» » ҚАЛЫПТАСҚАН СЕРПІН – НӘТИЖЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

ҚАЛЫПТАСҚАН СЕРПІН – НӘТИЖЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Бейсенбіде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді. Аймақ басшысы алдымен коронавируспен күрес бағытында атқарылған нақты жұмыстарға тоқталып, кешенді шараларды уақытылы ұйымдастыру нәтижесінде өңірде дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталып, жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Гүлшара Наушақызы пандемия қиындығына қарамастан бірқатар салада өсім қалыптасқанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің арқасында жағымсыз салдарды азайтып, экономиканың даму қарқынын сипаттайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамиканы қамтамасыз ете алдық. Атап айтқанда, осы жылдың 5 айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 12,8 пайызға, ауыл шаруашылығында 2,5 пайызға өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік саны 7,3 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі де 62,5 пайызға артты. 198 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артық, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, аймақта жалға берілетін 945 пәтерлік 54, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 үйдің құрылысы салынуда. Биыл облыс бойынша әлеуметтік осал топтарға арналған тағы 342 пәтер мемлекеттік бюджет есебінен жекеменшік иелерінен сатып алынады.
Брифингте облыс әкімі өңдеу өнеркәсібінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Биыл Шалқия кен орнында тау-кен байыту фабрикасының және кальцийленген сода зауытының құрылысын бастау жоспарланды. Екі нысан арқылы өңірде 2239 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында құны 543 млрд теңгеден асатын 41 инвестициялық жоба жүзеге асты. Шамамен бұл 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Отандық инвесторлармен бірге қызанақ өнімдерін өндіру, ет және жұмыртқа өндірісі бойынша құс фабрикасын салу жобалары, шетелдік компаниялармен бірлесіп тері мен жүн өндеу қолға алынады. Сонымен бірге алдағы кезеңде инвесторлармен күріш сабанынан целлюлоза өндіретін кәсіпорын құру жоспарланған. Мұнан бөлек халықаралық компаниямен чех технологиясын қолданып, сусындар мен шырындар шығару бағытында екіжақты келіссөздер жүргізілуде.

Брифингте өңірдің негізгі мәселесінің бірі аяқсуға байланысты суды тиімді пайдаланудың жолдары айтылды. Бұл ретте аймақ басшысы Сырдария бойындағы жыл сайынғы су жіберуді қамтамасыз етуге басымдық беріліп, су тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкімет Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.

– Біз ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе егінді әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Сондықтан ылғалды қажет ететін дақылдардың, атап айтқанда, күріштің егіс алқаптарын төмендету бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте ылғал аз қажет ететін соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтып жатырмыз, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қабылдануда, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысының сөзінше, алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 58 млрд теңгені құрайтын 76 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның 42-сі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Биыл 8,7 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жыл басынан бері егін шаруашылығында 4, бал арасын өсіру 2, мал шаруашылығында 2 жоба жүзеге асқан.

Аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында жыл басынан бері 13,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 4000-нан астамы – тұрақты жұмыс орны. Ал жұмыспен қамту орталықтары арқылы жыл басынан бері 468 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр қабылданған 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы аясында кәсіпкерлікке 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 400 жоба ұсынылған. 2020 жылы 7 млрд теңгені құрайтын 89 жоба іске асып, 1047 жұмыс орны құрылған. Биыл 14 млрд теңгені құрайтын 96 жоба іске асырылып, нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ Карта шеңберінде 16 тойхана қызметін өзге бағытқа ауыстырған.

Облыс әкімі өңірде апатты мектептерді жою және жаңа мектептер салу бастамаларына да тоқталды. Бүгінгі таңда өңірде осындай 3 мектеп бар. Оның біреуі іске қосылады, ал екіншісін салу жалғасады. Жыл басында анықталған тағы бір апатты мектеп бойынша қазіргі уақытта жобалық құжаттама әзірленуде. Брифинг соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің бірқатар сауалына жауап берді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ


12 маусым 2021 ж. 1 097 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930