ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Мұндай жағдай қазір біздің елімізде де жасала бастады. Үлкен қалаларды айтпағанда, аудан мен ауылдық елді мекендерде де ойын алаңдары бар. Таяуда ғана аудан орталығынан балаларға арнап жаңа ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Айналасы қауіпсіздік үшін сәнді темір қоршаумен қоршалған бұл маңай қазір күні бойы адамнан босамайды. Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған «әткеншек», «айналмақ», «сырғанақ», «таразы», «үйшікке» кезек-кезек мініп, мәз-мәйрам болған балалардың қуанышында шек жоқ.
Айта кетейік, балаларға қуаныш сыйлаған бұл ерекше ойын алаңын өз қаржысына салған «Nomad Solar» ЖШС.
– «Бар жақсылық – балаларға». Бұл қай қоғамның да басты ұраны, ұстанымы болуы тиіс. Біз де осындай ұстанымның негізінде осы ойын алаңын салып, бүлдіршіндерді қуантқымыз келді. Өйткені еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан да біз көп жағдайда олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Балалар ойнайтын, тіпті ересек адамдардың өзі демалатын алаңдарды көптеп салуымыз керек. Бұл құрылысқа 16 миллион 776 мың 520 теңге қаржы жұмсалды. Ойын алаңына орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары сапалы және біздің тарапымыздан балалардың жан-жақты қауіпсіздігі де ескерілді. Алдағы уақытта да жергілікті әкімшілікпен бірлесіп жүзеге асыратын осындай жобаларымыз бар, – дейді «Nomad Solar» ЖШС-ның менеджері Марат Әмірсейітов.
Расында қазірде аталған алаңда асыр салып ойнаған бала көп және олардың бал-бұл жанған жүздерінен шаттықтың лебі еседі. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?!
– Біз ата-ана ретінде осындай ойын алаңының салынғанына қуаныштымыз. Өйткені қазіргі балаларда қимыл-қозғалыс жоқ, дене белсенділігі өте төмен. Олар таңнан кешке дейінгі уақытын теледидардың алдында немесе планшетті құшақтап отырып өткізеді. Сондықтан біз балаларымыздың денсаулығына қатты алаңдаушы едік. Енді міне, осы ойын алаңы ашылғалы екі баламды кешке қарай осы жерге әкеліп ойнатамын. Қызығушылығы зор, қайтқысы келмейді. Екі сағат болса да баламыз планшеттен босап, миы, көзі тынығып, күні бойы құрысқан тұла бойы жазылып, ойы сергіп қалады. Ауданымыздағы осындай игілікті істердің жасалуына себепші болып жатқан аудан басшысына алғысымыз шексіз, – дейді Жанар Мәлікқызы.
Қуат АХЕТОВ