Жыл құстары келді ме?

Өзен-көлдерді жағалап жүріп қуат көзі жоғары электр сымын суға салып, балықты тоқпен ұрып алатындарды естігенде де аза бойың қаза болады. Әлгі су астына салған электр тоғының жойқын қуаты тек балықты ғана емес, сол көлдегі барлық жыбырлаған жәндікті өлтіріп тастайтын көрінеді. Жоғары кернеулі электр күші дәу жайындардың өзін соққанда жағаға лақтырып жібереді екен. Ал ағысы қатты өзендердегі тоқтан аман қалған балықтардың өзі уылдырық шашу қабілетінен айырылып қалады дейді...
Біз, адамдар туған жерді сүюді құстардан үйренуіміз керек сияқты. Сол қанатты мақұлықтар күз келсе туып-өскен жерін қимай бірнеше мәрте айналып ұшады да, жылы жаққа бет түзейді. Жылы жаққа болғанда, еліміздің қысы жұмсақ өңірі емес, мұхит асып 20-30 мың шақырым қашықтықты артқа тастап, Африка, Үндістан секілді елдерге жетеді. Енді қараңыз, ол жақ та оларға жайлы, жем-суы мол мекен. Қалып қоюға болады ғой. Жоқ, олар ол жақта тұрақтап қалмайды. Біздің елде көктем шыққанда олар да өздерінің туып-өскен жеріне жолдағы қаншама қиындықтар мен кедергілерге қарамастан қанатын талдырып, соншалықты сағынышпен ұшып жетеді. Өзен-көлдеріне қиқулап келіп көлбей қонып, сол маңайды думанға бөлейді, даланың, табиғаттың сәнін кіргізеді. Оларды туған жеріне тартқан соншалықты қандай күш сонда?
Құстардың досы бала мен ақын ғой. Құсты жырына қоспаған ақын жоқ шығар, сірә! Мұқағалидың мына өлеңін тебіренбей отырып оқу мүмкін бе? Қараңызшы:
Үлпілдеген, үрпиген үкім менің,
Жыл құстарын сағынып, күтудемін.
Көз алмай шұбатылған құс жолынан,
Бүкіл елім күтуде, бүкіл жерім.
Қырларым да күтуде, дөңдерім де,
Сағынады бізбенен көл де бірге.
Үкім менің, қарашы, жыл құстары
Келеді екен қайсы ендік белдеуінде.
Қараторғай, қарлығаш, тырналарым,
Қашан бізге әкелер жыл хабарын?
Қашан қонар зергерлер – аққу, қаздар
Әшекейлеп көлдерін, жылғаларын.
Қашан болар тоғайда ән сабағы,
Ән салады, қашан кеп жан самалы?
Қашан мынау жайқалып емен, терек,
Жапырақтар жабыла қол соғады?
Айлар өтті қолыма қонғанына,
Еріксіздік басына орнады ма?!
Тұтқын болып отырмай тойда мына,
Ораласың сен қашан орманыңа?..
Ендеше, үлкен жүректі ақын соншалықты асығып, аңсап, сағынышпен күткен құстарды біз неге басқаша қарсы аламыз?
Қай күні ауылдағы бір ағамыз биыл жыл құстарының кешігіп жатқанын айтты. Жолын тосып жүр екен. Сағынып күтіп жүрген жоқ. Мылтығын асынып алып, қамыс арасынан аспанға көз сала аңдып, көл жағалап жүр. Ал енді сол әдемі тіршілік иелері бір күндері бізден, қандықол қарақшылардан күдерін үзіп, сол кеткен жағынан оралмай қалса ше?
...Мамыр айы жақындап келеді. Бұл киіктердің, соның ішінде ақбөкеннің төлдейтін мезгілі...
Қуат АДИС