Жалған жаланың жалыны шарпыған
Өткен ХХ ғасырдың 1930-жылдарының соңында ұлт зиялыларының басына үлкен нәубет төнді. 1937 жылдың жаз айында басталған зиялы қауым өкілдерін қудалау науқаны жүйелі түрде 1950-жылдардың басына дейін жүргізілді.
1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін ұлт тарихында өзіндік терең із қалдырған осынау нар тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру мақсатында олардың есімдерін ұлықтау және еске алу шаралары үнемі жүргізіліп, тарихымыздың шаң басқан беттері ашыла түсуде.
Бұрын-соңды есімі аталмай, ел жадынан ұмыт бола бастаған асыл азаматтардың бірі – жерлесіміз Сермахан Тұрабаев еді. Ол кісі 1903 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы болыстығының №7 ауылында (кейіннен Қармақшы ауданы, №3 ауылдық кеңесі) дүниеге келген. 1936 жылдан ВКП (б) мүшесі. Қамауға алынғанға дейін Қармақшы аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
С.Тұрабаев 1938 жылдың 8 маусымында Қармақшы аудандық НКВД бөлімінің қаулысымен өзге жеті адаммен бірге тұтқынға алынып, үстерінен РСФСР Қылмыстық Кодексінің №58 бабының №2,7 және 11 санды тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оларға Кеңес үкіметіне қарсы әрекет еткен ұлттық ұйымның мүшесі болған, осы ұйымның тапсырмасымен партия мен үкіметтің шараларына қарсы ауданда дұшпандық-зиянкестік жұмыстар жүргізген, аудандық қаржы бөлімінің саласы бойынша жеке секторды қуаттап, оларға салық салмаған, колхоздар үшін ауданға ауыл шаруашылығы машиналарын әкелуге ешқандай шара көрмеген, колхоздарға минералдық тынайтқыштар беру жұмыстарын жүргізбеген, ауыл шаруашылығын өркендету жөнінде жоспарлы жұмыстарды бетімен жіберген, финанс тәртібін бұзған, мұғалімдерге 2-3 айлап еңбекақыларын төлемеген, бюджет қаржысын заңсыз артық жұмсаған секілді дұшпандық жұмыстар жүргізумен айналысқан деген айыптар тағылған. Қызылорда облыстық сотының көшпелі сессиясы 1939 жылғы 10 қыркүйектегі үкімімен Сермахан Тұрабаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруға, негізгі жазасын өтегеннен кейін 5 жылға саяси құқығын жоюға соттап, еңбекпен түзеу лагеріне жіберген. Алайда Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істерді қарайтын сот коллегиясының 1940 жылғы 26 шілдедегі ұйғаруымен Қызылорда облыстық сотының 1939 жылғы 10 қыркүйектегі үкімі толығымен бұзылып, РСФСР Қылмыстық Кодексінің №58-бабының №2,7,11 санды тармақтары айыптау ісінен алынып тасталған.
Қызылорда облыстық НКВД басқармасының тергеу бөлімі Қазақ ССР Жоғарғы Сотының 1940 жылғы 26 шілдедегі ұйғаруымен қылмыстық істі өндірістен қысқартқаннан соң С.Тұрабаев толық ақталып, лагерьден босатылады.
Аман-есен елге оралысымен С.Тұрабаев Жалағаш аудандық кеңес атқару комитетіне жұмысқа орналасып, кейіннен мемлекеттік банктің директоры, жинақ кассасы мен мал дайындау мекемелерінің меңгерушісі, «Еңбек» колхозы басқармасының төрағасы болып қызмет атқарды.
Білікті ұйымдастырушы С.Тұрабаев шаруашылығы тұралап, артта қалған «Еңбек» колхозын екі-үш жылда алдыңғы қатарлы шаруашылық етіп шығарады. 1956 жылы колхоз мемлекетке астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыру жоспарын ауданда бірінші болып артығымен 150 пайызға асыра орындайды. Осы ерен ерлігі үшін колхоз төрағасы С.Тұрабаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Аяулы азамат 1989 жылдың наурыз айында Жалағаш қыстағында ауыр науқастың салдарынан қайтыс болды. [ҚОҚСТМА, 234-Қор, 11-Тізбе, 63-Іс. 2-19 б.б.]
Республика және облыс көлемінде ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерді атқарған тағы бір жерлесіміз, қоғам қайраткері Хамза Сарбасов 1895 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Перовск уезі, Қышбөгет болыстығының аумағында дүниеге келген. 1904 жылы Аламесектегі орыс-түзем мектебіне оқуға қабылданып, оны 1909 жылы бітірген. 1911 жылы Ташкент қаласындағы мақта зауытына жұмысшы болып орналасады. 1916 жылы Ташкентте жасақталған №6 атқыштар полкінің құрамында майданға аттанып, №5-ші инженерлік құрылыс батальонында өзге бұратана халықтардың өкілдерімен бірге герман әскерлеріне қарсы соғысып жатқан орыс армиясы үшін майдан даласында окоптар қазу, далалық бекіністер салу секілді қара жұмыстарды атқарады. 1918 жылғы Германия және Кеңестік Ресей арасындағы Брест бейбіт келісімінен кейін Хамза Сарбасов елге оралады.
1918 жылы Азамат соғысы басталысымен Хамза өз еркімен Қызыл Армия қатарына қабылданады. 1918-1919 жылдары Ақтөбе майданында атаман Дутовтың армиясын талқандауға қатысады.
1918-1920 жылдар аралығында Түркістан өлкесі әскери коллегиясының мүшесі Г.А.Колузаев басшылық жасаған І дербес Ташкент полкінің құрамында Ферғана майданында Ерғаш, Мадамин бек, Осипов, полковник Монстров секілді дала командирлері (курбаши) басқарған басмашылар мен ақ гвардияшылар отрядтарына қарсы соғысады.
Ол кісінің кенже баласы, Хамзаев Түгел ақсақалдың айтуына қарағанда, Х.Сарбасов басмашылармен болған шайқастарда көрсеткен ерлігі мен мергендігі үшін азамат соғысының символына айналған «Маузер К96» маркалы тапаншасымен марапатталған екен. Бұл қаруды 1938 жылы Х.Сарбасовты тұтқындауға келген НКВД қызметкерлері өзге заттармен қоса тәркілеген.
1921 жылы азамат соғысы аяқталғаннан соң Х.Сарбасов Ташкенттегі екі жылдық педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны 1923 жылы бітіріп шығады. Диплом алысымен Қызылорда қаласына келіп, 1927 жылдың қазанына дейін мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1926 жылдың 14 тамызында ВКП (б) мүшелігіне қабылданады.
1928 жылдың 19 ақпанында Қызылордадағы жұмысшылар факультетінде мұғалім, 1929-1930 жылдары Қызылорда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі бола жүріп білімді кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты балалар үйінің директорлығы қызметін қоса атқарады. 1930 жылы Алматы қаласындағы педагогикалық техникумының мұғалімі қызметіне тағайындалады.
1930-1931 жылдары Қарақалпақстанда облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығы қызметін атқарған. Ташкенттегі Тарих институтының экономика факультетінің курсын бітіріп, 1933 жылдың тамызында Алматы музыка мектебінің директоры қызметіне тағайындалады.
1934 жылдың қыркүйегінен Алматы педагогика институтының директоры, 1936 жылдың басынан оқу жылының аяғына дейін Қызылорда медициналық техникумының директоры, 1936-1938 жылдары Қызылордадағы жұмысшылар факультетінің директоры, кейіннен Қызылорда облыстық халық-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүргенде 1938 жылдың 31 мамыры күні тұтқынға алынып, абақтыға қамалады.
