» » Тоғызыншы аймақтың иесі ел бірлігін сақтауы тиіс

Тоғызыншы аймақтың иесі ел бірлігін сақтауы тиіс

Қазақстан – әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды иеленетін мемлекет. байтақ елдің иесі де, мұрагері де – қазақ. басынан небір нәубетті өткізген халқымыз тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Тәуелсіздік! Егемендік! Еркіндік! Неткен ұлы, неткен қастерлі ұғымдар. Әр қазақ баласы тәуелсіздікті жанынан артық қастерлеуі қажет. Өйткені тәуелсіздік бізге оңай, өздігінен келген жоқ. Бұл жолда талай боздақтың өмірі қиылды. Егемендікке ұмтылған әр жан өлім құшып жатты. Бірақ сонда да, қазақтың даласында үш жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліс болған екен. Барлығына түгел тоқталмасақ та Кенесары ханның патшалы Ресейге қарсы он жылдан астам уақытқа созылған соғысын, Исатай мен Махамбеттің көтерілісін, Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық күресті атап өтуге болады.

Желтоқсан оқиғасы – осы ұлт-азаттық көтерілістердің жалғасы. Қазақ халқын басқа біреудің билеуіне бермей, сол кезеңде жастар “қазақты қазақ қана билесін” деген ұранмен Алматыдағы алаңға шыққан еді. Ақ маңдайлы арулар, жігерін ту еткен арыс жігіттер бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Әнұранына айналған Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазып, Шәмші Қалдаяқов әнін шырқаған “Менің Қазақстанымды” тікеден-тік тұрып шырқаған да болатын. Бұл ән жастардың жүрегіне жалын ұялатып, тәуелсіздікке бастаған жыр еді. Ал қазақты қазақ қана билеу керектігі, қазаққа қазақтан басқаның уәжі жүрмейтіні сол кезден-ақ аян болатын. Қайтейік... Қайран Қайраттарым-ай, ару Ләззаттарым-ай, елдіктің жолында құрбан болдыңдар-ау. “Еркек тоқты құрбандық” деп артындағы елінің нұрлы болашағына үміт артқан Қайрат қазақ халқының өз алдына шаңырақ көтеріп, егеменді ел боларына сенді. Мағжанның тілімен айтқанда “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты” жастардың сол кездегі дүмпуі тәуелсіздік жолындағы жасалған нақты қадамның бірі еді.
Алдағы жылы ата-бабаларымызға арман болған тәуелсіз мемлекетімізді құрғанымызға 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде еліміз қай деңгейден көрініп, қандай биікте бола білді. Аздап болса да көз жүгіртіп өткенді жөн көрдік. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан күллі дүниеге өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сырт мемлекеттерден бірінші болып біздің егемендігімізді мойындаған Түркия елі болды. Бұл – бар қазақтың жүрегінде сақталатын тарихи оқиға.
Тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстан атын әлемге паш ете бастаған тұста дүние жүзінің түкпір-түкпірінде жүрген қазақтар да қатты қуанды. Өйткені олардың тарихи Отандары, бабалар мұрасымен үндесіп жатқан атамекендері – Қазақстан еді. Қазақстан деген ел әлемнің картасында пайда болды. Алғашында кеңестер одағынан бөлініп шыққан осынау мемлекеттің жері Еуропаның бірнеше елімен теңесе алатынын өзге жұрт білмеді. Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен осынау халықтың жері оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысы үлкендігі сонша бес бірдей Францияның территориясына тең келді. Басқа алып мемлекеттер таң қалды. Тіпті қызғана да қарайтын шығар, кім білсін?!
Жер қойнауы қазба байлықтарға орасан бай мемлекет қуатты елге айналғанша көп еңбек ету қажеттігі айтпаса да түсінікті еді. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев дұрыс шешім қабылдау үшін барын сала еңбектенді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмыссыздық мәселесі өршіп, елде тоқырау кезеңі белең алды. Онсыз да көрместің күнін көріп келген қазағым бұл тығырықтан да өте білді. Халық Президентіне, Президент халқына сенім артты. Осылайша басшы мен ел бірін-бірі ұғынды, түсінді. Қазақстан халқы қандай қиындық кездессе де мойымай, қайта күш жинап, қайратына қайрат қосып, алға қарай ұмтыла беретінін күллі әлемге көрсетті.
Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан барлық жағынан алда болуға ұмтылды. Ашығын айтқанда, қазір де бұл ойынан айныған, алған бетінен қайтқан емес. Осы уақытқа дейінгі жасалған дұрыс жұмыстардың басында қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдап, Семей сынақ-полигонын жауып, ядролық қарудан біржолата бас тартуымыз болатын.

