АУДАН ӘКІМІ А.ШАМЕНОВТЫҢ 1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті балалар, қадірменді ата-аналар!
Баршаңызды бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызды бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.
Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор.
Білім саласының дамуы, бақытты балалық әрдайым біздің назарымызда және қамқорлығымызда. Уақыт өткен сайын білім саласының дамуындағы стратегиялық бағыттар айқындалып, нақты атқарылатын жұмыстар белгіленуде. Әрбір халық ұрпағымен көктеп, ұлтымен өркен жаяды десек, біздің де Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы балаларымыздың болашағымен тікелей байланысты екені баршамызға белгілі. Кез-келген ата-ананың өз балаларының бақыты жолында еткен еңбегі сол елдің ертеңіне қосқан үлесі деп білуіміз қажет.
«Болашақ бүгіннен басталады» деп дана халқымыз бекерге айтпаса керек. Балаларға көрсетілетін жан-жақты көмек, оларға берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақының бір жүйеге келтірілуі - кемел келешегімізге жасалатын құтты қадамдар. Себебі егемен еліміздің тұтқасын ұстайтын бүгінгі бүлдіршіндер, еліміздің ертеңі біздің балаларымыз.
Біздің ауданымызда да жарқын елдің кішкентай азаматтарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан көлемінде мектепке дейінгі мекемелер қатары көбеюде. Сонымен қатар аудан орталығынан балаларға базарлық ретінде заманауи ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. «Бар жақсымыз балаларға» дегендей алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылып, балалардың бос уақытын тиімді өткізудің барлық қажетті жағдайларын жасайтын боламыз.
Құрметті жас достар!
Біздер үшін, бұл өмірде Сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашқан қуаныштарыңызды көруден асқан бақыт жоқ.
Атаулы мерекемен баршаңызды тағы да құттықтаймын. Егемен еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ ата-аналар мен ұстаздар қауымынан алған тәлім-тәрбиесін ел болашағына жұмсайды деген сенімдемін. Осынау дәстүрлі қалыптасқан мереке біздің балаларымыздың жүрегіне қуаныш ұялатып, асқақ мұраттарға жетелейді.
Балаларымыздың жүзінен күлкі кетпесін, мереке мерекеге ұлассын!