1939 жылдың 11 маусым күні Қызылорда қаласында өткен облыстық соттың арнайы коллегиясының отырысында Хамза Сарбасовқа Қылмыстық Кодекстің атышулы №58 санды бабының бірнеше тармақтары бойынша ауыр айыптар тағылады. Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінен табылған сот үкіміне көз жүгіртсек (архив құжаттарының жазу стилі мен орфографиясы еш өзгеріссіз қалдырылды – Қ.Ж.).: «Айыпкер Сарбасов Хамза, қазақ, 1895 жылы туған, туған жері Тереңөзек ауданы, Қызылорда облысы, бұрынғы №11-ауылсоветі, СССР азаматы, осы қылмысы жайында партиядан шығарылған. Семьялы, негізі кедей, кәсібі – қызметкер: бұрын сотты болмаған. Осы қылмысты істегенде облыстық ағарту бөлімінің бастығы болып қызмет істеген. Бұл қылмысы жайында 1938 жылдың 31 мамыр айынан қамауда. Қылмысы Қ.З-ның №58, п.2-7-11 ст.-мен зерттелген. Алдын ала тергеудегі материалдармен танысып, сот тергеуімен табылғаны: Айыпкер Сарбасов Хамза Қазақстанда болып келген ұйымшыл-контрреволюциялық ұйымға мүше болып, ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымның қатарын көбейту үшін бұрынғы Қызылорда ауданында басшы қызметте отырып жаңадан мүшелікке адамдар тартқан. Айыпкер Сарбасов Хамза ұлтшыл-контреволюциялық ұйымға 1926 жылдан бастап мүше болып кеңес-ағарту оқу бөлімінде қызмет істеп, Совет үкіметіне қарсы жұмыс істеген. Алма-Ата қаласында Қазақ музыкалық театрында қызметте болып, смета бойынша «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан» пьесаларын қою үшін 50 мың сом қаражат белгіленген болса, өзінің зиянкестік мақсатымен екі ойынның постановкасына 120 мың сом қаражат жұмсаған. Қызылорда қаласындағы рабфак КазГУ мектебінде директор болып тұрғанда мектеп ремонтын уақытында жүргізбеген, оқытушылардың жалақысын кеміткен. Оқу Комиссариатының рұхсатынсыз рабфакта дайындық бөлімін ашқан. «Ленин туы» газетінің директоры болып тұрғанда әдейі қасақаналықпен саяси теріс бағытта мақалалар бастырған. Үкімет мүшелерінің суретін теріс бағытта өзгеріспен шығарған...» дей келе «...Айыпкер Сарбасов Хамзаны Қ.З.-ның №58-п.,2-7-11 ст.-мен айыпты деп тауып, 2 қазан 1937 жылғы үкімет қаулысына лайық он бес (15) жыл бас бостандық еркінен айыруға, Қ.З. 31-34 п. «А» ст.-ның тәртібі бойынша берілген жазаны өтегеннен кейін 5 (бес) жыл сайлау правосынан айырып, өзіне тиісті мал-мүлкін кәмпескелеуге үкім етті...» деген сот үкімі шығады. [ҚОҚСТМА, 268–Қор, 1–Тізбе, 49–Іс, 5-6 п.п.].
Артынша-ақ, Х.Сарбасов Магадан облысындағы еңбекпен түзеу лагеріне айдалады.
Кейіннен облыстық НКВД басқармасының тергеу бөлімі облыстық прокурордың шағымы бойынша оның ісін қайта қарап, 1941 жылдың сәуір айында толық ақтау жөнінде қаулы шығарады. Бұл қаулыда «Сарбасов Хамза...спецколлегией Кзыл-Ординского Облсуда осужден на 15 лет лишения свободы с последующим поражением в политических правах на 5 лет. Указанный приговор по протесту прокурора КазССР Верх.Судом КазССР был отменен, а дело возвращено на новое расследование.
11 апреля 1941 года УНКВД по протесту облпрокурора от 7 апреля 1941 года–дело по обвинению Сарбасова Хамзы прекращено за недостаточностью улик для предания суду...» делінген. [ҚОҚСТМА, 268–Қор, 1–Тізбе, 49–Іс, 8-парақ].
Сөйтіп, Х.Сарбасов 1941 жылдың көктемінде толық ақталып, елге оралады. Елге келгеннен кейін ол кісі 1941-1946 жылдар аралығында Тереңөзек ауданында колхоз төрағасы, мектеп директоры, қарапайым мұғалім болып қызмет атқарып жүріп, кейіннен сырқаттығына байланысты ұстаздық жұмыстан босатылып, 1947 жылдың 1 маусымында туған жері Аламесекте дүниеден өтеді.
***
Тағы бір жерлесіміз Әбдірашит Бердәулетов 1898 жылы Перовск уезі, Байұзақ болыстығының №7 ауылының аумағындағы (бұрынғы Аманкелді ауылдық Советінің «Елтай» колхозы) «Арықпанның қыстауы» деген жерде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Жасынан тұрмыс ауыртпалығын көп көрген әкесі Бердәулет баласын сауаттандыру мақсатында оны Қауымбай молданың мектебіне берген.
