» » АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН БИБАРАБА

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН БИБАРАБА

Дәрігердің тағайындаған емінің дұрыс жүргі­зілуі медбикелерге тікелей байланысты. Олар науқастарды бақылауға алып, емделушілердің уақытылы ем қабылдауын қадағалайды. 1983 жылы Қызылорда мемлекеттік медициналық колледжін тәмамдаған Бибараба Балханова да медицина саласына осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ақ халаттылардың бірі әрі бірегейі.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған Бибараба Балханова оқуды бітірген соң Қызылорда қала­сында 1985 жылға дейін еңбек етті. Іс тәжірибе жинап, өзінің алған білімін толықтырған соң туған жері Жалағаш өңіріне келді. Сол тұста аудандық аурухананың бас дәрігері болған Сахы Қабылаев ағамыз облыс орталығынан ауданға келген жас маманның ерік-жігері мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, жұмысына адалдығын аңғарып, медбикелік қызметке қабылдады. Бүгінде саналы ғұ­мырының 40 жылға жуығын осы салаға арнаған майталман маман аудандық емханаға қарасты №3 аймақта аға медбике болып қызмет атқарады.
– Өз мамандығыңа адал болып, емделушілердің жан дүниесін түсініп, олармен тығыз қарым-қатынас орната білсең, дерттің алдын алуға үлкен мүмкіндік туады. Мәселен, маған бекітілген аймақта қазіргі кезде 1630 адам дәрігердің бақылауында тұр. Оның 387-сі арнайы тіркеуге алынған. Бұлардың арасында 41-і мүмкіндігі шектеулі жан. Жұмыс барысында дәрігер Гүлжайна Әмірбектің (қазір декреттік демалыста) нұсқауы бойынша қасымдағы Самал Қалиянова, Майра Қызбалаева есімді медбикелермен бірге үйлерді аралап, әрбірінің жағдайымен жеке-жеке танысып шығамыз. Адам саулығына қызмет ету үлкен жауапкершілікті қажет ететіні анық. Осы жолды таңдап оқуға түсудегі басты мақсатымыз халыққа қызмет ету болса, сол мақсатым орындалды деп ойлаймын, – дейді жоғарғы санатты медбике.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз өз саласының қыр-сырын егжей-тегжей баяндағанымен өзінің атақ-мансабын, алған грамоталарын айтып мақтана қоймады. «Дертіне шипа іздеп келген жандардың сауығып кетуіне жәрдеміміз тисе, біз үшін одан артық марапат жоқ» деген Бибараба апамыз «Бастысы марапат емес, адам саулығына қызмет ету» деп сөзін түйіндеді.
– Халықтың алғысын алу – үлкен бақыт. Ол үшін адал қызмет ету міндет. Осы салада жүріп, отағасы Рысдәулет Ердулдаев екеуіміз 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Балаларым медецина мамандығын таңдаған жоқ. Өйткені менің жұмысымның жауапкершілігін, қиындығы мен қызығын, уақытпен санаспай жұмыс жасайтынымызды біледі. Сондықтан өздерінің жүрек қалауындағы мамандыққа икемделіп, әр салада еңбек етіп жүр. Жолдасым Рысдәулет, ұлдарым Бауыржан мен Батыржан жеке кәсіпкер. Ал Динара мен Мөлдір қыздарымның бірі мұғалім болса, екіншісі балабақшада тәрбиеші. Бастысы өз мамандығын сүйіп таңдаса, сол жолда еткен еңбек те жемісті болары анық, – дейді Бибараба апамыз.
Қорыта айтқанда, қырық жылға жуық бір бөлімде, бір ұжымда жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі медбике бұл салаға 22 жасында келіп, содан 36 жыл бойы денсаулық саласымен біте қайнасып, медбикелік мамандықты адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Жауапкершілігі мол саладағы қажырлы еңбегіне біз де табыс пен жеміс тілейміз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
19 мамыр 2020 ж. 816 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930