ТІЛГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ
Қазақ тілінің сөздік қолданысында артық сөздер, терминдер көп. Олардың көбісі біздің тілдік нормамызға, тіл тазалығына сәйкес келмейді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс та басталып кетті. Латын әліпбиіне көшу туралы бастаманың қолға алынғанына да біршама уақыт болды. Бұл жан-жақты қолдау тауып, әліпби ауыстырудың жөн-жобалары жасалуда.
Латын әліпбиіне көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және оның қолдану аясының кеңейе түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жоба қазіргі ақпараттық технологиялар заманына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемдегі ең мықты дамыған, өркениеті жоғары 30 мемлекеттің қатарына қосылуға көмегін тигізеді. Келешек үшін маңызды мәселе жан-жақты ойластырылып, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бірнеше жаңа нұсқасы назарға ұсынылып, талқыланды. Оңтайлы шешімге бірқатар зиялы қауым өкілдері мен ел азаматтары қолдау көрсетті.
Қазіргі қазақ тілін дамытудың бір жолы – оның төл табиғатына сай келетін әліпби таңдау. Тіліміздің заңдылықтарына сай әліпби таңдауымыз өзге елдің құқығына қол сұғу емес, бұл қазақ тілінің өзінің ішкі мәселесі, еліміздің өзіндік тіл саясатының бағыты болып табылады.
Біріншіден, латын әліпбиін таңдай отырып, біз адамзаттың ең үздік жетістіктерін игеруге мүмкіндік аламыз. Жаңа технологиялар, инновацияларды тез игеруге болатыны сөзсіз. Өскелең ұрпақ латын әліпбиін меңгерсе, өзге тілдерді аз уақыттың ішінде үйренуіне жол ашылады. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу өткенімізді қайтарумен тең. Қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына кезінде кирилл жазуына көшуіміз кедергі болды. Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған. Шынында, бір ғасыр бойы пайдаланылып келе жатқан кириллица қазақ халқының дыбыстау аппараттарын мүлдем өзгертіп жіберді. Сол дыбыстау аппараттарын да біртіндеп қалыпқа келтіруде латын әліпбиінің әсері болары анық. Әрине, жаңалық болған жерде түрлі сұрақтардың, күмәнді мәселелердің, тіпті қарсы пікірлердің болуы да заңды. Олардың бірсыпырасы әріп пен тілді шатастырудан пайда болған. Мұның барлығы қоғамға ортақ мәселе. Жалпы қай әліпбиді таңдасақ та онда жат дыбыстар болмауы керек.
Тұңғыш Президентіміз бұл турасында: «Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін ерекше атап өтті.
Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймыз. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балалар ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шет елдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ секілді. Бұл қадамның ел келешегі үшін маңызды екеніне сенеміз.
Қарап отырсақ, әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып басқа тілге көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