Елде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Ә.Бердаулетов «Қайыршақты» және «Иіркөл» маңындағы отырықшы елде жалшы жастар үйірмелерін ұйымдастырып, олардың саяси сауатын ашу жұмыстарымен айналысады. Кейінірек Байұзақ және Жалағаш (Маслов) болыстықтарында бастауыш партия ұйымдарын құру және оларды нығайту жұмыстарына белсене атсалысады.
1925-1929 жылдар аралығында бастауыш мектепке айналдырылған қазіргі Қалжан ахун мешіт-медресесінде мұғалім болып, бала оқытады. 1926 жылы ВКП (б) мүшелігіне өтеді. 1929-1930 жылдары Тереңөзек аудандық халық-ағарту бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Осы жылдары оқу-ағарту мекемелерін басқарады, аудандық атқару комитеттерінде басшы жұмыстарда жүріп, мектеп оқулықтарын жасау, қазақ тілінің емлесін жазудағы педагогтар тобында М.Алшынбаевпен бірге жұмыс істейді. 1930-1931 жылдар аралығында партия қызметіне жоғарылатылып, Қармақшы аудандық партия комитетінде хатшылық жұмыс атқарады.
1931-1934 жылдары республикалық Жоғарғы партия мектебінде (КомВуз) оқиды. 1934 жылы аталған оқу орнын бітіргеннен соң Қазақ Өлкелік комитеті оны Оңтүстік Казақстан облыстық партия комитетінің қарамағына жібереді.
Оңтүстік Қазақстан ВКП (б) облыстық комитеті бюросының 1934 жылғы 21 қазан күнгі шешімімен Ә.Бердәулетов Түркістан аудандық «Қызыл Түркістан» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. [ОҚОҚСТМА, 182-Қор, 7-Тізбе, 651-Іс, 18-парақ]
Ә.Бердаулетов бірнеше мәрте аудандық партия комитеттерінің құрамына және бюро мүшелігіне, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия конференциясына делегат болып сайланады. 1937 жылы «Қазақстанның ХV жылдығы» кеуде белгісімен марапатталады.
Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінен алынған құжатта «...Бердаулетов Абдрашит был членом бюро Туркестанского райкома партии в 1937 году, награжден значком «15-летия Казахстана». На VІІ Туркестанской районной партийной конференции, которая проходила 15 мая 1937 года, избирался членом райкома, делегатом на ІІІ областную партийную конференцию, которая проходила с 25 мая по 2 июня 1937 года» деген анықтама берілген. [ОҚОҚСТМА, 182-Қор, 7-Тізбе, 651-Іс, 25-парақ].
Әбдірашит Бердәулетов 1937 жылдың қараша айында тұтқынға алынып, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1938 жылғы 24 маусымдағы үкімімен 15 жылға сотталып, бір жылдан кейін еңбекпен түзеу лагерінде қайтыс болады.
Араға отыз жыл салып барып әділеттілік салтанат құрып, Ә.Бердәулетов ССРО Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының 1967 жылы 7 ақпандағы шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, толық ақталады.
Қазақ ССР Жоғарғы Сотының 1967 жылғы 8 желтоқсан күні берілген №13/7-13/67 санды анықтамасында «Дело по обвинению Бердавлетова Абдрашита, 1898 года рождения, до ареста работавшего редактором газеты «Кзыл-Туркестан» пересмотрено судебной коллегией по уголовным делам Верховного Суда Казахской ССР 7 февраля 1967 года.
Приговор Южно-Казахстанского областного суда от 24 июня 1938 года в отношении Бердавлетова Абдрашита отменен и дело производством прекращено за отсутствием в его действиях состава преступления. Бердавлетов Абдрашит–реабилитирован» деп көрсетілген. [ОҚОҚСТМА, 182-Қор, 7-Тізбе, 651-Іс, 29-парақ].
Қазіргі таңда Мөрәлі Шәменов атындағы ауылдың орта мектебі мен Қызылорда қаласындағы бір көше Әбдірашит Бердәулетовтің атымен аталады.
Қорыта айтқанда, заманында қазақ халқының азаттығын армандап өткен жерлестерімізді еңбегіне сай бағалап, аудан жұртшылығы мен өскелең ұрпақтың санасында мәңгілікке қалдыру мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырып өткізу баршамыздың парызымыз. Елге еңбегі сіңген азаматтарымыздың есімдері ұмытылмай қастерленуге тиіс.
Қанат ЖАПАҚОВ,
музей қызметкері