спортшыларға құрмет көрсетті
Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде спорт күні аталып өтіледі. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдегі спорт саласы өкілдерін қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Өңірде бұқаралық спортты, ұлттық ойынды дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда 18 алтын, 21 күміс, 32 қола медаль жеңіп алды.
Олардың қатарында халықаралық турнирлердің, әлем біріншіліктерінің, Азия чемпионатының жүлдегерлері Жақсыбек Жеңісбек, Арайлым Қанзада, Дидар Тәттібай, Тілеген Тынарбай, Арайлым Оразбай, Қызжібек Әбілда, Рамазан Айшыққан есімдерін ерекше айтуға болады. Кездесуде сөз алған өңір басшысы аудан спортының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ардагер-спортшыларға, жаттықтырушыларға алғыс білдірді.
– Ауданымызда бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы аудан бойынша 143 спорт нысандары жұмыс жасайды. Ағымдағы жылы облыс бойынша атқарылатын жобалар тізбесіне ауданнан 2 жоба енгізілді. Сонымен бірге, Мәдениет елді мекенінде спорттық кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы, спорт адам бойына жақсы қасиеттер қалыптастырып, сабырлы болуға үндейді. Қай уақытта да спорт жас ұрпақтың ойын сергітіп, қиялын ұштайтыны, тазалыққа, адалдыққа тәрбиелейтіні белгілі. Мереке қарсаңында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосқан барша спортшыларды, сондай-ақ, спортқа енді ғана қадам басқан жастарды, спорт ардагерлерін шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Басқосуда спорт майталмандары өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Барлығы да спорт саласында жетістікке жетіп, аудан абыройын асқақтатуға асық. Алайда, алыс-жақын өңірлерде ұйымдастырылатын сайыстарға баратын спортшылардың жол шығынын өтейтін қаржы мәселесі кей кезде қиындық тудырады екен. Мұны айтқан Оспан есімді ардагер алдағы уақытта салаға қаралатын қаржы көлемі ұлғайса деген ұсынысын жеткізді. Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев бұл мәселе де көп кешікпей шешілетіндігін айтып, келер жылы салаға қаралатын қаржыны қайта қарауды жауапты мамандарға тапсырды.
Салтанатты жиын соңында бірқатар сала мамандары мен жас спортшылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Н.ҚАЗБЕКОВ.