» » Гүлшара Әбдіқалықова: Ыбырай Жақаевқа берілген марапат қарапайым еңбек адамын бағалаудың үлгісі болды

Гүлшара Әбдіқалықова: Ыбырай Жақаевқа берілген марапат қарапайым еңбек адамын бағалаудың үлгісі болды


Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ақ күріштің атасы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Ыбырай Жақаевтың ұлы, еңбек ардагері Сейітбек Жақаев, Ресей Федерациясының, Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының белгілі ғалымдары, аймағымыздың атақты еңбек ардагерлері мен ауылшаруашылық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияда аймақ басшысы «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың күріш дақылын өсіру, оны күтіп-баптау ісіне қосқан еңбегін ерекше атап өтіп, Ыбырай Жақаевтың еңбегін бүгінгі күні ізбасарлары жаңғыртып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Ежелден тарихы бай Сыр өңірінде елі мақтан етер біртуар тұлғалар жетерлік. Солардың арасынан даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев әлемге қазақтың еңбекте орасан зор табысқа жете алатының дәлелдеп кетті. Туған жер төсіне қайың кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын жазып қалдырды. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың кеңестік кезеңдегі еңбек адамына берілетін ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын екі дүркін иеленуі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы қарапайым еңбек адамын бағалаудың үлгісі болды», – деді облыс әкімі.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы іс-шараға қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тілеп, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру ісіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Конференция барысында Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Қамбарбек Мүбараков «Қазақстанның күріш шаруашылығын дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Күріш федералды ғылыми орталығының профессоры, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Максим Ладатко мен Өзбекстан Республикасындағы Қарақалпақ дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар Ғылыми зерттеу институтының ғылыми тәжірибе станциясының ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Есбосын Садықов өңірлеріндегі күріш өсіру бойынша селекциялық жұмыстар барысы мен осы бағыттағы өзара әріптестік мүмкіндіктерін таныстырды.

Шарада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы Ғылыми зерттеу институтының басқарма төрайымы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаева елімізде мал азықтық дақылдарын өсірудің озық технологияларын сөз етсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы Ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Теміржан Айтбаев картоп және көкөніс бақша салаларын дамыту және қолдау шараларын тізбектеді. Мұнан кейін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Серікбай Өмірзақов Арал өңірінің су шаруашылығы саласындағы проблемаларды шешу жолдарын, ал Қазақ топырақтану және агрохимия Ғылыми зерттеу институтының басқарма төрайымы Раушан Рамазанова Қызылорда облысының топырақ құнарлылығын арттыру жолдарын саралады. Сондай-ақ, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин Ғылыми зерттеу институтының төрағасы Бақытжан Дүйсембеков күріш дақылының ауыспалы егістігінде зиянды организмдерге қарсы өсімдік қорғау шараларын тиімді қолдану технологияларына талдау жасап, аймағымызда барлық ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге мүмкін деп тұжырым жасаса, «Өндірістік микробиология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерік Шорабаев ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын биологиялық препараттары туралы баяндады.

Іс-шара соңында облыс әкімі бірқатар сала үздігі мен егін шаруашылығы мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдарға Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған арнайы төсбелгіні табыстады.

Айта кетейік, өңірімізге даңғайыр диқан мерейтойын атап өтуге арнайы келген қонақтар облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы институтының жұмысымен танысады. Сондай-ақ, іс-шара аясында атақты күрішшінің ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізілді.

Еске салсақ, осыдан 5 жыл бұрын даңқты диқанның 125 жылдық мерейтойы аясында Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының жаңа ғимаратының құрылысы салынды. Мұражайда Ыбырай атамыздың кезінде тұтынған жеке заттары мен еңбекте өзіне серік еткен кетпен, соқа, орақ, шалғы басқа да құнды дүниелері қойылған. Сондай-ақ, «Ақ күріштен тау тұрғызған Нар тұлға», «Дән патшасы, ақ күріштің атасы – Ыбырай», «Тұғырда тас мүсін емес, тарих жатыр» тақырыптарында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мұнан бөлек, Қызылорда облысында «Жақаев ізбасарлары» деген атаумен танылған азаматтардың жалғасы ретінде жастардан құрылған «Жақаевшылар ізбасарлары» қозғалысы ауылдық ұжымдарда еңбек етуде.

29 қараша 2021 ж. 173 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930