Біз қазақтың тілін мемлекеттік тіл деп ата заңымызға ендіріп, Қазақстанның болашағын тек ана тілімізбен байланыстыруымыз қажеттігін түсіндік. Ұлт көшбасшысының өзі “Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін” деп ана тіліміздің көкжиегін кеңіту үшін жасалған жұмыстарға мұрындық бола білді. Ал Семейдегі сынақ полигонының жабылуы күллі дүние жүзін таң қалдырды. Әлемдегі “мен мықтымын” немесе “мықты болуым керек” дейтін алпауыт елдердің өзі қол жеткізе алмайтын күші жағынан төртінші арсеналды жабу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жұмыс. Мұның артында ұлт болашағы мен денсаулығы тұрған болатын.
Әлем картасындағы тоғызыншы территорияны иеле­нетіп жатқан осынау ұлан-байтақ елімізде жер бетінде алғашқылардың бірі болып соғылған “Байқоңыр” ғарыш айлағы орналасқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Көк көгіне қазақтан шыққан ұшқышты ұшыру бақыты да туды. Бұл абыройлы міндет Тоқтар Әубәкіровке тапсырылды. Сөйтіп Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Тоқтар ағамыз аспан әлемін шарлап, Байқоңырдан ғарышқа ұшқанда бар қазақ көзіне жас алып еді. Өз жерінде тұрған айлақтан жетпіс жыл бойы бір де бір қазақты ғарышқа ұшыра алмаған қазақ тәуелсіздік дегеннің шын мәнінде не екенін өзгелерге қарағанда жақсы білетін. Әр ісі мен сөзі үшін Мәскеу жаққа алаңдап, жалтақтап ғұмыр кешкен аға буын өкілдері тәуелсіздіктің әр сәтін құр жібермей келер ұрпаққа саналы түрде аманаттап кету керектігін жақсы білді. Есік қаласынан табылған Алтын адамның бейнесін жасағанда ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің бет-пішіні пайдаланылды. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа салған сара жолын Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов жалғады.
Мемлекетте Қазақстанды Азия барысына айналдыру сынды нұрлы арман пайда болды. “Тәуелсіздік монументі” жасалғанда да аңыздағы қанатты барыс пен Алтын адам негізге алынды. Экономиканы дамытудың жаңа ғаламдық жолдары қарастырыла бастады. Егемен елдің өз қарулы күштері мен ішкі әскері құрылып, шекара қызметі сапталды. Осы қадамдардың өзінен-ақ Қазақстан елі мен жерін қорғай алатын мемлекет ретінде көріне бастағанын аңғару қиын емес. Барлық құрылымдар қайта жасақталып, министрліктер мен агенттіктер, комитеттер, департаментер құрылды. Ел басқарудың озық үлгісі таңдалып, қос палаталы Парламент жұмысын бастады. Осылайша жоғарғы заң шығарушы органның жұмысы арқылы еліміздегі түрлі деңгейдегі заңнамалық құжаттар реттеліп келе жатыр.
Егемен елдің ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттік рәміздер. 1992 жылғы 4 маусымда мемлекеттік Ту, Елтаңба, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны бекітілді. Тудың авторы – Ш.Ниязбеков. Аспан тәріздес көк түс ту көшпенділердің тегін, бейбітшілікті, тыныштықты, жалпы ашық аспан астындағы өмірді білдіреді. Күн бейнесі өмір нәрін, байлық пен молшылықты, айналаға нұрлы сәуле таратып жылылықты, достықты айқындап тұр. Ал қыран бостандықты, ерлік пен намысты, биік армандар мен мұраттарды ұштастырады. Елтаңбаның авторлары – Ж.Мәлібеков, Ш.Уәлиханов. Көшпенді қазақтың киіз үй ішінен күллі аспанды көріп, сонымен қатар, шаңырақ арқылы үй ішіне тараған күн нұрын жылылықпен ұштастыра бейнеленген Елтаңбамыздың бұл белгісі - біздің елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ. Себебі, шаңырақ қазақ үшін қастерлі. Бір шаңырақ астында жылылыққа бөленіп, күн нұрынан нәр алып өмір сүрсін деген ұғымда. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ киелі шаңырақты, Тәуелсіз Қазақстанды қауіп-қатерден қызғыштай қорғап тұрғандай әсер қалдырады. Мемлекеттік Әнұранымызда ұлттың ұлылығын айқындайтын, мемлекетті басқа мемлекеттерден ерекшелеп тұратын, тыңдағанда жаныңды рахатқа бөлеп, рухани күш сыйлайтын саз, әуені мен сөзі үйлесім тапқан. Сөзін жазғандар – Ж.