Қызылорда облысында төтенше жағдайдың енгізілуіне не әсер етуі мүмкін? Мамандар түсіндірді
Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Жауын-шашынның аз болуынан, өңірді қуаншылық жайлап отыр. Төрт-түлікке қажетті шөп шықпаған, мал азығы қоры да жоқ. 13 ауылдың жайылымдық жерлері 90 пайызға дейін жарамсыз болып қалған. Қазір мамандар топырақтың құрамын зерттеуге кірісіп кетті. Егер де жайылымдық жерлер құнарсыз деп танылса, ауданда төтенше жағдай жарияланбақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осы жылдың мамыр айында Арал ауданында жаппай мал қырылуы орын алған болатын. Шаруалар жалпы 500-ге жуық ірі қараларынан айырылғандарын айтып, дабыл қаққан еді. Мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде төрт-түліктің қырылуына шөптің аздығы мен судық сапасыздығы себеп болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Қазір өлекселерден алынған сынамалар әлі де зерделеніп жатыр.
"Биыл қыс пен көктемде Арал ауданында жауын-шашын мөлшері жылдағыдан аз болды. Соның кесірінен жайылымдық жерлерде шөп шықпай, малдың қырылуына әкеліп соқтырды. Бүгінгі күні ауданда облыстық ветеринария басқармасының мамандары жұмыс жасап жатыр. Уақытында қолға алынған шаралардың нәтижесінде, мал өлімі тоқтады. Ветеринарлар арнайы сараптамалар жасауда. Судан да сынама тест алынды. Қазіргі күні нәтижесін күтудеміз", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.
Төрт-түлігінен айырылған шаруаларға өтемақы мәселесі әлі толықтай шешілген жоқ. Заң бойынша, кәсіпкерлер мал қауіпті індеттен жаппай қырылса ғана, мемлекеттік көмекке иек артады. Ал бұл жерде фермерлер тек сақтандыру полисінен ғана қаржылай қолдауға ие бола алады. Алайда мамандардың айтуынша шаруалардың басым көпшілігі төрт-түліктерін заңдастырып, құжаттарын рәсімдемеген.
"Қазір Арал ауданы үш категорияға бөлініп тұр: қызыл, сары және жасыл. "Қызыл" аймаққа 13 ауыл кіруде. Мұнда жайылымдық жерлердің 90 пайызы күнге күйіп, жарамсыз болып қалған. Биылғы жаздың аптап ыстығынан мал иелерінен бөлек, бақташылар да жапа шегіп отыр. Егілген егіс күйіп кетіп жатыр. Оның үстіне, Сырдария өзеніндегі судың көлемі де төмендеп кетті", - деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.
Қазіргі күні аралдық шаруаларды аудандағы мал азығының жетіспеушілігі де алаңдатып отыр. Жоңышқа мен жем көрші аудандар мен Аөтөбе облысынан тасымалдануда. Күні бүгінге дейін 1000 тонна жоңышқа мен 40 тонна жем жеткізілген. Өзекті мәселені шешу үшін ұдайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады.
"Қазір үш аумақтың да топырақ сынамалары зерттеліп жатыр. Егер де топырақтың құрамы зертханалық түрде дәлелденсе, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құжаттарды жолдайтын боламыз. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланып, тиісті шаралар жүзеге асатын болады. Ең бірінші кезекте 17 каналды тазартып, жайылымдық жерлерге скважин құбырларын жүргізу қолға алынатын болады", - деп атап өтті Еркін Әбішев