ҰЛАҒАТЫ МОЛ ҰСТАЗ
Алпыс жасқа табан тіреген кезімде өткен күндерді ойласам болды, менің есіме көбіне бала күндерім көбірек оралады. Өйткені адам баласының ең қызықты, ең есте қалар жақсы күндері сол балдәурен балалық шақта өтеді ғой. Соның ішінде сарыауыз балапан кездегі алғашқы ұстазың мен өзіңнің есіңде ерекше сақталған басқа да ағай-апайларың көбірек ойыңа оралады. Олардың ұмытылмас жарқын жүздері ескі кино ленталарындағы бейнелердей көз алдыңнан үзік-үзік болып өтіп жатады.Сонда сол күндер кеше ғана өткендей, жылы сезімге бөленесің.
Өзімнің алғашқы ұстазым Тұрақ Байболов ағайымнан кейін мектепте аға пионер вожатый болған және өзімізге 1-2 жыл арифметикадан (ол кездерде 6 сыныпқа дейін осы пән оқытылатын) сабақ берген Баян Ерназарова апайды әркез есіме аламын. Оның бірнеше себептері де бар еді. Мен Баян апайды бастауыш сыныпта оқитын кезімде көргенімде соншалықты қатты таңырқағаным бар. Өйткені ол кезде аға пионер вожатыйлардың пионер мүшесі мектеп оқушылары сияқты мойындарына қызыл галстук тағып жүретін тәртіп бар екенін қайдан білеміз. Сонда мен «Өзі үлкен бола тұра 5-6 сынып оқушылары сияқты қызыл галстук таққаны несі» деп ойлағанмын. Апаймен жақын танысуымыз дәлірек айтсам, 1969 жылдың күзінде пионер қатарына қабылданар алдында болды. Бізді пионер қатарына өткізуге сынып жетекшіміз Тұрақ ағай мен аға вожатый Баян апайымыз бастап, барлық ұстаздар қауымы ерекше мән беріп дайындады. Өйтпегенде ше, алдағы 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуын бүкіл КСРО бойынша атап өтуге қызу дайындық жүріп жатқан-ды.
Өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайтын адамдар қандай қоғамда өмір сүрсе де, өте тыңғылықты болады емес пе? Басқа уақытта да өз ісін ұнататын болу керек, Баян апай әйтеуір сол жолы өзі де тыным таппады, небары 2 сыныпта оқитын біздерге де тыным бермеді. Негізі, 3 сыныптан бастап пионер қатарына қабылданады екен. Бірақ В.И.Лениннің 100 жылдық мерейтойына байланысты тәртіпті, жақсы оқитын 2 сынып оқушыларын да қабылдайтын болыпты.Сондықтан апай сабақтан кейін біршама уақыт пионер қатарына өту кезіндегі салтанатты ант беру рәсіміне дайындығымызды жіті тексеріп, жаңылысқан жерлерімізді біздерге ерінбей үйретіп тұрды.
Екінші сыныпта оқитын менің сыныптастарымның көбісі пионер қатарына өтетін болды. Біздің екі сынып қатарларымыздың арасында оқу үлгерімі нашар оқушылар мүлдем жоқ еді. Тек бірен-саран тәртібі жағынан ескерту алатын ерке ұлдар жағынан ғана бірнеше оқушы келесі 3 сыныпта пионер қатарына өтуге қалдырылды. Олардың қатарында вожатый апайымыздың туған бауыры Ердаулет Ерназаров та бар еді. Баян апайымыздың талапшылдығы мен өз ісіне адалдығының сондай кереметтігін біз сол кезде байқамаған шығармыз. Ал енді бүгінгі күндері ойласақ, оның сол жолы бізбен бірге оқитын өзінің ерке өсіп келе жатқан туған бауырын пионер қатарына қабылдауды келесі жылға қалдыруының өзінен оның нағыз педагог-тәрбиеші, адал жан болғанын байқаймыз.
Міне, сол жылдардан бері көп өзгерістер болды, көп адам өмірден өтті. Біз көрген сол адамдардың біразы бүгінде ұмыт болуға айналған. Біздерді тәртіптілік пен адалдыққа тәрбиелеген Баян апайымыздың да өмірден өткеніне көп жылдар болды. Бірақ 2-3 сынып оқушысы кезінен бастап Баян апайдың тәрбиесін алған біздің замандастарымыздың есінде оның өнегелі істері мен жарқын бейнесі ұзақ уақыт сақталады.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі