Індеттен айыққандар артып келеді
Коронавирус індетін ауыздықтауда Жалағашта ауқымды шаралар жемісін бере бастады. Мәселен, өткен айларда аталған кеселді жұқтырғандар санымен салыстырсақ, бұл айда ауданда дертке шалдықтар саны едәуір төмендеген. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайтынын жауапты мамандар жақсы біледі. Күнделікті ақ халатты абзал жандардың еткен еңбегі осылайша өз жемісін беріп жатыр. Апта басында ауданда коронавирус індетіне шалдыққандар саны 80-нЕн асса, бір қуантарлық жайт, бүгінге дейін 60-тан астам науқас дертінен айықты. Сөзінен ісі алда жүретін жауапты мамандардың сапалы жұмысы әлі талай оң нәтижелерге көзімізді жеткізеріне сенеміз.
Жалағаш жұрты қашаннан бірлікті ту еткен халық екенін бүгінгі қиын кезеңде тағы бір дәлелдеді. Індет аймаққа келмей тұрып, мәселенің алдын алған жауапты мамандар табанды еңбек ете білді. Атқарылған жұмыстар халықтың көз алдында болғандықтан бұл сөзімізді ешкімнің жоққа шығара алмайтыны да анық. Кешеге дейін әрбір елді мекенге кіре беріс жолдарға қойылған блок бекеттердің тәулік бойы жұмыс жасауы, ондағы ақ халатты абзал жандар мен аудандық полиция бөлімінің қырағыларына ыстық тамақ алып барған кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындардың жақсылығы шын еңбекті бағалау деп білеміз. Міне, жауапты мамандары сапалы еңбек етіп жатса, жергілікті халықтың сол жақсылықты түсінуін ауызбіршілік демей не дейсің?!
Елдегі ахуалды қалпына келтіруде Nur Otan партиясының аудандық филиалы қызметкерлері де қалыс қалмады. Олар магазиндер мен ойын-сауық орындары, басқа да халық өнімін көп тұтынатын кәсіпорындардың мемлекет бекіткен тәртіппен жұмыс жасауын бақылауға алды. Сондай-ақ өңірдегі іскер азаматтардың тұрмысы төмен отбасыларға тегін азық-түлік үлестіру шаралары соңғы айларда дәстүрге айналды десек, артық айтқандық болмас. Тіпті түрлі киім-кешек өндіретін тігін цехтары да тапсырыстан бас тартып, тек бетперде өндіруді қолға алды. Бұл тұрғыда кент орталығындағы «Talapker» тігін цехы мен индустриялық аймақтағы «Өркен Әлем» ЖШС ұжымының жасаған жақсылығын айта кеткен жөн. Мәселен, «Talapker» тігін цехы келіп тұрған тапсырыстан бас тартып, ауданда бетперде тапшылығын болдырмау мақсатында тек өнімнің осы түрін өндірумен ғана айналысты. Ал «Өркен Әлем» ЖШС 6 мыңнан астам бетперде өндіріп, жалағаштықтарға тегін үлестірді.
Жауапты мамандар барынша мәселені ауыздықтауда аянып қалмайтынын айтады. Десе де тұрғындар да сақтанса, сақтайтынын қаперден шығармаса дейді.
– Ауданда алғашқы індет жұқтырған науқас тіркелгеннен кейін олардың қатары қалыңдағанын өздеріңіз де білесіздер. Біз, жалпы ақ халатты абзал жандар барынша халықтың қауіпсіздігіне жұмыс жасаймыз және оны өз міндетіміз деп есептейміз. Бірақ тұрғындар да қауіпсіздікке бей-жай қарамаса абзалырақ болар еді. Қазір бұрынғыдай емес, халықтың белгіленген ортақ тәртіпке бағынбауы азайған. Бұл жағдай бізді қуантады. Қарапайым ғана бетперде тағудан бастап қауіпсіздік шарасын сақтау әрқайсысымыздың өз өміріміз үшін аса маңызды. Сондықтан бұған бей-жай қарамауымыз керек. Адамдардың көптеп шоғырланып ұзақ уақыт бір жерде тұруы да бұл кеселді ел болып ауыздықтауға өзінің кері әсерін тигізеді. Жалпы қай жерде, қай ортада болсын мемлекет бекіткен ортақ тәртіпке бағыну өзіміз үшін аса маңызды, – дейді ауданның бас санитары Оразғали Аханов.
Жалағаштың бас санитарының бұл сөзіне алып қосарымыз жоқ. Расында, жауапты мамандар кеселмен күресте табанды еңбек етіп жатыр. Енді халықтың алдында тұрған жалғыз міндет – қауіпсіздікті қатаң сақтау.
Бір қолдың саласындай бірігіп іс қылған аудан халқы бұл қиын кезеңді де еңсерері анық. Тек сол уақытты жақындату үшін дәл осы қалпымыздан таймай, ауызбіршілікті ту етіп, ымырамен іс қылдуды тоқтатапаған жөн. Бүгінге дейінгі еткен еңбектің жемісі демей не дейміз, қазір дертінен айығып, жауапты мамандарға алғысын жаудырып жатқандардың қатары артып келеді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