ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
Жыл басынан бері ауданда «Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту» орталығы жұмыс істеуде. Бұл стационарда науқастарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық деңгейде ем-дом шаралары жүргізіледі. Науқастың физикалық, химиялық және әлеуметтік факторлардың әсерінен бұзылған денсаулығын, функционалдық жай-күйін, еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруде бұл кабинеттің маңызы зор. Елдегі төтенше жағдайдың салдарынан жоғары қарқынмен жұмыс жасауға мүмкіндік болмаса да, орталық жұмысы жанданып келеді.
Қазіргі таңда аудандық аурухана жанынан ашылған қалпына келтіру орталығында 10 реабилитациялық төсек орны бар. Орталық ересектерге 5 неврологиялық, 3 кардиологиялық, 1 травматологиялық және 1 балалар травматологиялық төсек орындарымен қамтамасыз етілген. Тәуліктік стационарлық реабилитациялық емді ми инсультін, миокард инфарктін, жүрекке жасалған, омыртқа жотасына жасалған отаны, буын алмастыру отасын, аяқ-қол сынығынан кейінгі отаны басынан өткергендер 9 айға дейін қабылдай алады.
Реабилитация бөліміне жауапты дәрігер реабилитолог Әсем Шамитаева 2018 жылы осы салада білімін жетілдіріп, сертификат алған білікті маман. Орталықтағы медбикелер де осы салада тәжірибесі мол жандар. Реабилитация бөліміне жауапты дәрігер реабилитолог Әсем Шамитаеваның айтуынша, биыл амбулаториялық-емханалық оңалту түрі іске қосылған. Бұл ем түріне жоғарыда аталған жағдайдағы науқастар 9 айдан 3 жылға дейін жүгіне алады. Яғни осы ауруларды басынан өткергендерге реабилитолог дәрігердің тағайындауы және бақылауымен, амбулаторлы түрде емдік дене шынықтыру, массаж, физиопроцедуралық ем, психокоррекциялық ем, логопед сабақтары ақысыз жүргізіледі. «Оңалтудың негізгі мақсаты – науқастарды тұрмыстық және еңбек процесіне, қоғамға тез арада қайтару, қандай жағдай болсын аурудың бетін қайтарып, отадан кейінгі күтімді басты назарда ұстау болып табылады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін емдік қалпына келтіру құралдары қолданылады. Әсіресе сауықтыру шараларының ішіндегі ең маңыздысы – физикалық жаттығулар, емдік шаралар, массаж, физиопроцедуралық ем және ортопедиялық құралдар мен логопедпен жұмыс.
«Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды» көрсету деңгейі нозологияға, пациент жағдайының ауырлық дәрежесіне сәйкес оңалту бағдарының шкаласы бойынша анықталады. Бұл Мультидисциплинарлы тәртіп мамандарының қатысуымен қызмет етудің халықаралық жіктемесі немесе балалар мен жасөспірімдердің қызмет етудің халықаралық жіктемесі өлшемдері негізінде Био Әлеуметтік Функцияның бұзылыстарының қалыптастыру тәртібіне сәйкес айқындалады» дейді жауапты дәрігер Әсем Ортайқызы.
Жылдың басында аудандық емханаға 2,2 млн теңгеге жеті түрлі оңалту тренажерлары алынған. Алдағы уақытта нәтижелі емдеу мен инновациялық әдістер қолданыла отырып, ем-дом шаралары жасалмақ. Бұл аппараттар емдік курстарын жүргізуде көмегін тигізеді деп күтілуде.
Н.Алмас