Алаша хан кесенесінде жатқан кім?
Бүгінде Ұлытау өңірінде жатқан Алаша хан қазақ хандарының арғы бабасы болып есептелінеді. Аңыз деректер оны арғы замандарға апарса да, тарихи шындық осындай. Алайда қазақ хандарының шежіресін тарқатсақ, одан Алаша ханды таппаймыз. Қазақ хандарының арғы бабасы – әлемге әйгілі Шыңғыс хан, ал түп атасы оның үлкен ұлы Жошы екені анық бола тұрса да, одан тарайтын ұрпақтардың қайсысы қазақ билеушілерінің ататегін құрайды деген мәселені анықтауға келгенде деректер екіге жарылады. Олардың біразы («Муиз ал-Ансаб», «Таварихи Гузидайи», «Нусрат-наме», Өтеміс қажының «Чингиз намесі») қазақ хандарының арғы атасы Жошының кіші баласы Тоқай Темір деп көрсетсе, ал деректердің тағы бір тобы (Рашид ад-Диннің «Жами ат-Тауарихы», Натанзидің «Ескендір анонимі») қазақ хандарының ататек шежіресін Жошы ханның үлкен ұлы Орда-Еженнен таратады. Осы соңғы пікір қазақ хандарының шығу тегін арнайы зерттеп жүрген қазақ зерттеушілерінен (Т.Сұлтанов, З.Қинаятұлы, М.Әбусейітова, Б.Кәрібаев және т.б.) қолдау тауып отырғандықтан, біз де осыған қоcылатынымызды білдіреміз. Ал қазақ хандары шежіресінің басында тұрған Жошының Шыңғыс ханның үлкен ұлы екені елдің бәріне белгілі. Ал енді Орда-Ежен – осы Жошы ханның үлкен ұлы. Яғни Жошының үлкен ұлынан тарайтындықтан, алғашқы қазақ хандарының жошылық сұлтандар арасында жолы үлкен. Таққа таласқандар арасында Жошының кіші ұлы Шайбаннан тарайтын Өзбектер ұлысының ұрпағы Әбілқайыр мен үлкен ұл Орда(Ордана)-Еженнен тарайтын Жәнібек пен Керейдің алауыздықтарының басты себебі де, міне, осыдан бастау алады.
Ал енді қазақ хандарының бабасы Алаша хан кім?
Иә, мұндай сауалдың туындауы орынды. Өйткені мұндай есім қазақ хандары шежіресінде кездеспейді. Қазақ хандарының ататек шежіресін талдағанда денесі Жошы ханның мазарына жақын аймаққа қойылған Алаша хан еріксіз еске түседі. Кейбір зерттеушілер мұны қазақ хандарының және олардың соңынан ілескен халықтың жауға шапқанда «Алаш!» деп ұрандауымен байланыстырғысы келеді. Алайда түркі тілінде болсын, қазақ тілінде болсын «Алаша» мен «Алаш» екі түрлі мағынада айтылатындай. Қазақ еденге төселетін тоқыма төсенішті де алаша дейді. Қазақта Байұлының құрамында алаша атты ру да бар. Алайда мәселені шатастыра түсетін тағы бір нәрсе бар: тарихи зерттеулер «Алаш» есімін «Алаша» атанған тарихи тұлғамен де қатар береді. Кейде бұл атаулар бірін-бірі ауыстырып отырады.
Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты іргелі еңбегіндегі Алынша (Алаша) деп аталатын шежірелік тұлғаны ауызға алады. Сонымен қатар осы Алынша туралы Рашид ад-диннің еңбегінде де нақты айтылып, ол келтірген шежіреде Алынша Түрік деген ежелгі тұлғаның тікелей ұрпағы ретінде көрсетілген. Осы екі шежіре бойынша Алыншадан, яғни Алашадан Моңғол және Татар атты ағайынды кісілер туған.
Байқауымызша, «Алаша» атауы түрік және моңғол тілдерінде екі түрлі түсіндіріледі. Мәселенің мән-мағынасын ежелгі Орхон жазуындағы Білге қағанның кешеніндегі «Алты есір (тақ)» деген ұғымның мәнін Білге қаған мәтінінен іздестірген белгілі түркітанушылар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы кезінде былай деп жазған еді: «Түріктер қағанат орталығын Орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. ...Біздің бұл ойымыз әлі де тереңірек зерттей түсуді, зерделей түсуді қажет етеді» (Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. – Астана, 2005. 264-б.). Мұндай пікірдің туындауына себеп осы Орхон жазуларында кездесетін «есір» аталатын аласа немесе кіші орындықтың мән-мағынасына байланысты. Белгілі түркітанушы Н.Базылхан Тұнық-ұқ бітіктасының мәтінін талдағанда бұл мәселеге мынадай түсініктеме берген еді: «Көне моңғол тілінде «eseri//esiri>исер» – аласа, арқасыз орындық деген мағына білдіреді», – дейді. Бұл ұсыныстар негізінде Қ.Сартқожа «Орхон мұралары» еңбегінде есір // тақ (хан тағы) деп қарастырған.
Аталмыш пікірлердің ішінде «езир // бүркіт, есир // тапалша, арқасыз бүктемелі орындық, хан тағы» деген болжам орынды. Қайсысы дұрыс екені егжей-тегжейлі зерттеудің барысында жан-жақты дәлелденері сөзсіз» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Т.ІІ. – Алматы, 2005. 110-б.).
Біздіңше, әңгіме ханның алтын тағы туралы емес, ханға бағынышты ұлыстарды билеушілердің, яғни екінші қатардағы тақ иелері туралы болып отыр. Сондықтан да жоғарыда айтылған аласа орындыққа отырғандарды мемлекетті билейтін ханнан кейінгі ұлыс билеушілері деп қабылдағанымыз жөн сияқты. Дегенмен де келтірілген деректер ежелгі түрік-моңғол тіліндегі «есір» сөзімен «алаша» немесе «аласа» ұғымдарының арасында байланыс бар екенін көрсететіндей. Ал енді «Алаша» атауының Орхон жазуларында кездеспеуіне қарағанда, бұл ұғым VІІІ ғасырға дейін әлі де қолданысқа кеңінен ене қоймаған.
М.Қашқари өзінің әйгілі еңбегінде бұл мәселеге «АЛАШҰ – баспана, кепе» деген нақты түсініктеме берген еді (Қашқари М. Түрік сөздігі. 3 томдық. І том. – Алматы, 1997. 166-б.). Дәл осыған ұқсас мағынаны В.В.Радловтан да кездестіреміз. Ол «Алаша» деген сөзді «аласа, яғни кіші» деп түсіндіреді (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т.1. – СПб., 1893. 365-366 бб.). Бұдан аңғаратынымыз, ХІ ғасырдағы Алашұ диалект түрінде біртіндеп азғана өзгерістерге ұшырап, кейініректе «аласа» деген қазақ сөзіне айналған. Кезінде хан емес, екінші қатардағы тұлғаларға түркілер «Алаша» (кіші, аласа) деген есімді берсе, шағындау ұлыстар мен екінші қатардағы ордаларды да осылай атаған. Мұнан байқайтынымыз, «Алаш» атауы үлкен орданың емес, шағын «аласа (алаша)» баспананың, ал этникалық тілмен айтар болсақ, үлкен қағанаттың емес, жеке ұлыстың атауын байқатады. Иә, сонымен, айтылғандарды топшыласақ, алғаш түрік тіліндегі «Алашұ», яғни «баспана, кепе» деген мағына берген және ұмытылған түркі сөзі мағынасы өзгермей, кейініректе біртіндеп «аласа» деген ұғым орын берген. Ал моңғол және қалмақ тілдеріндегі «алаша» мүлде басқа – «кісі өлтіруші» деген ұғымды беретін біздің тілге бөтен сөз. Сондықтан да кейінгісін алғашқысымен шатастырмағанымыз жөн. Яғни «Алаш» ұғымын түсіндірген кезде онымен қабаттастыра қалмақ тіліндегі «Алаша» атауын да түсіндіруге тырысушылық дұрыс бола қоймайды. Оның үстіне тарихымызда түркі тіліндегі «Алашты» моңғол-қалмақ тіліндегі «Алашамен» салыстыра қолдануға ешбір қажеттілік те, негіз де жоқ деп ойлаймыз. Солай бола тұрса да, түріктің «Алашұ», яғни «баспана, кепе» деген (немесе Аласа, екінші хан) мағынадағы сөзін немесе моңғолдың «Алаша», яғни ұнамсыз тұрғыда «қанішер», «кісі өлтіруші» атанған кейінгі тарихи қайраткер тұтас ұлысқа ұран болған деудің өзі де ешбір қисынға келмейді. Жалпы, қазақтың жауынгерлік ұраны «Алаша» емес, «Алаш» екенін ұмыта алмаймыз. Иә, тарихымызда басын ашып алуды қажет ететін маңызды мәселе – «Алаш» атанған тарихи тұлғаның қазаққа жауынгерлік ұран болуы туралы. Этнограф В.В. Радлов (Ф.В.) (1837-1918) «Алаш» ұғымына бірнеше түсінік бере келе, оны «бүкіл қырғыз (қазақ) халқының жауынгерлік ұраны» деп атап көрсеткен еді (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т.І. 365-366 бб.). Бұл рас. Тарих дүрбелеңдерінде Алаш атанған қайраткер біртіндеп ұмытылып, аңызға айналса керек. Дегенмен халық жадында ол жауынгерлік ұран ретінде, аңыз тұлға түрінде сақталып қалған. Егер бұл айтылғанды нақтылай түсер болсақ, «Алаш» атауын жеке тарихи тұлғамен байланыстыру кейініректегі (ХІV ғасырдың соңындағы) аңыздарға да жатады. Мысалы, бізге мынадай аңыз белгілі: «...Хижраның 780-790 жылдары шамасында (ХІV ғасырдың соңы) түрікше сөйлейтін 32 тайпаның қол астында 500 немесе 600 отбасы болған бір ханның тұтқын әйелінен «ала» аталған бала туады. Хан бәйбішесінің айдап салуымен баладан құтылмақ болып, оны Сырдарияның арғы бетіне апарып тастайды. Мұнда оны бір кедей бала етіп асырап алады. Кейіннен жігіттің батырлық ерліктерімен аты шығып, оның жеңістері туралы хабар ханға жетеді» (Қазақстан тарихы. Бес томдық. Т.ІІ. – Алматы, 1998. 299-б.). Бұл аңызға сенер болсақ, қазаққа ұран болған «Алаш» атауы Қазақ хандығы құрылардың қарсаңында тарих сахнасына шыққан болып табылады. Бұл ауызша шежірелік деректер мәліметтерімен де үйлеседі. Моңғол ұлыстары ыдырай бастаған тұста, ХІV-ХV ғасырлар тоғысында Дешті Қыпшақ даласын Алаш баһадүр атты тарихи тұлға биледі. Ол Әбілқайырдың ықпалды замандасы еді. Алаш баһадүр, әсіресе, кезінде Орда Ежен ұлысына, яғни Ақ Ордаға қараған түркі тайпаларына қадірлі болса керек. Бұлар, әрине, Әбілқайыр хан билеген аймақтың тайпалары еді. Сондықтан ханның өзі де осы Алаш баһадүрмен әрқашан санасуға мәжбүр болды. Болашақ қазақ даласында есімі елге әйгілі осы тұлға қазақты құраған негізгі түркі тайпаларына беделді болып, оның есімі жауынгерлік ұранға айналды деп ойлаймыз. Қазақтың ХІV-ХV ғасырлардағы бабасының Алаш аталуы да осыдан болса керек. Яғни халқымыздың аты Шыңғыс тұқымынан сайланатын Алаша ханның емес, халық арасынан шыққан Алаш баһадүрдің атымен аталатынын мойындағанымыз дұрыс болады. Сонымен, осылардың бәрін қорыта келгенде мынаған тоқталамыз. «Алаш» этнонимі – ежелгі түрік сөзі, кейінірек жеке тарихи тұлғаның атына айналып, ұлыс аты да осыдан шыққан. Қазақты құраған ірі алты түркі ұлысының атауы да осыдан бастау алады. Олар: жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ. Бұлардың ішіндегі үлкені – Қ.Жалайыри айтқандай, жалайыр. Оның үстіне біз айтып отырған Алаша хан лауазымын иемденген, яғни алтын тақта отырған тарихи тұлға болса, ал Алаш атанғандар ақсүйек емес, қара бұқара арасынан шыққан баһадүр, яғни қол бастаған халықтық батырлар. Қазақтың шығу тегін сипаттайтын шежірелік деректерде және шежірелік дастандарда Алаш – халықтық тұлға, батыр. Сондықтан да күллі қазақтың жаугершілік ұранына айналған Алаша хан емес, Алаш атты тұлға десек, шындықты айтамыз деп ойлаймын. Өйткені қазақ рулары мен тайпаларында бірде-бір ханның есімі жауынгерлік ұран ретінде қолданылмаған. Тіптен «Шыңғыс ханнан тарадық» дейтін қазақ төрелерінің өздері де «Арқар!» деп ұрандаған.
Осы айтылғандар Алаша хан атанғандарды Алаш атанғандармен шатастырмай, оларды екі бөлек қарастыруды қажет етеді. Өкінішке қарай, осы мәселеге қалам тербеткен басы Ш.Уәлихановтан бері қарайғы білікті тарихшыларымыз түгелдей, екі түрлі атау – «Алаша» мен «Алашты» ажыратпай, бұларды бір атау, бір есім ретінде зерттеді. Бұған себеп – Г.Потанин ел аузынан жазып алған аңызда денесі ала болып туған ұлды кейін халық алаша, киізге отырғызып, хан көтереді. Бұл аңыздың мазмұны мынадай: «...Хижраның 780-790 жылдары шамасында (ХІV ғасырдың соңы) түрікше сөйлейтін 32 тайпаның қол астында 500 немесе 600 отбасы болған бір ханның тұтқын әйелінен «ала» аталған бала туады. Хан бәйбішесінің айдап салуымен баладан құтылмақ болып, оны Сырдарияның арғы бетіне апарып тастайды. Мұнда оны бір кедей бала етіп асырап алады. Кейіннен жігіттің батырлық ерліктерімен аты шығып, оның жеңістері туралы хабар ханға жетеді» (Қазақстан тарихы. Бес томдық. Т.ІІ. – Алматы, 1998. 299-б.) Бұл аңызға сенер болсақ, қазаққа ұран болған «Алаш» атауы Қазақ хандығы құрылар қарсаңында тарих сахнасына шыққан. Бұл ауызша шежірелік деректерге де жақын тұр. Алайда мұнда да екі түрлі ұғым – Алаш және Алаша біріктіріліп жіберілген.
Тағы бір үлкен және басты қателік – зерттеушілердің бәрі «алаша» сөзінің қалмақ-моңғолдық аудармасына мән береді де, ал XI ғасырда Махмұд Қашқари айтып кеткен оның «Алашұға» берген түсініктемесіне көңіл аудармай кетеді (бөліп көрсеткен біз – Т.О.). Мұның басты себебі, біздің ойымызша, XIII ғасырға қарай моңғол жаулауынан кейін «алашаның» көне түрікше айтылуының ұмытылып, оның моңғолша мағынада қолданыла бастауында деп ойлаймыз. Сондықтан да тарихи әдебиетте біз көтеріп отырған: қазаққа ұран болған Алаша ма, жоқ әлде Алаш па деген нақты сауал ешқашан да туындамай, мәселе онан ары шатаса түсті. Ал енді алғашқы атауға, Алаша хан атанғандарға келер болсақ, аузымызға ең алдымен Ұлытауда жатқан Алаша хан, онан соң Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегінде айтылатын, осылай аталып кеткен Сұлтан Ахмет хан еске түседі. Бұл екеуінің екі бөлек тарихи тұлғалар екені бесенеден белгілі. Өйткені екіншісінің денесі Ұлытауда емес, алыстағы Қашқарияда жатыр. Алаша атанған Ахмет ханды қалмақтар өздеріне тыныштық бермей, исламды мойындамайтын кәпірлер ретінде қыра берген соң, «Алаша», яғни «кісі өлтіруші» атап кеткен екен.
