ЕРКЕ ЕСІЛГЕ СЫРДЫҢ СЫЙЫ
Кешегі аптада ерке Есілдің тұрғындарына сұлу Сырдың сыйы ұсынылды. Атап айтқанда, Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанында, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысындағы бірыңғай конструкциямен жабылған алаңда өтті.
Сыр елінің елордаға тартуы екі күнге жалғасты. Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан 70-ке жуық шаруа қожалық және кәсіпорындар 30 автокөлікпен 360 тоннаға жуық жоғары сапалы өнім ұсынды.
Бүгінде ауылдағы «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін іске асыру бастамасымен Сыр өңірінің дихандары және ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері бас қалаға жалпы 100 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына нарық бағасынан 10-20% төмен бағада саудаға шығарды.
Белі бүгіліп, жерден несібесін терген барлық шаруалар үшін бұл – қуанышты мезет. Өйткені, көктемде басталатын жұмыс жазда қызып, күзде жемісін көреді. Қызылорданың брендіне баланатын ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауыны мен қарбызынан Арқа төріндегі тұрғындар дәм татты.
Сырбойылықтар жәрмеңкеге 146 тонна ақталған күріш, 27 тонна балық және балық өнімдері, 28 тонна асқабақ, 126,5 тонна бақша дақылдары, 18 тонна көкөніс пен жеміс және 14,5 тонна басқа өнім түрлерін әкелді.
Ерекше атап өтерлігі, тез бұзылатын сүт өнімдері секілді тауарлар рефрижератор көлігімен жеткізілді. Сатушыларға арнайы униформа берілді. Карантин талаптары толық сақталған. Барлығы дезинфекциялық құралдармен қамтылған.
– Жыл сайын Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін асыға күтеміз. Сыр өңірінің басты бренді – күріш пен балығын, тұзды, қауын-қарбызын алуға асығамыз. Биыл да осы жәрмеңкеден қалмауға тырысып, отбасымызбен келдік. Біз ерте келдік дегеннің өзінде көптеген сауда сөрелері босап үлгеріпті. Күріш, қауын-қарбыз, балық, тұздан бөлек, картоп пен ет, құрт-май алдық. Бәрі қолжетімді, өте арзан бағада. Сапасы да керемет. Сонау Қызылордадан астанаға келіп, осындай жәрмеңке ұйымдастырған Сыр еліне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді елордалық тұрғын Айғаным Шопанова.
Атап өту керек, ағымдағы жылы Қызылорда облысы аграрлық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, егіс көлемі – 1,1 мың гектарға артып, 184,2 мың гектарды құрады. Барлық дәндi дақылдар 99,9 мың, майлы дақылдар 5,7 мың, мал азықтық дақылдар 61 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,6 мың гектарды құраса, негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектарды құрады.
Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. 67,5 мың гектар егіс тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілсе, 65,6 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделді. Облыста күрішке орақ салу жұмыстары 22 тамыздан басталды. Бүгінгі күні 24 865 гектар күрішке орақ салынып, оның 16 898 гектары бастырылды. Одан орташа 49,3 центнерден өнім алынуда.
Биылғы әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қатысты карантиндік шаралар мен орын алған суармалы су тапшылығына қарамастан Сыр елінің диқандары былтырғы көлемде өнім жинауды жоспарлауда. Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау көзделіп отыр.
Өңірде жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артса, әртараптандыру бағытында соңғы алты жылда мал азықтық дақылдар 8 мың, майлы дақылдар 6,9 мың, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайып отыр.
Сонымен қатар бүгінгі күнге облыста 227 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 19,7 мың тонна ет, 48,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр.
Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері қазіргі таңда әлемнің 17 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 92,4 пайызы облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі болып, Ресей, Қырғызстан, Беларусия, Әзірбайжан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Украина, Түркмения және Ирак мемлекеттеріне шығарылуда.
Ерке Есілге сұлу Сырдың ұсынған сыйына жалағаштықтардың да мол үлес қосқанын ерекше атап өткен жөн. Сырбойылықтар жәрмеңкеге апарған 146 тонна ақталған күріштің 70 тоннасы – осы Жалағаш ауданына тиесілі.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