Негізгі бағыттар сараланды
Жуырда ауданда «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау: даму мен өркендеу мақсатындағы серіктестік атты облыстық форумы өтті. Форумның мақсаты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы», яғни «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға белсенді қатысып, Жолдаудағы міндеттерді орындауға үкіметтік емес ұйымдарды белсенді қатысуға шақыру және ауылдық елді мекендердегі қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру.
Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-нің төрайымы Анар Изден, «Шапағат» қайта оңалту орталығы» ҚҚ президенті, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-нің Қазалы ауданы бойынша өкілі Шынар Женсикбаева, Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Шарабан Қалыбаев, «Арал теңізі» ҚҚ директоры, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ Арал ауданы бойынша өкілі Айнагүл Баймаханова, Жалағаш ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ішкі саясат бөлімі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен «Шапағат» қайта оңалту орталығы» ҚҚ президенті, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ Қазалы ауданы бойынша өкілі Шынар Қуанышқызы форумның күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, баяндамашыларға сәттілік тіледі.
Форумда «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ төрайымы Анар Жарылқасынқызы, «Шапағат» қайта оңалту орталығы» ҚҚ президенті, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ Қазалы ауданы бойынша өкілі Шынар Қуанышқызы, «Арал теңізі» ҚҚ директоры, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ Арал ауданы бойынша өкілі Айнагүл Үдербайқызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиұлы баяндама жасады.
Бұдан бөлек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Шарабан Қалыбаев «Жалағаш ауданы бойынша үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына талдау» тақырыбында баяндама жасады.
– Жалағаш ауданы бойынша әділет органдарында тіркелген 25 үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде 12-сі қоғамдық қор, 13-і қоғамдық бірлестік. Олардың ішінде белсенді жұмыс жасап тұрғаны 6 қоғамдық бірлестік және 1 қоғамдық қор. Атап айтқанда, “Жалағаш ауданы ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш – достық мекені» қоғамдық бірлестігі, «Жалағаш аудандық Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігі, Жалағаш ауданы жастарының “Темірқазық” қоғамдық бірлестігі, «Туған жерім – тірегім» қоғамдық бірлестігі, “Жалағаш Даму” қоғамдық қоры.
Аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы 2020 жылға арналған әлеуметтік тапсырыс негізінде аудан көлемінде ардагерлермен жұмыс жасауға, отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыруға, ұлтаралық, конфессияаралық қатынастарды нығайту бағытындағы жұмыстарға, аудан көлемінде діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы шараларға, жастар саясаты саласында іс-шараларды іске асыруға, Ауғанстан және басқа да жергілікті соғыстарға қатысқан азаматтарға қоғамда қалыптасқан көзқарасты одан әрі дамытуға, аудан көлемінде қоғамдық-саяси жағдайға әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеу жобасына қажетті қаржы бөлінді. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, жеңімпаз болып табылған барлық үкіметтік емес ұйымдармен келісім-шарт жасалып, жұмыс жоспары бекітілді, – деді бөлім басшысы.
Форум соңында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