Нәжмеденов, Н.Назарбаев, әні – Ш.Қалдаяқовтікі. Әнұранымыз, Қазақстанды тәуелсіздікке бастаған, елдің егемендігіне жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында күллі жастарды біріктерген “Менің Қазақстаным” әні. Елтаңбамызбен еңселі, Туымызбен тұғырлы, Әнұранымызбен айбатты мемлекетті құруға ұмтылған Қазақстан Республикасы өзінің ұлттық валютасы теңгені шығарып, халықаралық аренада өзіндік ақшасы бар мемлекет ретінде де танылды. Міне, айбатты, қуатты, қайратты мемлекетті құру жолдары осылай өрби берді.
Егемендігімізді алғаннан кейін дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, бар қазақтың бас көтерер азаматтары бір жерде бас қосып, армандарын бір арнаға тоғыстырды. Шетелдегі қазақтар “Нұрлы көш” бағдарламасы арқылы Атамекендеріне орала бастады. Алғашқы көшті Елбасының өзі бастап күтіп алды. Келген қандас бауырларды теледидардан көрсетіп жатқанның өзінде үлкен әсерге бөлендік. Жүректі қуаныш кернеп, қазақ пен қазақтың бауырымдап жылап, сағынып көрісіп жатқанын көрген әрбір жан көзіне жас алды. Елде түрлі тарихи жағдайлар орын алып жатқан кезде астанамыз Алматыдан Ақмола қаласына ауысты. Көп ұзамай бас қаланың атауы Астана болып өзгертілді. Мемлекет басына Қасым-Жомарт Тоқаев келген сәттен бастап елорда атауы Нұр-Сұлтан болып қайта аталды.
Өткенге көз жіберсек, астананы Алматыдан басқа аймаққа ауыстыру мүмкін еместей көрінген. Дегенмен Елбасы елдік мұраттарды алға тарта отырып, елорданың еліміздің ортасында болғанын жөн деп тапты. Бүгінде адам танымастай өзгеріп, күн өткен сайын жасарып, жаңарып келе жатқан астанамыз шын мәніндегі мақтанышымызға айналды. Қазақтың бас қаласы түрлі деңгейдегі мемлекеттік шаралардың, халықаралық бас қосулардың орталығы болды.
Тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласының 2000, Түркістанның 1500 жылдығы Юнеско көлемінде аталды. “Халық жауы” болып кеткен талай боздақ ақталды. Спортшыларымыз олимпиада ойындарында, түрлі әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып, қыран бедерлі көк туымызды самғатып, Әнұранымызды шырқатып жатыр. Қазір Қазақстанмен әлемнің мықты алпауыт мемлекеттерінің өздері санасады.
Біздің елде ЕҚЫҰ-ң саммиті, қысқы Азия ойындары, әлемдегі діндер мен конфессиялардың бас қосуы өткізілді. Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мекені, қасиетті Отаны. Осыншама ұлттар мен ұлыстардың арасында бейбітшілікті сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыру үшін елімізде Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылды. Ассамблеяның жұмысы, тынысы, атқарып жатқан шаруасы бүгінде Қазақстан халықының бірлігімен тікелей байланысты. Қазір күллі әлем біздегі Ассамблеяның жұмысына, оның атқарып отырған сан-салалы қызметіне қызыға да, қызғана да қарауда.
Соңғы кездері қазақтың елдігіне, тыныштығына, бірлігіне сызат түсіретін оқиғалар орын алуда. Дүнгендермен болған түсініспеушілікті айтпағанның өзінде ұйғырлар да төбе көрсетіп қояды. Мұндай жағдайларға көпшілік билікті кінәлап жатады. Шын мәнінде, олай емес. Мемлекет елдегі ынтымақты сақтауда. Ал оны бұзсақ елдігіміз де, егемендігіміз де қолдан кетуі ғажап емес. Сол үшін әлемдігі тоғызыншы аймақтың иесі ретінде ел бірлігін бірінші орынға қоюымыз керек. Бұл елдің қазақпен ғана ел екенін естен шығаруға болмайды. Қолда бардың бағасын білген абзал.
Бүгінде ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жаңа белеске, жаңа шыңға шығару жолында еңбектенуде. Жаратқан Алла жар болса, күллі әлем халықтары таңдана қарайтын Мәңгілік Қазақстанды құрамыз әлі. Тек тірлігіміз берекелі, ісіміз баянды болсын!


Азиз БАТЫРБЕКОВ
08 шілде 2020 ж. 472 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930