ДАУ МҰРАТЫ – БІТУ
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Сот жүйесін одан әрі жаңғырту» қажеттігін баса айтты. Осы мақсатта облыста сот жүйесінде ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биыл аудандық сот саласында қолға алынған жобалардың бірі – отбасылық сот жобасын жетілдіріп, билер кеңесін құру болды.
Отбасылық сот жобасының мақсаты – түрлі отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешу және отбасы құқығын сақтау. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар пікірін ескерусіз қалдырмау. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды міндетті тәрбиелеу бойынша бірлескен бағдарламалар енгізіп, отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы психологиялық көмек көрсетіп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, қажетті іс-шаралар өткізіп, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар әзірленуде.
Негізі Қазақстанда Жоғарғы сот бастамасымен тұңғыш рет «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жұмыс жасай бастады. Отбасылық соттың аясында қаралып жатқан істердің сапасы жоғарылап, саны азаятыны анық.
Бұрын араздасқан ағайындар арасындағы жанжалға ауылдың үлкендері араласып, туындаған дауды шешіп отырған. Қазіргі кезде дау да, кикілжің де жиілегенін аудандық сот деректерінен аңғаруға болады. Ресми дерек бойынша өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, алимент өндіру, сондай-ақ тұрғын үй, жер, мүлік дауларын құрайды. Оған дәлел қазіргі кезде сотқа түскен арыздың басым көпшілігі аталған даулар төңірегінде болып отыр. Осыған орай аудан әкімдігінде аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев билер кеңесін құру жөнінде бастама көтерген болатын. Қазір ауданда аузы дуалы ақсақалдардан құралған билер кеңесі жұмыс жасайды.
Өңірде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар бар. Осындай ел ағалары, ауыл ақсақалдарынан билер кеңесін құрып, халық арасында орын алатын дау-дамайларды реттеп, бітімгершілікке шақырып отырса, сотқа арызданушылар да азаяды деп сенеміз. Біздің халық дау, сот деген дүниелерден алшақ жүруге тырысады. Сол себепті бұл бастама ата-бабамыздың салтында, дәстүрінде бар дүние десек те болады. Мәселен, соттың міндеті қара қылды қақ жара отырып, заң жүзінде кінәліні жазалау болса, билер кеңесінің мақсаты екі жақты татуластырып, азаматтардың мүдделерін аяққа таптамай, керісінше қос тараптың да ақ батасын алатындай дәрежеде жұмыс жасауды көздейді.
Нақтырақ айтсақ, бұл билер кеңесі дауды шешуде екі тарапты да қанағаттандыратын жағдай туғызса, екіншіден, арызданушылар арасындағы белгілі бір даулы мәселені сотқа дейін шешеді. Осы мақсат-міндеттерді қолдана алсақ, біраз азаматтан түскен арыз-шағымдарды сотқа жеткізбей-ақ шешуге мүмкіндік болмақ.
Біздің сот мамандары көбіне сотқа арызын арқалап келген жас жұбайларды райынан қайтаруға тырысады. Мақсат – отбасын сақтап қалу. Егер алған бетінен қайтпаса, әрине арызы тіркеледі, заң аясында некесі бұзылады. Мұнан бөлек, басқа да отбасылық даулар бойынша талап-арыз саны көбейді. Адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүруі неліктен? Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық емес пе? «Балалығың он бестегі шешеңнен, даналығың алпыстағы әкеңнен» деп Қадыр ақын айтқандай, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халықпыз. Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан жылға даукес болып барамыз. Мұны тоқтату, болмаса қалыптасқан ахуалды мұнан жақсарта түсу өз қолымызда. Демек, билер кеңесі де өз нәтижесін берері сөзсіз.
Жасыратыны жоқ, ел ішінен «сотқа беремін», «соттасып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. Бұрын «Бас жарылса, бөрік ішінде», «Қол сынса, жең ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естірткісі келмеген. Өйткені ондай дау-дамайды бірауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болған деседі. Міне, бабалар ізімен құрылған осы билер кеңесі жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын қарастырды.
Жеңісбек ҚОҢЫРБАЕВ,
аудандық соттың бас маман-аға сот приставы,
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі