АҢНЫҢ КИЕСІ АУЫР ЖАЗА АРҚАЛАТАДЫ
Ерте заманда Арқа даласында ақбөкендер өргенде жер қайысады екен. Өткен ғасырдың ортасына дейін киік қазақ даласының кез келген пұшпағынан кездесетін еді дейді үлкендер. Ал бүгінде сол жануардың тұқымы тұздай құрып бара жатыр. Арқадан ауғандары ынсапсыз аңшылардың қарауылына ілінді, сайын далада қалғандарын аспаннан төгілген гептил жалмап жатыр. Амал жоқ, тұқымын сақтап қалу үшін мемлекет киік атаулыны қамқорлығына алып, «Қызыл кітапқа» енгізді. Алайда қаруланған қаныпезерлерге «Қызыл кітап» та кедергі келтіретін түрі жоқ, жапан даладағы жәудір көз жайраңдарды қынадай қырып жатыр. Тіпті оларға қорған болатын қорықшылардың өзіне бүгінде аңшылықты пайда табатын кәдуілгі кәсіпке айналдырған ашкөздер қауіп төндіріп отыр...
Бала күнімізде түнемелік ауылға екі-үш көлік келіп үй-үйді аралап жүріп киік сататын. Әр «ЗИЛ»-дың қорабындағы сықап тұрған «тауар» бір сағатта-ақ өтіп кетеді. Әр көлікте кемінде 50-60 бас ақбөкен жатады. Ата жолымен ат мініп, құс салып, ит жүгірткен кәсіби аңшылардың жөні бөлек. Ал аң аулауға жол талғамайтын шетелдік жүйрік көлікпен, шүріппесін бір басқанда ұңғысынан өлім оғын жаңбырша жаудыратын автоматты қарумен шығатын браконьерлердің әңгімесін тыңдасаң аза бойың қаза болады. Олар аңшы емес, қисапсыз киікті аяусыз қырып салатын ынсапсыз қаныпезерлер. “Дәніккенен құныққан жаман”. Оққа ұшқан жабайы жануарды өз қорасындағы малындай пұлдап, пайда тауып дәндеген адам аңшылық барысында ештеңеден де тайынбайды. Киіктің киесі бар. Олардың бір мезгілде «қашып», бір мезгілде туатыны да таңғалдырады. Қарақұмды жайлап, қыстайтын ақбөкендер бір шұңқырға жиналып бір мезгілде төлдейді. Ондай сәтте жануардың аналық сезімі адамнан кем болмайтын көрінеді. Қанша қауіп-қатер төнсе де лағын тастап кетпейді екен. Жауыздықта да шек болмайды ғой, кейбір қандықол аңшысымақтар сол мезгілді аңдып жүріп азан-қазан жамырап жатқан дала жануарларын жусатып салатын көрінеді. «Обал-сауапты, ынсапты білмейтін нағыз жыртқыш – адам ғой» деп отырушы еді көрші ақсақал...
Сол бала күнімізде үйдегі «Россия» деген радиодан Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киігін» әнші Әлмырза Ноғайбаевтың орындауында тыңдайтын едік. Әннің әсері шығар, сол пластинканы қайта-қайта қоямыз. Бала болсақ та, көздері мөлдіреген даланың ерке жануарының аянышты халі тұла-бойымызды шымырлататын. Қазір қазақ даласы бұрынғы табиғи байлығынан айырылған, киік некен-саяқ. Бұрындары Қызылқұмның ішінде қоян да ырғын еді. Осыдан он, он бес жыл бұрын ауылдың жігіттері дария жағасына бір барғанда 200-300 қоянға дейін әкеледі деп естігем. Қай күні Алматыдан ауылға қыдырып келген досым таңнан кешке дейін жүргенде бір қоян да кезіктірмеген соң аңшылықтың ырымын жасап, екі-үш оғын ауаға атып қайтыпты...
Былтыр бір қорықшы қызмет барысында жүріп браконьерлердің қолынан қаза тапты. Бұндай қайғылы жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Лайым, осы соңы болсын деп тілейік. Бірнеше күн бұрын бір жылға созылған қылмыстық іске нүкте қойылып, адам өліміне қатысы бар азаматтарға сот үкімі шықты. Бірақ сотталушылардың жақындары соттың шешімімен келіспей отыр. Өмір бойы түрмеге жабу ауыр жаза екенін айтып, істі қайта қарауын өтінді. Бұл жайында әлеуметтік желілерде де түрлі пікірлер жүр. Бірі қылмыскерлерге кесілген жазаның ауыр екенін айтса, енді бірі оны құптайды. Тіпті біреулер жазасын өмір бойы түрмеде өтейтіндердің артындағы балаларына обал екенін, сондықтан оларды темір торға тоғытпай-ақ, қайтыс болған адамның отбасына өтемақы төлеумен шектеу керектігін жазыпты. Сонда өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде жазықсыз мерт болған адамның жетім қалған балаларын кім ойлайды? Кешірім бере салатын олар аңшылықта жүріп қорықшыны байқаусызда атып алған жоқ қой. Қанағатсыз қу құлқыны үшін аңды аяусыз қырып және өз қызметінің шеңберінде заңмен қорғалған аңдарға араша түскен орман шаруашылығының қызметкерін жабыла сабап, соққыға жықты. Ауыр жарақаттың салдарынан ол бейбақ ауруханада көз жұмды. Сосын бұл жерде қасақана адам өлтіру фактісі ғана тіркеліп тұрған жоқ. Заңсыз аң аулап, құжатсыз қару ұстағандардың да жазасы жеңіл болмайтынын есі кірген балаға да дейін біледі қазір. Кейбір елдерде қорықшыны өлтірмек түгіл, аулауға тиым салынған аңға оқ атқандарды өлім жазасына кеседі. Тіпті ормандағы талдың бір бұтағын сындырып, табиғатқа залал келтіргендер он жылды арқалап, абақтыға кете барады.
Әрине, бүкіл өміріңді түрмеде өткізген оңай емес. Ондай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бірақ психологтар адам өзі жасаған қылмысының жазасын өтемесе келешегіне кесірі тиетінін айтады. Нақақтан адам қанын төгуді шариғат та құп көрмейді. О дүниеде арқалайтын күнәсінен бөлек, шариғат үкімі адам өлтіргендерді бұл дүниеде де кешірмейді.
Бір ағамыз аңға фотоаппаратпен серуен үшін шығу керек дейтін. Иә, тұмса табиғаттың тылсымы көп. Сұлулықты да, тазалықты да, тәртіпті де, әділеттілікті де, ең аяғы заңдылықты да адам табиғаттан үйренді. Ендеше, жай құмарлық үшін аңға шыққанда қарумен қосып, фотоаппаратты да алуды ұмытпаған жөн секілді. Өйткені сен алдыңнан аң қашқанда қуғынға құмарлығың оянып, тылсым табиғаттың кереметтерін аңғара алмай қалуың мүмкін. Ал аңшылықтан оралған соң объективке ілінген жабайы табиғаттың кереметтерін, ондағы аң мен құстың қас-қағым сәттегі ғажап қимылдарын асықпай қайталап көруге мүмкіндік туады және сол фото суреттер мен бейнежазбаларға түскен жануарлардың да тіршілік үшін жанталасқан табиғаттың бір тірі бөлшегі екенін жан-тәніңмен түйсінесің...
Қ.ЖАНАЙ