Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл
Рухани көсем, тамаша ақын, шебер аудармашы, өнертанушы, композитор, ғұлама ғалым, ұлық ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық, білім-ғылым, мәдениет саласын жаңашылдықпен биік сатыға көтерген ардақты есім. Сонымен қатар қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуы үшін көп еңбек сіңірген қайраткер. Ол өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі...Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», деп жазып, оқудың қоғамды өзгертуші күш екендігін, әділетсіздіктің көбі білімсіздіктен туындап отырғандығын тап басып, дұрыс көрсетеді. Жасыратыны жоқ, «ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы өнер мен мәдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші болып, батыл қадамдарға бара алды.
А. Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына нақты мүмкіншіліктер тудырған бірден-бір ғалым екені бәрімізге белгілі. «Ана тілі» деген терминді де өзі ұсынғанын біз естен шығармағанымыз жөн. Ғалымның «Әліпбиі» мен «Оқу құралы» тұңғыш әліппеміз болса, оның бірнеше рет қайта басылуы сол кездегі білім беру жүйесі үшін ауадай қажет құндылықтарға айналғанына көз жеткіземіз.
Ұлы ғұламаның оқу-ағарту ісі мен білім-ғылым саласында жасаған қызметі тарихымызда теңдесі жоқ «феномендік құбылыс» деуге болады. Неге десеңіз, егер бүгінгі «Қазақ тіл білімі» деген сала үлкен бір ғылымның бір тармағы деп танылатын болса, осы саланың алғашқы танымдары, терминдері, ұсынылуы мектеп оқулықтарынан, оның ішінде А.Байтұрсынұлы дүниеге әкелген «Тіл – құралдан» басталады. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам – құралы сай ұста, не істесе де келістіріп істейді»,-деп, өзі айтқандай, қоғам қайраткері бар білімін, ілімін, күллі қару-құралын тіл түрлеуге келістіре жұмсап, ана тілімізді ең бай, ең сұлу тілдердің деңгейіне көтерді. Әлемдегі бірде-бір тілде қазақша баламасы табылмайтын бірде-бір сөз жоқ деп білді. Сіресіп, тіресіп тұрған терминдер ғалымның аузынан шыққанда, жібектей есіліп жүре берді. Міне, ұлы ағартушының тіл тарапындағы ұстаздық ұлағаты осындай болса, әдебиет саласындағы тәрбие мектебі де осымен сабақтас.
Оның «Әдебиет танытқышы» енді қаз тұра бастаған көбең әдебиет түгілі, әлем мойындаған кемел әдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек болғаны баршамызға аян. Туған топырағымыздағы әдебиет теориясының басы болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы, ең басты бағалылығы – әдеби терминдердің басым көпшілігінің қазақша берілуінде жатыр.Ғалым өз еңбегінде әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына тән сөздерді шып-шырғасын шығармай түгелдей қазақша балама табады. Баспасөзде, оқулықтарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген – Ахмет Байтұрсынұлы екенін айту – тарихи әділет. Бұл – бұл ма, кітаптағы өлең тану категорияларын, қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ағартушының даналығына, әрбір сөздің «сымға тартқан күмістей», қазақ тілінің өз табиғатынан, қазыналы қойнауынан табылғанына таң қаласың. Әдебиет теориясының терминдерін, талдау жүйелерін қазақша күмбірлете сөйлетіп, ғылыми тілдің деңгейін сол кезде көтеріп тастағанын біз бүгін мақтаныш ете аламыз. Қысқасы, бұл еңбектерде эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін есте ұстағанымыз абзал.
Түйіндей келе, бүгінгі ұстаздар, әріптестерім, жас ұрпаққа бағыт-бағдар, білім беретін зиялы қауым А.Байтұрсынұлының әдістемелік ұстанымдарын жақсы меңгерсе, оқушыны жалықтыратын «жансыз оқулықтардан» арылатын едік...
Қорытындыласақ, жаны жайсаң, ары мөлдір бұлақ, ұлтқа, өркениетке сіңірген еңбегі телегей теңіз болған Ахмет Байтұрсынұлының «феномендік құбылысын» бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Теңіз суының дәмін тамшысынан тануға болатыны секілді, ұстазымыздың ғалым ретіндегі болмысы жан-жақты ашылған сайын, халқымыздың парасатты перзентінің өзіндік, ешкімге ұқсамайтын сарыны, көзқарастары, еңбектері жаңа қырынан танылары сөзсіз. Қаламгердің ақыл-парасаты, қажыр-қайраты, лингвистикалық ой тереңдігі мен ұлы тұлғасы дәуіріміздің дара тұрған һәм кемеңгері болып қала бермек.
Салтанат Орынтайқызы, №123 мектеп-лицей мұғалімі,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
Жақсылық Жаннұр, 11-сынып оқушысы