Бокс: Қазақстан қыздары сегіз алтын алды
Бокстан Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан қыздар құрамасы он салмақтың сегізінде алтын, бір-бірден күміс пен қола медаль алды.
Осылайша жалпы командалық есепте бірінші орын алды.
Айта кетейік, қазақстандық құрама сапынан Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Милана Сафронова (64 келі), Валентина Хальзова (69 келі), Фариза Жолтай (81 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) алтын медаль алды.
Ал Валентина Кухта (57 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты. Оған қоса Марина Вольнова (75 келі) ел құрамасына қола медаль сыйлады.
Құрлықтық додада өзбекстандық боксшы қыздар бір алтын, бес күміс пен екі қола медаль алды. Ал үндістандық боксшылар бір алтын, үш күміс және алты қолаға қол жеткізді.
Құрамалардың медаль алу көрсеткіші төмендегіше:
- Қазақстан – 8-1-1
- Өзбекстан – 1-5-2
- Үндістан – 1-3-6
- Индонезия – 0-1-0
- Моңғолия – 0-0-3
- Тәжікстан – 0-0-2
- Филиппин – 0-0-1
- Шри-Ланка – 0-0-1
- Кувейт – 0-0-1
- БАӘ – 0-0-1.