» » АЛТЫН ДОМБЫРА, АЛТЫН ҰЛ – МАҚТАНЫШЫ ХАЛҚЫНЫҢ

АЛТЫН ДОМБЫРА, АЛТЫН ҰЛ – МАҚТАНЫШЫ ХАЛҚЫНЫҢ

Ұлттық өнерде өресі жоғары тұлға екенін өн бойына дарыған ақындығымен сан мәрте дәлелдеген Мұхтар Ниязовпен жалағаштықтар қалай мақтанса да жарасады. Үш мәрте “Алтын домбыра” айтысында топ жарып, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған саңлағымыз мәдениет саласында мәйекті сөзімен көптің ықыласына бөленді. Осыған дейін бірнеше ауданда болып, қызылордалық ағайынның ақ батасын алған айтыскер ақын бейсенбіде туған жері Жалағашқа табан тіреді.

Кент орталығындағы Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде өткен шарадан алар тағылым мол. Ақынның өмір жолы мен саналы ғұмырын сарп еткен өнердегі жетістігі хақында естеліктер айтылды.
“Алтын домбыра. Алтын ұл” атты кештің ашылу салтанатында аудан әкімі Асылбек Шаменов қасиетті Жалағаш топырағынан халқына қалтқысыз қызмет етер талай саңлақтың түлегенін және бүгінгі кеш иесінің тек аудан ғана емес, аймақ, қалаберді ел намысын қорғауда жастарға үлгі болғанын тілге тиек етті.
– Туған жердің қасиетін қанша жырласаң да, оның даңқын шығаратын, айшықтап, әрілейтін туған жердің өр перзенттері. Бұл ретте Мұхтар сынды талантты ақын ұлы бар Жалағаш топырағы қамықпасы анық. Өзіңіз ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз дәстүрлі айтыс өнерінің алтын жібін жалғап, өскелең ұрпаққа үлгі болып келесіз. Сондықтан сөз қадірін ұғынған сіздей ардақты азаматты жерлестеріңіз қашанда мақтан тұтады. Өлкеміздегі ұлттық өнерді асқақтату жолындағы ерекше үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Өнер жолындағы, өлең жолындағы мерейіңіз үстем болып, шығармашылық шабытыңыз сарқылмай, сәттілік әрдайым серігіңіз болсын, – деді Асылбек Өмірбекұлы.
Айта кетейік, республика деңгейінде ең алғаш “Алтын домбыра” айтысында бас бәйгені жеңіп алып, Сыр халқының мерейін үстем еткен де осы Мұхтар Ниязов болатын. Мәдениет саласында аймақ абыройын асқақтатқан арда азамат былтырғы өткен айтыста да орамды ой, сүбелі сөзімен үшінші мәрте “Алтын домбыраны” иеленіп, Сыр халқына табыс етті. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тізгінін қолға алған Сыр мақтанышы әлі де ұлттық өнерден жырақтап қалған емес.
Ақынмен кездесу кешінде ардагер журналист, абыз ақсақал Кенжеғара Сүлейменов ақынын ардақтаған елге, еліне сәлем беріп келіп жатқан ерге де алғысын білдіріп, осындай шарадан өскелең ұрпақтың үлкен ой түйетінін жеткізді. Сондай-ақ Мұхтар Ниязовтың ұстазы һәм сынып жетекшісі болған Гүлдана Өтеуова айтыскер ақынның оқушы кезінен естеліктер айтып, бүгінде шәкіртімен мақтанатынын жеткізді.
– Бір жылдары қазіргі Есет батыр ауылына белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыз келген болатын. Кездесу кешінде шәкіртім Мұхтар өлең оқып, бойындағы талантымен Тұмағамыздың назарын өзіне аударды. Сонда ол кісі “Елге белгілі азамат бол” деп қолындағы қаламсабын Мұхтарға тарту еткен еді. Одан кейінгі аудан орталығында ұйымдастырылған оқушылар айтысында, мүшәйраларда бала Мұхтардың қарсыластарынан бәсі биік болды. Ағамыздың берген батасы қабыл болып және бойдағы талантты шәкіртімнің шыңдау жолындағы ізденісінің нәтижесінде алдарыңызда ұлттық өнерді ұлықтап, бойдағы талантымен көпке танылған әйгілі ақын тұр деп есептеймін. Өзімді Мұхтардай азаматтың ұстазы болғаныма мақтанамын. Шәкіртімнің алдағы жыр додаларында да абыройы асқақтап, мерейі үстем бола берсін деймін. Әрбіріңіздің отбастарыңыздан осындай елге қалтқысыз қызмет етер жастар шыға берсін, – деді ақынның ұстазы.
Айтыскер ақынмен кездесу кешінде аудандағы жас ақындар үйірмесінің шәкірттері арнау айтып, өнер жолында өздеріне Мұхтар Ниязовты үлгі тұтатынын жеткізді. Сондай ақ жас ақындар айтыс өнерін ұлықтап, қағытпалы қалжың мен импровизаторлық өнерімен көрермен көңілін серпілтті.
Еркін форматта өткен шарада аудан тұрғындары кеш иесіне түрлі сауалдар жолдап, тұщымды жауап алды. Әсіресе көрермендер тарапынан жолданған сауалдар ішінен ақынның айтыс өнеріне алғаш келуі мен мемлекеттік қызметке аяқ басуы хақында қойылған сұрақтарға берілген жауаптан алар тағылым мол. Алғаш айтысқа қатысқан бала Мұхтар сол кезде Қазақстанда ең үлкен сахна Жалағашта деп ойлағанын және осы күні де өзі үшін ең үлкен сахна осы туған жерінде деген түсініктен айнымағанын жеткізді. Яғни ол үшін өнерге алғаш қадам басқан туған жеріндегі әрбір естеліктердің құнды болуы қайда жүрсе де Жалағаштың төл перзенті екенін мақтан тұтатынын аңғартады.
Өнер иесімен кездесу кешінде аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы мен айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жалағаштық жас ақындардың өлеңдері енген “Жауқазын жырлар” атты кітаптың тұсауын кесті. Қалың оқырманға жол тартқан тың туынды аудан өнермаздарының ақындық өнерге деген талабын шыңдары сөзсіз.
Кешті қорытындылаған Бұқарбай батыр ауылының ардагерлер кеңесі төрағасы Қабыланбек Нұрмағанбетов ақсақал айтыскер ақынға батасын беріп, аудан абыройын асқақтатқан азаматты облыстың құрметті азаматына ұсыну мәселесін көтерді. Қазыналы қарияның ұтымды ұсынысының аудан халқы тарапынан бірауыздан қолдау табуы да заңдылық. Себебі Мұхтар Ниязов ұлттық өнерде тек бір ғана ауылдың не бір ғана ауданның атынан емес, жалпы облыс абыройын асқақтатуда оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Алтын ұлдарың алып берген “Алтын домбыраңыз” құтты болсын, Сыр елі!

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

01 ақпан 2021 ж. 441 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930