«Алаша» атауының осындай жағымсыз мағына беретінін кезінде Халел Досмұхамедов Ә.Бөкейхановтың осы сөздің мағынасын сұрастырып, «Қазақ» газеті арқылы елге салған сауалына жауап қайтарғанда анықтап берген еді. Мұны ол батыстағы қалмақтардан сұрастыру арқылы білген еді. Алайда екеуін де ел өз аттарымен емес, қосалқы есімдерімен Алаша хан деп атайды. ХІХ ғасырдағы орыс тарихшылары, ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихшыларының кейбіреуі «алаш» сөзінің мәнін ХV ғасырдың ІІ жартысы-ХVІ ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Моғолстан атты мемлекеттің бір бөлігін билеген шағатайлық Сұлтан Ахмет ханның лақап есімімен байланыстырады. Мысалы, Ш.Құдайбердиев қазақтардың алаш атануын осылай дәлелдейді (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, 1991. 27-б.). Ш.Құдайбердіұлына алаш туралы мұндай пікір айтуға негіз болған Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнамасындағы» мәліметтер еді. Бұл пікірдің қисынсыз екенін дәлелдеу үшін Бабырдың және басқа да ортағасырлық тарихи шығармалардың мәліметтеріне сүйене отырып, Моғолстан ханы Сұлтан Ахмет ханның – Алаша ханның кім екеніне және қазақ халқына қандай дәрежеде қатысы бар екеніне тоқталып өтелік.
1452-87 жж. Моғолстанда билік еткен Сұлтан Жүніс хан қайтыс болғаннан кейін оның екі ұлы Моғолстанды екіге бөліп билейді. Бабыр өз кітабында бұл екі ханды жастарына қарай – Үлкен Хан аға, Кіші Хан аға деп атайды. Кіші Хан аға – Сұлтан Ахмет хан Моғолстанның көшпелі бөлігінде, яғни солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде 1487-1504 жж. хан болады (бөліп көрсеткен біз – Т.О.). Оның тірі кезінде-ақ оған Алашы деген лақап есім беріліп, замандастары оны Алашы хан деп және сол ғасырлардағы тарихи шығармаларда осылай жазылған. Мұхаммед Хайдар Мырза Дулати ол туралы: «...Ол бірнеше рет қалмақтарға қарсы сәтті жорықтар жасады. Олардың көбін қырды. Исан тайшымен екі рет ұрысқа түсіп, екеуінде де жеңіске жетті. Оның кесірінен қалмақтар азайып кетті. Сондықтан қалмақтар оны «Алашы хан» деп атайды. Моңғолша «алашы» сөзі «өлтіруші» деген мағына береді, яғни «Алашы хан» – «өлтіруші хан» деген сөз. Бұл лақап ханға ғана таңылды. Адамдар оны «Алашы хан» дейді. Қазір моңғолдар оны Сұлтан Ахмет хан десе де, басқалар «Алашы хан» деп атайды. Мирхонд пен Хондемирдің, басқа да авторлардың тарихи шығармаларында «Алашы хан» деп жазылған», – дейді (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. (Извлечение из персидских и тюркских сочинений). – А., 1969. 209-210 бб.). Және де осы шығармада ХV ғасырдың 90-жылдары Сұлтан Ахмет ханның қазақтарды үш рет шайқаста жеңгені туралы айтылады. Айта кеткен жөн, ХV ғасыр мен ХVІ ғасырлар тоғысында күрделі оқиғаларды баяндайтын әйгілі «Бабырнамеде» де Сұлтан Ахмет ханның «Алашы» аталған себебі дәл осылай қайталанады. Бұл жерде айтылғандардан көріп отырғанымыздай, түркітілдестер арасында Кіші Хан аға, яғни Аласа хан атанған. Алайда оны қаталдығына байланысты қосалқы есімін өз тілдеріне икемдеген, қалмақтар оны «Алаша» атап кеткен.
