
М.АХМЕТОВ (сурет).


13 қазан 2018 ж. 1 392 0