» » Ұстазым – ақылшы дос, ой арманым...

Ұстазым – ақылшы дос, ой арманым...

Адам өміріне сәулелі сәт сыйлайтын, балапан кезінен баулитын ұстаздың орны әркез биікте. Әр адамның жүрек төрінде жұлдыздай жарқырап, күллі өмір жолына шуақ шашып, артта қалған балалық шағыңды еске салып, менмұндалап тұратын асыл да аяулы жаныңа жақын ұстаз болады. Білімнің алтын нұрын зердеңе сіңіргені соншалық, кейін сол алған білігің үлкен даңғыл өмір шыңдарына шыққанда саған бағдаршам болып тұратыны ғанибет қой, шіркін! Алдыңнан сан тарау жол ашылып, қай бағытқа барарыңды білмей қиналғанда, сол бір жаны жайсаң, тұлғасы тұғырлы ұстазың ғана саған өмірден өз орныңды табуыңа жол сілтейді.

Менің өмір жолымда ана тілге, руханиятқа, әдебиет әлеміне деген сүйіспеншілігімді оятқан, шығармашылықтың сан қырын ұғындырған, Абай, Шоқан сүйген сұлу тілдің көркемдік құдіретін ұқтырған аяулы ұстаз бар. Осындай өзім кемелді шақта тұрғанда сол кісінің өмірде барына Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Менің ұстазым Күләш Смағұлова – қазір Темірбек Жүргенов ауылының қарт тұрғыны, бір әулеттің салихалы да, сабырлы алып бәйтерегі, ел анасы, жалпақ жұртқа сыйлы, абыройлы жан. Ол 1936 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қаладағы педа­гогикалық училишені, Н.В.Гоголь атын­дағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1957 жылы жаңаталаптық ұстаз Әнуар Садықовпен бас қосып, оқу орнын тәмамдаған соң №117 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке келеді. Көп ұзамай жолдасы Ә.Садықов мектепке директор болып тағайындалады. Жас ұстаз өзінің біліктілігімен тәжірибесін шыңдап, шеберлік қырынан таныла бастайды. Қаншама марапат, құрмет, алғыс еңбекқор жанды өзі келіп тауып жатты. Білім саласының үздігі атағын алғанда да «болдым, толдым» деп тоқырап қалмады.
Осылайша, жылдар жемісін беріп, ұс­таздан тәлім алған шәкірттер үздіктер қа­тарынан көрініп, білім ұясының абыройын асқақтатып, ұстаздың да мерейін көтере берді. Ешқашан асып-таспайтын сабырлы қалпынан ауытқымайтын Күләш апайдың тағылым мектебінен өтіп, талай шәкірт шыңдалды. Бір мектепте отыз екі жыл табан аудармай қызмет жасаған ұстаздың дәрісі әлі күнге көз алдымыздан кетпейді. Мәнермен сөйлейтін қоңыр үні құлаққа жағымды, жүрекке сіңімді, зердеңе зерленіп қалатын. Ол кісі сабақ өткенде бөлмеде сол кісінің әуезді дауысынан бөтен дыбыс естілмейтін. Шығарма жазудың, оны көркемдеудің үлгісін, әдебиет әлемінің құпияларын, сөз саптау мен сөйлем құраудың әдіс-тәсілін Күләш апайымыздан үйреніп, бойға сіңірдік. Адамның бойында тума талант болғанмен, оны ұстазың сезініп, баулымаса, шәкірттің белгілі жетістікке жетіп, танылуы қиын нәрсе. Осы тұрғыдан келгенде, өзімнің өлең өлкесінде шабытымның шарықтауына, шығармашылық бағытта қызмет жасауыма, талантымның танылуына ұстазым Күләш Смағұлованың сіңірген еңбегі зор деп ойлаймын.
Ұстаздық ғұмырында мыңдаған шәкіртті білім баспалдағымен шыңға өрлеткен парасатты педагог – өзінің алтын ұясында 5 перзент тәрбиелеп, одан 13 немере сүйіп отырған әзиз әже. Ол бүгінде 84 жасты бағындырып отыр. Аяулы ұстаз – қазір тамыры тереңге кеткен текті әулеттің ғана емес, өзі тұратын Темірбек Жүргенов ауылы үшін құрметті де, қадірлі жан. Ең ғажабы, дүйім ел құрметтеп, төрге шығарған ұстаз деген қасиетті мамандықтың тұғырын биіктеткен тұлға.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


13 қазан 2020 ж. 992 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031