» » ҮЗДІКТЕРГЕ СЫЙ

ҮЗДІКТЕРГЕ СЫЙ


Қызылорда қаласында облыстық  ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен ауыл әйелдері форумы өтті. Форум жұмысына батыр аналар, түрлі салада қызмет істеп жүрген қыз-келіншектер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкер әйелдер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, аймақ жетістіктеріне қыз-келіншектердің қосқан үлесін атап өтті. 
Шарада «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмагүл Божанова ауылды сақтау, дамыту  басты назарда болуы шарт екенін жеткізді. Себебі, ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүріміздің алтын діңгегі. Осы ретте Елбасының биылғы жылдың 5 қазанында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын ұсынғанын айтты. Енді осы бағытта біршама жұмыстар атқарылмақ. Сонымен бірге ауылды дамытуда әйелдердің үлесін де тілге тиек етті.
Форумда Жаңақорған ауданы, Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі, қолөнерші Қасиет Орал тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еңбек етіп, кәсібін қалай бастағаны жөнінде айтып берді. Сыр өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетудің айрықша үлгісі қолға алынғанына ризашылық білдірді.  Тамыз айында облыстағы Кәсіпкерлер үйінде  «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме-байқау өтті. Байқауға «Кәдесый жасау» жобасы бойынша қатысқан Қасиет облыс әкімінің Алғыс хаты мен 1 миллион теңгеге ие болды. Қаршадай қыз кальций жетіспеушілігіне байланыс­ты кішкентайынан шалт қимылдаса сүйегі сынатын сырқатқа шалдыққан. Ол денсаулығына байланысты үй­де оқыды. Бос уақытын  қолөнер бұй­ымдарын жасауға арнады. Жасаған дүниесі көздің  жауын алатын талантты қыздың өмірге деген құлшынысы талайға үлгі боларлық. Қасиет енді ісмерлік өнерді де қолға алмақ. Ол үшін белгілі тігін шеберлерінің курсына қатысып, білімін жетілдіріп жүр.
Форум барысында қоғамның өркендеуіне әр салада жүріп, өзінің үлесін қосқан 35 әйел-анаға «Үздік білім қызметкері», «Үздік медицина қызметкері», «Үздік фермерлік және шаруа қожалығының басшысы», «Үздік пошта немесе өндіріс қызметкері» және «Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы» номинациясы бойынша облыс әкімі атынан диплом табыс етіліп, сый-сияпат көрсетілді.
Кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі ерекше артып келеді. Мәселен, аймақта өңірлік кәсіпкерлікті дамыту үшін бюджеті 32 млрд теңгені құрайтын кешенді Жол картасы әзірленді. «Старт-ап» жобаларға 3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде ауылшаруашылық кешенін дамытуға 8,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Өткен жылы екі мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықты біріктіріп, 80 кооператив құрылды. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы облыстық бюджеттен шағын несие­ге 1 млрд теңге бөлініп, 258 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 112 жоба әйел кәсіпкерлерге тиесілі. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан 2017-2018 жылдар аралығында 2,4 млрд теңге болатын несие 760 кәсіпкер әйелге берілген.
Шара соңы мерекелік кешке ұласты. Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Социалистік Еңбек ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың шаңырағына арнайы барып, ел анасына «Ғасыр Ана» номинациясын табыс­тады.
09 желтоқсан 2018 ж. 750 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930