ТІГІН ЦЕХЫ ӨНДІРІС КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТПАҚ
Жалағаштың индустриялық аймағындағы “Өркен-Әлем” ЖШС өз өнімдерінің көлемін ұлғайтып отыр. Бұл тігін цехында өндірілген өнімге соңғы жылдары сұраныстың артқанын аңғартады.
Қазіргі таңда серіктестік ұжымы оқ өтпейін кеудеше өндірісін ұлғайтып отыр. Мұндағы ісмер жандардың қолынан шыққан Бронежабдықтар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге жіберіледі. 38 миллион теңгенің қондырғылары орнатылған цехта бүгінде 55 адам жұмыс жасайды. Олардың барлығы – жұмыспен қамту орталығы арқылы қайта даярланған мамандар.
2017 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын жылына 15 мың дана оқ өтпейтін дулыға, 12 мың дана кеудеше тігуге қауқарлы. Одан бөлек сапер-сарбаздарды снаряд жарықшағынан қорғайтын тұтастай жабық киімдер мен құрылыс каскаларын шығарады. Мұнда шикізаттың басым бөлігі Ресейден тасымалданады.
Аталған серіктестік алдағы уақытта әлі де өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. “Өркен-Әлем” ЖШС директоры Жақсылық Өзденбаев пандемия кезінде де мұнда ауқымды жұмыстың жүзеге асқанын айтады.
– Үнемдеу жарық шамдарын құрастыру жобамызда бар. Құқық қорғау органдарының шлемдері басқаша болады. Соған шлем дайындауға пресс әкеліп, құрылыс бастап дайындап қойдық. Осы қазанның басында келу керек. Пандемия кезінде біз тоқтаған жоқпыз. Қайта халықпен бірге болайық деп бізге шикізат келмей тұрғанда өзіміз 20 мың бетперде тігіп, халыққа тегін тараттық, – дейді Ж.Өзденбаев.
Кешегі төтенше жағдай режимі кезінде “Біз біргеміз” деген ұранмен халыққа қолқабыс еткен серіктестік ұжымы коронавирусты ауыздықтауға өз үлестерін қосты. 20 мың бетперде өндіріп, оны халыққа тегін үлестірді.
Ерлан Созақбаев