ОРТАҒА БЕЙІМДЕЙТІН ОРТАЛЫҚ
Осыдан 4-5 жыл бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі ауруханалардың төсек орындарын оңтайландыру мақсатында реабилитациялық науқастарды емдеу палатасын ашуды ұсынған еді. Былтыр аудандар бойынша Сырдарияда қолға алынған игі шара өз жемісін беріп, бұл жұмысты өзге де аудандар жандандыра бастады. Орталықтың негізгі мақсаты – түрлі дерттің салдарынан инсульт алған науқастардың аяққа тұруына жұмыс жасау. Аудандық орталық ауруханада қаңтар айынан бастап реабилитациялық науқастарды емдеу палатасы ашылғанын естіп, орталық жұмысымен танысуды жөн көрдік.
Бұл бөлімшеде «кардиология және кардиохирургия», «травматология және ортопедия», «неврология және нейрохирургия» саласы бойынша ауырған науқастар жоспарлы түрде ем қабылдайды. Сонымен қатар, реабилитациялық науқастарды қалпына келтіру мақсатында аурухананың бірінші қабатында емдік сауықтыру, массаж және физиотерапиялық қызметтер көрсетіледі. Емнің бірнеше түрін жүргізуге арналған ауруханадағы арнайы кабинет түрлі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда реабилитолог дәрігер мен емдік сауықтыру жаттығуларын үйрететін медбике жұмыс жасайды.
Мамандардың айтуынша, ашылғанына көп уақыт болмаса да орталықта науқастар дертіне шипа тауып жатқан көрінеді. Мәселен, Ақсу ауылының тұрғыны Жақсылық Байғанаевтың осыдан біршама уақыт бұрын инсульттан сол жақ аяқ-қолында күштің азайғаны байқалады. Салдарынан науқас балтақтың көмегіне жүгінуге тура келеді. Осында портал арқылы жолданған жергілікті тұрғын бар болғаны 16 күннің ішінде дертінен құлан таза айыққан. Ал, тағы бір кент тұрғыны Бақытжан Упабековтың инсульт салдарынан аяқ-қолы түгелдей істен шығады. Мұндағы мамандар науқасты ыстықпен емдеу арқылы дертіне дауа тапты. Қазір 1973 жылғы азамат толық аяққа тұрмаса да, екі қолға жан бітіп, аяғы да ептеп қозғалуда. Бұл да орталық жұмысының үлкен жемісі деп білеміз.
Қайта қалпына келтіру бөлімшесінде инсульт, омыртқа жотасының жарақатын алған, омыртқа жотасына операциялар жасалған, ауыр бас ми жарақатын алған науқастар 1 жылға дейін ем алады. Медицина саласында 11 жылдық тәжірибесі бар Әсем Шамитаеваның айтуынша, мұнда аяқ-қолдың салдануы, сөйлеудің бұзылысы сияқты басқа да аурудың салдарын қайта қалыпқа келтіруде тындырымды жұмыс атқарылған. Сондай-ақ, орталықта дəрілік еммен қатар, физиопроцедуралар, жылумен емдеу, тоқпен емдеу, массаж, қарқынды дене шынықтыру, механотерапия, эрготерапия, психологиялық ем тəсілдері жүргізіледі.
Бұл емдердің бірқатары арнайы құрал-жабдықтармен жүзеге асуда. Сондықтан, олар медицина саласына жаңалық емес. Бізді әсіресе, осындағы физио ем жүргізу тәсілі қызықтырды. Ол қалай дейсіз ғой, тоқтың көмегімен мамандар ми қантамырларының жұмысын қалыпқа келтіреді. Мұның тағы бір тиімділігі жүргізілетін емнің бұл түрі науқастың қайта инсульт алуына толық тосқауыл болады.
Орталықтың ем жүргізу тәртібі мұнда науқастар арнайы портал арқылы жолданады. Жұмысын жуырда бастағанымен бүгінге дейін арнайы мамандар 10 адамның дертінен құлан таза айығуына сеп болды. Алдағы уақытта жаңа аурухана жұмысын бастаса, орталықтың қызмет ауқымымен бірге кабинеттер қатарын арттыру да жоспарда бар екен. Бұл – құптарлық бастама. Жемісін беріп жатқан жұмыстың ауқымын неге кеңейтпеске?! Бар болғаны бір сағаттың ішінде қанша науқастың ем алып жатқанын көрдік. Емнің көбі қарапайым жаттығу арқылы жүргізіледі.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).