Тағы бір айтарымыз, Сұлтан Ахмет хан ХV ғасырдың соңында Моғолстанда хан болса, Қазақ хандығында 1480-1511 жылдары Керей ханның ұлы Бұрындық хан болды. Бұрындық ханның билік құрған жылдары Қазақ хандығының нығаюы мен күшеюіне сай келеді, яғни қазаққа Сұлтан Ахмет ханнан гөрі өз ханы Бұрындық жақын. Ешқашан да Сұлтан Ахмет хан қазақтарға өз билігін жүргізген емес. Басқаша айтқанда, Сұлтан Ахмет ханның лақап есімі – «Алашы» қазақтарға жат, ешбір қатысы жоқ.
Ал енді «Алаш» атанған кісілерге келер болсақ, олар біздің білуімізше үшеу: олар – дәстүрлі қазақ шежіресінің басында тұрған Алаш баба, Түргеш қағанатындағы Бес Түрік Дулу құрамындағы бір тайпаны басқарған, VIII ғасырда өмір сүрген Түргеш Алаш шор және алғашқы қазақ хандарын қудалаған, Өзбек ұлысының ханы Әбілқайырмен замандас Ақ Орда аймағындағы Алаш баһадүр. Бұлардың қайсысы қазаққа ұран болды дегенде, соңғысына, яғни Алаш баһадүрге тоқталатынымызды бұрынғы зерттеулерімізде айтқан едік.
Алайда жаңа деректермен таныса келе, Алаша хан мазарында, бұрын айтып жүргеніміздей, халықтық тұлға – Алаш баһадүр емес, хан, яғни басқа тұлға – Алаша хан жатыр демекпіз.
Өтеміс қажының XVI ғасырдағы «Шыңғыснаме» атты еңбегінде Жошы хан қайтыс болған соң, оның Орда-Ежен мен Баты(Бату) бастаған балаларының әке тағына кім отыратынын шеше алмай, аталары Шыңғыс ханға барғандары айтылады. Шыңғыстың «Жасақ» заңы бойынша босаған таққа балалардың үлкені Орда-Ежен отыруы керек еді. Елдің бәрі алтын тақ үшін қырқысып, тіптен туған бауырларын өлтіріп жатқан заманда ол інісі Батының(Батудың) Ұлы даладағы үлкен беделін және мемлекет басқару қабілетін мойындап, тақтан бас тартады. Мұндай бауырмашыл, адал шешім Шыңғыс ханның өзін де қатты толқытып, көңілін босатады. Осылайша әкесі Жошының орнына талассыз таққа отырған Баты ағасы Орда-Еженге ұлыстың шығысындағы Сырдарияның төменгі ағысынан Ұлытауға дейін созылып жатқан аймақты берді. Осыдан бастап Орда-Ежен Батыдан жасы үлкен бола тұрса да, билік лауазымы аласа болғандықтан, өзі өмір сүрген қыпшақтілдестер қауымында екінші хан, яғни Алаша(Аласа) хан аталды. Бұл М.Қашқарида, жоғарыда айтқанымыздай, Алашұ хан дегенді білдіреді.
1309 жылға дейін бұл аймақ Орда-Ежен ұлысы деген атпен мәлім. Баты батысты жаулап, өзінің иелігін кеңейтіп сонда қалып қойғаны белгілі. Ал Орда-Ежен болса ұлыстың сол қанатында – қазіргі Қазақстан аймағында қалып қойды. Маман зерттеушілердің айтуынша, Ежен деген есім – көне моңғол-тұңғыс тілінде «ел иесі» деген мағынаны білдіретін, «хан» лауазымына барабар атау екен. Белгілі моңғолтанушы тарихшы Зардыхан Қинаятұлы Орда-Еженнің Қазақ мемлекеті тарихындағы орны мен рөлін былай атап көрсетеді: «Біз Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп есептесек, бұл мемлекеттің шаңырағын алғаш көтерген – Жошы, ал мемлекет ретінде қабырғасын қатайтқан – Орда-Ежен және оның кіндігінен тараған қазақ хандары» (Зардыхан Қинаятұлы. Көзқарас (ұлт, тарих және адамдар тағдыры жайында, Павлодар, 2010. 255-б.). Осыған байланысты осы аймақтағы Алаша хан мазары деп жүргеніміз қазақ хандарының арғы және алғашқы бабасы Орда-Еженнің мазары болар деген қисынды қорытынды туындайды. Мұндайда Еженнің қосақталған есіміндегі алдыңғы «Орда» атауының Алаша дегенді аңғартатынын ескерер болсақ, оның есімі «Аласа–Ел иесі» дегенді білдіреді деп ойлаймыз. Әкелі-балалы бұл екеуі де осы аймақта дүниеден өтті. Сондықтан екеуінің қабірінің қатар орналасуы да түсінікті. 1242 жылы Моңғолияға бара жатқан жолында оның ордасына соққан Плано Карпини Орда-Еженнің Алакөл маңын мекендеп отырғанын жазып кетеді. Оның ұлысының үш орталығының бірі Ұлытау (Орда Базар) болғаны және белгілі. Кейінірек оның ұрпағы Сасы Бұқа ханның тұсында Алтын Ордадан оқшауланған Орда-Ежен ұлысы енді Ақ Орда деп аталды. Осындайда айтпауға болмас тағы бір мәселе бар, кейбір зерттеушілер Алаша хан кесенесінде Ақназар хан жатыр деп ойлайды. Ақназардың ноғай мен қазаққа ортақ жан және хан болғанын (ноғайлар оны Хақназар деп атады), сондай-ақ оның жастық шағы ноғайлар арасында өскенін ескерер болсақ, бұл қисынға келмейді. Өйткені ноғайлар өздерінің ататек шежіресін Алаштан емес, Ноғай атты тарихи тұлғадан таратады.
Оның үстіне Ақназар хан жортқан және қайтыс болған аймақ оңтүстікте Ұлытаудан шалғай жатыр. Сонымен қатар Орда-Еженнің жетінші ұрпағы, Ақ Орданың даңқты ханы Орыс ханды Алаша хан жасағысы келетіндер бар. Оның Тоқтамыс ханмен соғысын суреттеген ортағасырлық деректегі «Алаш ұлдарының» қайтыс болуы туралы айтқандарын біреулер Орыс ханның ұлдары туралы айтылған деп ойлайды. Керісінше, бұл жерде әңгіме Алаша хан атанған Орда-Еженнің ұрпақтары туралы болып отырса керек. Қалай десек те, Орыс ханның Алаша аталуы мүмкін емес. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Орыс ханның Ұлытау аймағына еш қатысы жоқ. Екіншіден, оның саяси-әкімшілік орталығы Сығанақ қаласы болды. Оның бүкіл өмірі осы Сыр бойын Әмір Темір мен Тоқтамыс ханнан қорғауға және Алтын Орда тағын иемденуге арналды. Сондықтан оның қабірін де Ақ Орда астанасы Сығанақ маңынан іздеген жөн. Үшіншіден, егер де Орыс хан Ұлытау өңіріне жерленген болса, 1389 жылы көктемде осы Ұлытау арқылы Тоқтамыс ханға қарсы 200 мыңнан астам әскерді бастап жорыққа аттанып бара жатқан, Орыс ханның ата жауы Әмір Темір осында тасқа жазу жазып қалдырумен шектелмей, сөз жоқ, Орыс ханның қабірін де жермен-жексен етіп кетер еді. Кейінірек Алтын Орда астанасы Сарай Беркені өртеп, тып-типыл қылған одан бұдан басқа не күтуге болар еді?!
Сонымен осы айтылған қисындарды тұжырымдай келе, тағы да айтарымыз, Алаша хан кесенесінде әкесі Жошымен қатарласып, әкенің қарашаңырағына ие болған және інісі Батының(Батудың) Алтын Ордасына бағынышты кіші орданы билеген, сондықтан да Аласа(Алаша) хан атанған Жошының үлкен ұлы Орда(Ордана)-Ежен жатыр деп топшылаймыз.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азия өркениеттерін зерделеу орталығының директоры