» » Елбасы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Елбасы Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Мерекелік іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Жоғары технологиялы музыкалық-хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары қатысты.  
Сондай-ақ Қазақстан Президенті «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралап көрді. Мұнда музыкамен әрленген театрландырылған көріністер қойылып, декоративті-қолданбалы шығармашылық көрме және ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылды. 
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының және халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дәстүрі мен мәдениетінің символына айналғанын айтты.
– Наурыз шынайы жалпыхалықтық мерекеге, әрбір азаматымыздың бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын көрсететін ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғыруды танытатын бұл қастерлі мерекенің өнегелік маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
– Ежелден бұл мейрам адамдарды береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шаттыққа бөлеп келеді. Бұл күндері біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өкпе-ренішімізді кешіреміз, үйлесімділік пен бірлікке ұмтыламыз. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптастырып, өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайту бәріміз үшін аса маңызды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында басты барлық бағыттар бойынша зор нәтижелерге қол жеткізгеніне ерекше назар аударып, бүгінде еліміз одан да өршіл мақсатты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.
– Өміріміздің барлық саласын терең жаңғырту – осы заманның сын-тегеуріндеріне қарсы біздің нақты іс-қимылымыз. Әлемдегі жаңа технологиялық революция жағдайында  адам капиталы, соның ішінде азаматтарымыздың білімі, қабілеттері мен патриотизмі еліміздің басты байлығы болып саналады. Ақылды, табысты және өзіне сенімді азаматтары бар ұлт қана мықты әрі өркендеген Қазақстанды дамыта алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндік беретін «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.
– «7-20-25» атты жаңа ипотекалық бағдарламаның арқасында еліміздің барлық өңіріндегі көптеген отбасы баспаналы бола алады. Жеңілдетілген шағын несиенің берілуі өз кәсібін бастаймын дегендердің қатарын көбейтеді. Қосымша 20 мың грант бөліп, жаңа жатақханалар салу арқылы мыңдаған жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады. Осы айтылған нақты шаралар – жастар мен жас отбасыларды қолдаудың көрінісі. Сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің әл-ауқатын арттыруға тың серпін беріледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.           
Соңында Елбасы Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі.

akorda.kz

22 наурыз 2018 ж. 1 026 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930