Карантин талаптарын сақтамаған ауыл әкіміне қандай шара қолданылды?
Карантин талаптарын сақтамағаны үшін Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінің әкімі тәртіптік жазаға тартылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Мемлекеттік қызметкерлерге жаза жоқ па?» атты сыни жазба жарияланғандығын анықтаған.
Нақтырақ айтқанда, ауылдық округ әкімі карантин режиміне қарамастан табиғат аясына демалыс орнына көпшілікпен барып, санитарлық талаптарды сақтамай қоғам тарапынан сынға іліккен.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі қарап, карантиндік шектеулерді сақтамай Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округі әкіміне «ескерту» тәртіптік жазасын беруді ұсынды.
ҚР МҚІА Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің хатшылығы