БИЫЛҒЫ СЫНАҚ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК ӨТЕДІ
Биылғы ҰБТ сынағы бұрынғыдан өзгешелеу өтеді. Пандемияға байланысты шектеулер болады, сонымен бірге мектеп бітіруші түлектерге жеңілдіктер жасалатын сияқты. Әрине, бұл шектеулер мен жеңілдіктер баланың келешегіне немқұрайлы қарау емес, керісінше, олардың денсаулығына, бас амандығына алаңдағаннан қабылданып отырған оңтайлы шешім деп түсінгеніміз жөн.
Мәселен, биылғы ҰБТ сынағы жылдағыдай көпшілік түрде өтпейді. Яғни балаларына ата-аналарының еріп келіп, тест тапсыру орталығының айналасына шоғырлануға шектеу қойылды. Алайда аудандық білім бөлімі тарапынан әлеуметтік желідегі ата-аналардың чаттарына сілтеме жіберіледі және емтихан уақытында әрбір ата-ана сол сілтеме арқылы онлайн түрде тікелей байланысқа қосылуға мүмкіндігі бар. Сынақ тапсыру сәтінде де түлектердің қауіпсіздігі басты назарда болады. Емтиханға кіретін түлектер бес саты бойынша залалсыздандырылады. Ең алдымен олар арақашықтығы 2 метр болатын ленталардың бойымен бір-біреуден оқшауланып өтеді, содан соң жабық тоннельден өтіп, үстерін толық залалсыздандырады, одан кейін ылғалды кілемшелер арқылы аяқ киімдерінің табандарын сүртеді, төртінші кезеңде сырттан киіп келген маскасын арнайы қоқыс жәшігіне тастап, жаңасын ауыстырады, соңғы сатыда арнайы сұйықтықпен қолдарын жуады. Аудитория ішінде де арақашықтыққа баса мән беріледі және бұл қауіпсіздік ережелері қатаң тәртіп негізінде жүргізіледі.
Сондай-ақ биыл республика бойынша ҰБТ сынағын тапсырушыларға электронды есептегіш құрал (калькулятор) пайдалануға рұқсат беріледі және Ұлттық тест орталығынан арнайы келген ол калькуляторлар алдын ала тест тапсырушылардың парталарына бекітіледі. Сосын тағы бір өзегешелік, биыл тест тапсыру межесіне 10 минут уақыт қосылады. Бұл – оқу жылының соңында 4-тоқсан бойы қашықтан оқып, кейбір оқу бағдарламаларын толықтай меңгере алмаған оқушыларға жасалып отырған жеңілдік. Алайда, соған орай түлектерге деген басқаша талаптар қатая түспек. Мәселен, биыл тест тапсырушыны кіре берістен тексергенде қалтасынан, қойын-қонышынан шпаргалка, ұялы телефон табылса, ол емтиханнан шеттетіледі. Яғни сынаққа мүлдем қатыстырылмайды және қанша уақыттан бергі дайындығы жоққа шығарылады. Аудиторияда осындай жағдай орын алса да тест тапсырушыға бұрынғыдай ескерту жасалып, жалғастыруға мүмкіндік берілмейді. Сондықтан бұл сынақ тыңғылықты дайындықты талап етеді.
Биыл мектеп бітірген 271 баланың 232-сі ҰБТ сынағына қатысады деп күтілуде.
Қуат АХЕТОВ