ҚҰДА ТҮСУ
Қазақтың қайсыбір салт-дәстүрін, үрдісін алып қарасаңыз да тектен-тек қалыптасқан дүниені көрмейсіз. Әрбір дәстүрдің астарында тағылым, тәрбиеге толы мән бар. Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған текті халықтың салт-дәстүрлерінің ішіндегі ерекше орын алатыны – құда түсу. Бұл дәстүрдің ерекшелігі сонда, екі елді бір-біріне жақындастырып, туыстық қатынасты қалыптастырады. Сондықтан қазақта “құда – мың жылдық” деген сөз бар.
Жалпы біздің менталитетте ата-ананың разылығы – бірінші орындағы мәселе. Әсіресе екі жас некелесерде ата-аналарының келісімін алады. Құда түсу, қызды айттырып келу де осы мақсаттан шыққан дәстүрлер. Қазақ халқында құда түсу, келін түсіру салты өте маңызды саналып, асқан жауапкершілікпен атқарылады. Сондықтан ақылдаса отырып, қазақтың салт-дәстүрі бойынша "қыз көру" немесе "жар таңдау" ғұрпы жасалады. Кейбір жерлерде "жаушы жіберу" деген ертеден келе жатқан дәстүр бар. Жаушы қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, бойжеткенге құда түсіп, "қыз айттыру" дәстүрін орындайды. "Құда түсу" дәстүрі осы кезде белгіленеді. Осылайша екі жақ қазақ халқының салт-дәстүрін біріге орындайды. Тумысынан қонақжай қазақ жаушы келген кезде қонақжайлық танытып, дастарқанын жайып қарсы алады. Мал сойылып, табақ тартылады. Қыз бен ата-анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. "Құдалық берік болсын!" деп, жаушыға кәдесін жасап, шапан жауып, ризашылығын білдіреді. Осыдан кейін, жігіт жағы "құда түсуге", ал қыз жағы "қыз ұзатуға" дайындық жасайды. Құдаласу рәсімінде жігіт жақтан келген ет жақындары қызға сырға салып кетеді. Құдаларды бастап келетін, жасы үлкен, сыйлы, беделді кісіні бас құда дейді.
Құдалықтың да бірнеше түрі бар. Айталық, екі кісінің достықтары артып, туыс болғысы келсе, балалы болмай жатып, құда болысады. Бұл құдалықтың түрі "бел құда" деп аталады. Құдалықтың тағы бір түрі – "бесік құда". Екі нәрестені бесікте жатқан кезінен атастырып қояды. Бесікте жатқан қызға сырға салу дәстүрі қалыптасқан. Қыз бойжеткенде, ұл жағы атастырып қойған қызға құда түсіп келеді. Құдалықтың тағы бір түрі қыз бойжеткенде ұл жақ сырға тағып, құда түседі. Оны қыз бен жігіттің келсімімен жасайды. Белгіленген күнге дайындалған құдалар, жігіт әкесі сенімді бір туысын бас құда қылып, немесе өзі болып, бастап барады. Құдалар саны мен алып баратын қалың малы әр жердің өз салтына байланысты.
Қазақта "Үйлену – оңай үй болу – қиын" деген сөз бар. Астарына үңілсек үлкен мән жатыр. Екі жас қосылғанда мінез жағынан бір-бірін толықтырып тұрса, босағалары берік болары анық. Өйкені бірінің жетпей тұрғанын бірі жеткізіп, ортақ шешімге келе алып, шаңырақтағы кездесетін қиындықтарды бірге еңсеруге талпынса, әлбетте мұндай жас жұбайлар ары қарай саялы бәйтеректей үлкен әулетке айналады. Ері басшы, әйелі бағынышты, береке-бірлігі жарасқан, әке мәртебесі қашан да биік тұратын отбасынан салиқалы ұрпақ шығатыны анық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөздің астарында отбасындағы ата-ананың балаға үлгі болатыны, ұрпақтың соларға қарап бой түзейтіні айтылады. Қазақы тәрбиедегі әрбір жанұяда әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың сөйлегенін көрмейсің. Қазақ халқының тектілігі осында болса керек. Халық салт-дәстүрін жалғап, құндылықтарын жоғалтпау үшін, сондай-ақ отбасында әке мәртебесін көтеру, бала алдында оның салмақты, жанұяның басшысы ретіндегі бейнесін қалыптастыру – әйел адамның еріне деген сыйластығынан, құрметінен бастау алатын дүние. Екі елді байланыстыратын бұл дәстүрде қазақ халқы қай елдің баласы немесе қызы, әке-шешесі қандай, кімдер деген сұрақтарды қоятын. "Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал" деуінің өзі екі жастың ертеңгі күні қандай отбасы болатынына алаңдаудан шыққан.
Дайындаған Нұр НАУАН