» » Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданы Ақкөл ауылында ұлт реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1917 жылғы санақтан кейін «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз» деп сүйіншілейтін алаштың адал перзенті, әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына бүгін 149 жыл толды.

Ұлт реформаторы деген ат Ахаңа ғана жарасатындай. Бұл сипатты оның ардақты есіміне еш қымсынусыз, еш қомсынусыз, еш пафоссыз, еш жасандылықсыз қосып айтуға болады. ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан сияқты пассионарлар шықпағанда бүгінгі кезеңге қандай кейіпте жететінімізді елестетудің өзі қиын…

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін ұлтсыздандырудың сұрапыл дауылына ерте бастан дайындап, артында өшпес із қалдырғаны үшін әр қазақтың көңілінде аяулы есім болып сақталған. Оның 1910 жылдан бастап дайындаған әліпбиі бүгінге дейін Қытай қазақтарының ұлттық графикасына негіз болып отыр. Араб графикасының негізінде түзген сол әліпби Ыбырай Алтынсарин кезеңінен қалған «миссионерлік әліпбидегі» қазақ әуезіне жат әріптерді шығарып, бүкіл графиканы үндестік заңына бағындырғаны тарихтан белгілі. Оның көз майын тауысып жазған «Оқу құралы» мен «Тіл құралын» тілтанушылар, ал «Әдебиет танытқышын» әдебиетшілер әлі күнге дейін темірқазық етіп келеді десек, артық айтпаспыз.

Ахмет Байтұрсынұлының есіміне тұңғыш деген тіркесті жалғай отырып, ұлт үшін істеген еңбегін тізсек, екі қолдың саусағы жетпес. Төл әліппенің тұңғыш авторы, тұңғыш терминолог, тұңғыш фонетик, тұңғыш лексиколог, тұңғыш әдебиеттанушы, тұңғыш публицист деп кете береді. Ол ойлап тапқан терминдер арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, жаңа мазмұнға ие болып, қазақ тілін шұбарланудан сақтап келеді. Тек соны пайдаға жаратып, ұтымды қолдануға талғамымыз бен ыждаһатымыз жетпей жатады.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Осы бір сөзі оның қазақ журналистикасына қалдырған өсиеті іспетті. Ол редакторлық еткен 4 жылда «Қазақ» газеті қазақ даласына өркениеттің сәулесін шашқан шамшырақ болды.

Өзінен ширек ғасыр бұрын туып, бір дәуірде жасаған Абай Құнанбайұлының тарихи өлшемдегі әлеуетін дәл бағалап, «Қазақтың бас ақыны» деген мақала жазған да осы Ахмет Байтұрсынұлы болатын.

Ұлт реформаторының ағарту ісіндегі даңқты жолы 1882 жылы ауыл мектебінен басталған еді. 1890 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген.

1895-1909 жылдарда Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде мұғалімдік қызмет атқарып, 1909 жылы саяси көзқарасы үшін Семей түрмесіне жабылып, жер аударылады.

1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды.
1918-19 жылдары Алаш Орда қатарында Әлихан Бөкейханмен тізе қосып, қазақты өркениет көшіне сүйреді.
1919 жылы Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалып, 1922-25 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі ретінде қызмет істеді.

1925-29 жылдары Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды.
1929 жылдың маусымында қамауға алынып, Архангельск облысына жер аударылды.
1934 жылы Максим Горькийдің зайыбы Екатерина Пешкованың қолдаухатымен босатылып, Томскіде айдауда жүрген жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралады.

1937 жылы тамыз айында қайта қамауға алынып, 8 желтоқсанда «Халық жауы» деген жаламен атылды. Оның ардақты есімі тек 1988 жылы ғана ақталды.

Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты тұлғалардан қалған пассионарлық жолды жалғаған Ахмет Байтұрсынұлының көзіндей бір ғимарат Ресей Федерациясына қарасты Орынбор қаласының Чичерин көшесінде тұр. Былтыр жазда сол ғимарат саудаға қойылды деген ақпарат тарап, кейін Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса бірнеше құзырлы органға депутаттық сауал жолдаған болатын. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы таратқан мәліметке сүйенсек, бұл ғимарат қазір ресейлік азаматтың иелегінде. Астрахандағы Қазақстан консулдығы мен Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қоры сол ғимаратты сатып алып, Ахмет Байтұрсынұлының мұражайы етуге күш салуда. Бұл іс 2022 жылға дейін шешімін тапса, Ахаңның 150 жылдығына таптырмас сый болар еді.
05 қыркүйек 2021 ж. 326 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930