БІТІМГЕ КЕЛУДЕ БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Өткен аптада ауданда Билер кеңесінің жұмысын жандандыру мақсатында жиын өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бәкіров, Қызылорда облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов, Билер кеңесінің мүшесі Қ.Рашов, Жалағаш аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Т.Темірбаев, Жалағаш ауданы бойынша билер кеңесінің төрағасы К.Сүлейменов және билер кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиында ажырасудың алдын алу, отбасы жанжалдарының себептерін анықтап, дауласушы тараптарды татуластыру шарасын жүргізу жайына ерекше назар аударылды. Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Билер кеңесінің басты мақсаты халық арасындағы ұсақ-түйек дауды сотқа жеткізбей ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен, кеңесімен шешу екенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл игі бастама азаматтармен, сот органдары үшін тиімді екенін және жалпы ел ішіндегі дауласушылық деңгейін азайтуға ықпал ететінін айтты.
Келелі жиында облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов бұрын қазақта түрме, соттың болмағанын, барлық дауларды халықтың өзі сайлаған билер шешкенін тілге тиек етті. Мұнан бөлек ол қазіргі заманда молшылықтың, баршылықтың қадірін түсінбей, ішімдік ішу, ысырапшылдық жасау, үлкенді сыйламау, ұялы телефон, компьютердің, ғаламтордың зиянды салдарынан еңбектен, әдептен алшақтаудан сақтауға, салт-дәстүрімізді ұмытпауға атсалысатын ақсақалдардың, яғни билеріміздің тәлім-тәрбиесінің аса қажет екенін, сондай-ақ ауданға қарасты ауылдық округтерден билер кеңесін құру жөнінде ұсынысын ортаға салды.
Жалағаш ауданы билер кеңесінің төрағасы К.Сүлейменовтың пікірінше, билер сотының сара жолы, беделі мен мәртебесі қазіргі уақытта да қажет. Сондай-ақ ол билердің даналығы мен тәжірибелері туралы айта келе, өңірде үлкен өмірлік тәжірибелері мол құрметті және білімді ардагерлер көп екенін атап өтті, олар жанжалдасқан тараптарды сотқа дейін жеткізбей шеше алатынын да жасырмады. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары билер кеңесінің мүшелеріне куәліктер табыстады.
Айта кету керек, 2019 жылы қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, құқықтық сана мен құқықтық сауаттылықты арттыру, ел тұрғындарының жасампаздық қызметі үшін елдегі медиация мәдениетін дамытуға жағдай жасау бойынша бірлескен және өзара ке лісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру жөнінде Жалағаш аудандық соты мен Жалағаш ауданы әкімі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, ауданда билер кеңесі құрылған болатын.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