Ағалар жолы адастырмайды
Аптап ыстықта шөл даланы, бұрқасын боранда тау-тасты кезіп, малшының жайын білетін, елге қатер төндірген белгісіз аймаққа да ең алғаш аяқ басатын, қыл аяғы соғыс өртінің ортасында, оқ пен отқа оранып жүріп те халыққа «қызыл нүктеден» шынайы ақпарат таратып, басын құрбандыққа байлайтын бейбіт күннің батырлары – журналистер қауымы. Журналистің өзге мамандық иелерінен бір өзгешелігі де сол, билік пен халық арасындағы дәнекерлік қызметі және сол жолға тұтас ғұмырын арнауы. Журналистер уақытпен санаспайды, өздерінің араласуы керек мәселелер туындай қалғанда, өз құзіреті шеңберінде іске кірісіп, жедел жолға жиналады. Сол сапарында тау мен тасты, шөлді, көлді, иен даланы, телегей теңізді басып өтіп, діттеген жеріне жетіп, мәселенің мән-жайына қанығып, анық ақпарат алып келеді.
Алайда олар сол жанкешті еңбегі, тіпті базбіреулер үшін шеккен бейнеті, тартқан азабы үшін қоғамнан ақы, қошемет, марапат дәметпейді. Тіпті олар от пен судың ортасындағы сол арпалысты мамандығымен де байланыстырмайды, қоғамның тынысын бақылауды, халықтың қамы мен әділеттің сойылын соғуды, ақиқаттың жалауын жықпауды олардың пешенесіне әу бастан жазып қойғандай, мойындарындағы журналистік жауапкершілік пен міндетті мыңқ етпей көтеріп жүре береді. Журналистің жауапкершілігінде қоғамның жүгі, бұқара халықтың мұң-мұқтажы бар. Сондықтан қалам ұстаған қауым өз жұмысына сергек қарауы тиіс. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түссе, қоғамның журналистке деген көзқарасы өзгеріп, қаламынан қадір қашады. Бұл тұрғыда журналисте тек бір ғана ұстаным болуы керек. Ол – шындықтың шыңынан түспеу, әділдіктің туын жықпау.
Менің журналистика саласына келгеніме де он бес жылға жуықтап қалыпты. Өзім қызмет істеп жүрген қасиетті қара шаңырақ, аудандағы жалғыз бұқаралық ақпарат көзі, ауданның рухани орталығы – «Жалағаш жаршысы» газеті редакциясы маған бала күнімнен таныс. Ол кезде «Жаңадария» газетінің редакциясы Бұқарбай батыр көшесінің бойында еді. Екі қабатты зәулім ғимаратқа әкеммен еріп талай барғанмын. Кейінірек, есім кірген оқушы кезімде де ара-тұра сол қасиетті қара шаңырақтың табалдырығынан аттап тұрдым. Ғимараттың төменгі қабатындағы сартылдап жұмыс істеп тұрған үлкен механизм мен қым-қиғаш қозғалыстағы адамдар есімде сақталыпты және май мен қағаздың күлімсі иісі қолқамда қалыпты. Екінші қабатта да тіршілік қыз-қыз қайнап жатады. Ұзын дәліздің бойында жағалай орналасқан бөлмелерде әрбіреуі осы ауданның бір-бір бүйірін бүтіндеп тұратындай тау тұлғалы азаматтар отырушы еді. Көбін етене танымасам да, Темірше Сарыбаев, Айжарық Сәдібеков, Зордан Салықбаев, Тұрсынбай Тәшенов, Ертай Айғалиев, Мырзамұрат Ілиясов, Мәлік Аяпов, Ізбасар Мұстафаев, Бексейіт Шайланов, Еркін Әбілов, Бейбітбек Бүркітбаев, Құлтас Достан, Асқар Кіребаев, Табысбек Ахметов, Жақсыбай Сарбалаев, Қалмахан Нұрғалиев, Ахмет Тілеулиев, Жұмабек Әбжәмилов, Кенжеғара Сүлейменов, Амангелді Шілдебаев, Серік Бертаев секілді асыл ағалар, аға буын журналистер менің көз алдымда. Бұл кісілердің біразы бүгінде өмірде жоқ. Қызметтес болмасам да көбінің көздерін көріп, сөздерін тыңдадым, ақыл-кеңестерін алдым. Менің журналист ретінде, жалпы қаламгерлік тұрғыда қанат қағып қалыптасуыма сол ағалардың арттарына қалдырған сөздері мен істерінің зор ықпалы болды.
Үйдегі отбасылық мұрағатымда аудандық газеттің алпысыншы жылдардан тоқсаныншы жылдарға дейінгі тігіндісі сақтаулы. Әр беті – тарих. Әр газеттің алғашқы бетінде ауданымыздың көркейуі жолында жанкешті жұмыс істеген еңбек адамдарының күлімдеген бейнелері басылған. Егіс даласында күріш алқабын айналған комбайнның терезесінен басын шығарып озат орақшы тұр, Қызылқұм мен Қарақұмдағы малдың санын арттырып, төлдің басын еселеген озат шопанның қос қозыны қолтығына қысып тұрған суреті ше?! Газет бетіндегі осындай әсерлі фото суреттердің әрқайсысының өзі бір мақала. Жүздерін күн қағып, аяз сорған нағыз еңбек адамдарының мерейін үстем етіп, жасампаз істерін кейінгі буынға үлгі қылған мақаланың тіні тапқырлықпен қойылған тақырыбынан басталып тарқатыла береді. Айқара бет пен соңғы беттердегі «Сын жебесі» деген айдарлар да аудандағы кейбір мәселелерді өткір көтерген. Сол кездегі газет жанрының негізгі өзегі болған фельетон нөмір сайын жарияланған және оның қуаты тек оқырманның айызын қандырып қана қоймайды, өзі нысанасына алған қандай да бір мәселенің күрмеулі түйінін тарқатуға қауқарлы.
