» » Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылы: қандай өзгерістер бар?Елдегі төтенше жағдаймен тұспа-тұс келген өткен оқу жылының төртінші тоқсанын елең-алаң күйде аяқтадық. Бұлай дейтініміз, аяқ астынан әлем жұртын әбігерге салған індет біздің елді де айналып өтпеді. Соның салдарынан барлық саланың жұмысында өзгеріс орын алды. Қазақстандықтардың сексен пайызы қашықтан жұмыс жасауға жіберілді. Әсіресе білім саласындағы өзгеріс ұстазға да, ата-ана мен балаға да бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктеді.
Сол тұста аудан мектептері де төртінші оқу тоқсанында оқушыларды қашықтан оқытуды бастады. Барлық 6797 оқушы үй жағдайында смартфон, планшет, компьютер және тағы басқа гаджеттерімен кабельді, мобильді интернет арқылы сабақ алды. Оқушыларды 1181 педагог қашықтықтан оқытып, сабақ үлгерімін қадағалады. Қашықтан оқытудың ерекшеліктері ескеріліп, күнделік жүйесіндегі сабақ кестесін мұғалім мен оқушының өздеріне қолайлы және басқа сабақтарға кедергі келтірмейтіндей уақытқа ұйымдастыру мүмкіндігі берілді. Соның аясында Білім және ғылым министрлігі ұсынған интернет платформалар, яғни білім сайттары арқылы тапсырмалар беріп, оның орындалуы бойынша оқушылармен кері байланыс орнатты. Бұрын-соңды білім берудің мұндай түрі болмағандықтан, алғашында кедергілер, қиындықтар кездесті. Дегенмен бұл мәселелер дер кезінде қолға алынып, шешімін тапты деуге болады.
Өкініштісі, әлемдегі пандемияның толастамауына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі биылғы жаңа оқу жылының І тоқсаны да қашықтан оқытылатынын хабарлады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жуырда өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылында оқытудың 3 нұсқасын ұсынды. Біріншісі, оқушылардың барлығын жаппай қашықтан оқыту. Бұл ретте шалғай елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта оқыта бермек. Яғни шалғай елді мекендердегі бала саны аз мектептер, әсіресе қауіп жоқ өңірлер күнделікті мектеп қабырғасында білім беруге мүмкіндік алады. Бірақ бұл жоғарыда айтқан қауіп жоқ өңірлерге ғана қатысты. Егер шағын ғана ауыл болса да індет жұқтырғандар саны тіркелген болса, өршіп тұрса онда мектеп толығымен қашықтан оқытуға көшіріледі. Айта кету керек, республикада 127 мың бала білім алатын 1 934 шағын жинақты мектеп бар.
Екінші нұсқа да осыған ұқсас. Мәселен, кейбір сыныптарды санитария талаптарын қатаң сақтай отырып дәстүрлі форматта оқытуға жағдай жасалуы мүмкін. ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов: «Бұл жерде біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Кезекші сыныптардың оқушылары барлық пәнді мектепте оқиды деуге болмайды. Қашықтан оқытуға қиындық туғызатын негізгі пәндер бар. Мәселен, математикадан есеп шығару, әсіресе жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына әріп таныту керек. Мұндай маңызды сабақтарды қашықтан оқыту өте қиын. Сондай негізгі пәндерді мектепке қатынап оқиды. Ал музыка, еңбекке баулу секілді жаңа тақырыптарын алыстан үйретуге болатын пәндер қашықтан оқытылады» деген болатын. Егер осы нұсқа қабылданатын болса, ата-аналардың алаңдауына себеп болмайтын секілді. Өйткені 1-сыныпқа баратын баласы бар ата-аналарды дәл осы балаға әріп таныту мәселесі алаңдатқан еді.
Соңғы нұсқа – штаттық режімде оқыту үрдісі. Барлық сынып мектеп қабырғасында білім алатын болады. Бірақ бұл босаңсуға негіз болмауы тиіс. Білім беру үрдісінде санитариялық, карантиндік ережелер қатаң сақталып, үнемі бақылауда болады. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі үшінші нұсқадағы білім беру процесінің тиімсіздігін алға тартуда. Қазір жаппай оқшауланғанның өзінде әлемді жайлаған пандемияны ауыздықтай алмай отырмыз. Егер жаңа оқу жылында балалар мектеп қабырғасында білім алатын болса, індеттің өршуі әбден мүмкін. Әсіресе күз мезгілінде коронавирустың үшінші толқыны келуі мүмкіндігін, тұмау секілді жұқпалы аурулардың өршитін кезеңі екенін және балалардың иммунитетінің әлсіз болатынын ескерген Денсаулық сақтау министрлігі бұл нұсқаны қолдамай отыр.
Балалардың амандығы, болашағы үшін қай нұсқаны қабылдасақ та жан-жақты қарастырып, барлық мәселені ескерген жөн. Оқушылар жаңа оқу жылын мектеп қабырғасында қарсы алса, қауіпті індет балаларды да айналып өтпеуі әбден мүмкін. Өйткені елдегі дәл бүгінгі ахуал көңіл қуантарлықтай емес. Не болса да індеттің беті қайтып, қауіп сейілмейінше, тәуекелге бел бууға әлі ерте. Әзірге барынша сақтанғанымыз абзал.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
21 шілде 2020 ж. 384 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930