САҚАЛТАЙ
Сақалтай – қозықұмай, көкжөре секілді күндізгі жыртқыш құстар отрядының қаршыға тәрізділер тұқымдасына жататын ірі құс.
Қазақстанда Жетісу, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньда, Алтайда кездеседі. Теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктіктегі шың-құздарды мекендейді. Тұрқы 1 метрге, жайған қанаты 2,7 метрге жетеді. Қанатының ұзындығы 72-93 см, салмағы 5-7 келі. Басы ақшыл не сарғылт, арқасы қаралау. Басқа жыртқыштардан ерекшелігі – тұмсығының екі жағында танау тесіктерін жауып тұратын қыл тәрізді қауырсын-«сақалының» болуы. Шәулісі мен ұябасарын сырттай бір-бірінен ажырату қиын. Арқа тұсының қауырсындарының түсі ұзына бойы ақ теңбілдері бар қара-сұр, басы мен құрсақ жағындағы қауырсындарының түсі ақсары не жирен.
Сақалтайлар жеңіл, қалықтап ұшады. Отырықшы құс, ұясын қуыстарға, үңгірлерге салады. Құстардың шағылысуы қазан айында басталып, ақпан-наурызда ұяда 1-2 жұмыртқасы пайда болады. Жұмыртқаларын аталығы мен аналығы 2 айға жуық кезектесіп басады, балапаны 3 айдан кейін қанаттанады. Өлексемен қоректенеді. Кейде тұяқты жануарлардың жас төлін, құс балапанын, тасбақаны аулайды. Жабайы тұяқтылардың санының қысқаруы сақалтайлардың жоғалып кету қаупін тудырады. Соңғылары тауда үй малдарын жеу арқылы орнына келуі мүмкін, бірақ бұл кезде малшылардың құстарды тікелей жоюы басым болады, сол сияқты уланған препараттар да оларды өлім-жітімге ұшыратады.
Қазіргі кезде сақалтайлардың “Ақсу-Жабағылы” қорығында – 5, “Алматы” қорығында – 3 жұбы тұрақты ұялайды. Сақалтай – сирек кездесетін құс, оның саны жылдан-жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.
Әзірлеген Қ.АДИС