Аудандық газеттегі осындай қорғасындай салмақты дүниелерді күні-түні дайындайтын жоғарыда аты аталған және мен көзін көрмеген журналистердің еңбегінің алдында басымды иемін. Аудандық газеттің баспаханасы редакция ғимаратының ішінде болғанымен, өз алдына бөлек бір мекеме іспетті болған секілді. Мұнда да күні-түні тынымсыз тер төгіледі. Әрине, ол жылдарды көзбен көрмесек те, тарихтан білеміз. Бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Ол кезде баспахана қызметі сандық жүйеге енгізілмек түгіл толықтай автоматтандырылмаған. Үлкен ленотип машинасына қосымша қол күші қажет. Сондықтан баспаханада екі ауысыммен қыз-келіншектер жұмыс істеген. Ол кісілер бүгінде осы саланың ардақты ардагерлері, аяулы апаларымыз. Еткен еңбектің даңқы артуы үшін, иесінің аты да аталуы тиіс. Жұмабек Уақбаев және Сайлаукүл Тәжікенова, Жақсыгүл Тәшенова, Рая Кенжебаева, Зоя Сейтенова, Қоғажай Ерғалиева, Дәмеш Ахметова, Күлпаршын Есетова, Тазагүл Ахметова, Бақыткүл Тәшкенбаева, Маржан Баймаханова, Гүлстан Пірманова сынды аға-апаларымыздың газеттің материалдық тұрғыдан сапалы шығуына және уақытылы оқырманға жетуіне сіңірген еңбегі зор. Сол кісілердің жоғары температурада балқып тұрған қорғасын әріптермен газеттің кезекті санының бекітілген жобасына мақала орналастырып, қолдарын қара майға малып жұмыс істегенін, түнгі ауысымда істейтін топ таң атқанда үйлеріне қайтып, күндізгі ауысымның қызметкерлері редакцияға келіп жататынын айтса, қазір біз сенерміз, бірақ кейінгі буынның сене қоюы неғайбыл. Өйткені қазір заман басқа, талап басқа. Әр заманның, әр қоғамның өз талабы бар, өз үні бар. Оның үстіне өркениетке қарыштап қадам жасап бара жатқан уақыт жыл сайын емес, сағат сайын жаңа технологиялық жаңалықтар тудырып отыр. Соның нәтижесінде бүгінде баспахана ісі толықтай сандық жүйеге көшті. Газет шығару бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты газет мазмұны да өзгеше сипат алды, сапасы жақсарды. Қазіргі баспасөзде қызмет істейтін журналистердің көбінің қалталарындағы қойын дәптері мен қаламдарын сиымдылығы мен қуаттылығы жоғары смартфондар мен диктафондар ауыстырды және редакциядағы журналистер қағазға жазған мақаласын тергізу үшін бұрынғыдай бір хатшы қыздың мәшеңкесінде ұзын-сонар кезекке тұрмайтын болды. Әрқайсының алдында өз компьютері бар, өзі тереді, өзі өңдейді, түзеп-күзейді, алып-қосады. Технологиялық үдеріс журналистика саласындағы, соның ішінде баспа ісі мен редакция ішіндегі көптеген мамандарды қысқартып жіберді. Бұрын төрт адамның істеген жұмысын қазір жалғыз журналист атқара беретін мүмкіндік туды.Сәйкесінше, журналистерге қойылатын талап та күшейді.Қазіргі «Жалағаш жаршысы» газетінің ұжымы сол талаптардың дәргейінде қызмет атқарып келеді. Жоғарыда айтқан аға буын аға-апаларымыздың орындарын бүгінде жас журналистер басты. Редакциядағы әр маманның өз орны бар. Аға буынның ақыл-кеңесі мен өздерінің тәжірибесінің арқасында абыройлы еңбек етіп, аудан халқына, оқырмандарға ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін, жағымды жаңалығын тарату қызметінің негізінде басылымдық газет және арнайы электронды сайт арқылы уақытылы жеткізіп отыр. Сырттай қараған адамға редакцияның ішкі жұмысы бір сарынды бұйығы көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, аптасына екі мәрте шығатын әр нөмірдің сызба жобасын жасап, бекітіп, одан соң оның электронды нұсқасын компьютерге түсіріп, оған ретімен мақалаларды орналастырып болған соң, ақ параққа шығарып бірнеше мәрте тексеріп, қатесін түзетіп, баспаханаға жіберуге дейінгі аралықтағы қым-қиғаш жұмыстарды тек редакция қызметкерлері ғана біледі және бұл – күнделікті қайталана беретін үдеріс. Редакцияны мекеме дегеннен гөрі, жүрегі, қан тамыры, жаны бар тұтас тірі ағза десек болады. Өйткені мұнда халықтың өзі бар, сөзі бар, қуанышы мен қайғысы бар, ұлттың жаны, рухы бар, тілдің, елдің, жердің мұңы бар. Ал біздің міндетіміз – халықтың мүддесі үшін сол тірі организмге қаламмен қуат беріп, хал-қадірімізше қызмет қылу...
Қуат АХЕТОВ