МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ: аудан көрсеткіші – 72,8 пайыз
Осыған дейін аяулы ұстаз, ардақты ата-ананың үкілі үмітін арқалаған мектеп бітіруші түлектер сынақ тапсырып, өз білімдерін сынға салған еді. Міне, еліміздің Білім және Ғылым министрлігі 2018-2019 жылғы білім гранттарын алған түлектердің тізімін жариялады.
Жаңа оқу жылына мемлекет тарапынан 53 594 грант бөлінді. Оның 25 мыңы техникалық және технологиялық мамандықтарға, 9499-ы педагогикалық мамандықтарға бағытталып отыр. Ауыл шаруашылығы мен ветеринарияны таңдағандарға 2 785 грант берілген. Медициналық университеттерге түсемін дегендердің 2 700-і бұл сала бойынша тегін білім ала алады. Ал, гуманитарлық мамандықтарға мемлекет 1 450 грант бөлді.
Қуантарлығы, Жалағаш ауданы бірнеше жылдан бері білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп, ұлттық бірыңғай тестілеуде алдыңғы саптан көрініп келеді. Биылғы жылы да үміт ақталды деуге болады. Аудан бойынша барлығы 246 түлек ҰБТ тапсырып, оның 179-ы мемлекеттік грантқа ие болды. Яғни, 72,8 пайызы тегін оқуға мүмкіндік алды. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша – 74, медицина саласы бойынша – 15, техникалық мамандықтар бойынша – 58, ауыл шаруашылығы саласы бойынша – 22 және өзге де мамандықтар бойынша 10 грант иегері бар. Мұнан өзге, әскери грант иегері – 6, «Серпін» бағдарламасы бойынша жоғарғы оқу орнына түсушілер саны 82 болса, 1 түлек шетелде білім алуды көздеп отыр. Бұлар да жоғарғы оқу орнына түскен грант иегерлері. Алдағы уақытта колледждер бойынша гранттар тізімі белгілі болады. Әзірше, ауданымыздың облыс көлемінде салыстырмалы түрде қай орында тұрғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, жоғарыда көрсеткеніміздей, түлектердің 72,8 пайызы мемлекеттік грантты жеңіп алғанының өзі қуантарлық жағдай.
Айта кету керек, 2017 жылы барлығы 293 бітіруші сынақ тапсырса, оның 192-сі жоғарғы оқу орнына түскен. 142-сі мемлекет есебінен оқыса, «Серпін» бағдарламасы бойынша 74 түлек білім алуда.
Біз өз кезегімізде лайықты білім алып, халқына қалтқысыз қызмет етер жастарға үлкен үмітпен қарап, бағы таймасын, бабы шапсын демекпіз.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.
Пікір 3