Ревакцинация үшін неге QazVac қана қолданылып жатыр?
Ревакцинация жасағысы келетін қазақстандықтарға вакциналау пунктерінде тек отандық QazVac ұсынылып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, «Спутник V» вакцинасы ревакцинацияға жарамайды. Себебі компоненттері әртүрлі.
«Ревакцинация кезінде компоненттері бірдей вакцина егіледі. Ал «Спутниктің» бірінші және екінші компоненттері әртүрлі. Сол себепті Қазақстанда ревакцинация үшін компоненті бірдей вакцина қолданылады», – деді Цой үкімет кулуарында.
Мұндай вакцинаға қазақстандық QazVac жатады.
Сондай-ақ, Цойдың сөзінше, ревакцинация үшін бір компонентті «Спутник Лайт» вакцинасын да қолдануға болады. Бірақ, ресейлік препарат әзірге елімізде жоқ.
«Бізге жеткізілген соң, қолжетімді болады. Қазір препаратты жеткізу туралы келіссөз жүріп жатыр. Екі жолын қарастырып отырмыз – біздің зауытта өндіру немесе Ресейден әкелу. Қайсысы жылдам, соны қарастыру үстіндеміз», – деді ол.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі ревакцинация тактикасын өзгерткен болатын. 8 желтоқсаннан бастап вакцинаның екі дозасын алған, сондай-ақ, коронавируспен ауырып шыққан барлық адам 6 айдан кейін қайта вакцина салдыруға тиіс.