Қазақстанда жүргізуші куәлігін алып жүрмегені үшін айыппұл салынбайды
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі.
«Бұл құжат жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау көзделеді. Аталған нормаларды сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау ұсынылады», – деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.Сонымен қатар, бұл түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды. Сонымен қатар, заң жобасында жол салушыларды жолға байланысты құрылыстарды алдын ала келісуге және оларға сараптама жүргізуге міндеттейтін нормалар ескерілді.
«Шығарылған уақыты 10 жылдан асқан автобустарды бастапқы мемлекеттік тіркеуге тыйым салу ұсыналады», – деді депутат.